Әл-Фарабиден Низамиге дейін
Шығыс әдебиетінен «Ләйлі-Мәжнүн», «Хұсрау-Шырын», «Сырлар қазынасы», «Хамса», «Жеті ару» сынды айшықты әсемдікпен өрнектерген туындыларымен орын алған, ортағасырлық шығыс руханиятының шоқтығы биік ойшылы, әзірбайжан халқының классик ақыны Низами Гәнжауидің 880 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті.
«Руханият сабақтастығы: әл-Фарабиден Низамиге дейін» тақырыбындағы халықаралық конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті ұйымдастырды. Айтулы ғылыми шараға ИЫҰ Жастар форумының Еуразиялық аймақтық орталығының басқарма төрағасы Елчин Әскеров, Қазақстандағы Әзірбайжан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамогланов, Әзірбайжан Республикасы Ғылым академиясының Қолжазбалар институтының директоры Теймур Капемли, АР Ғылым академиясының Қолжазбалар институтының хатшысы, филология ғылымдарының докторы Азизаға Наджафзаде, Әзірбайжан Жазушылар одағының хатшысы, жазушы-драматург Ильгар Фахми, әл-Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев, ҚР БжҒМ ғылым комитетінің Философия және саясаттану институты, философия бөлімінің меңгерушісі Аяжан Сағиқызы және конференция модераторлары – философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнур Құрманалиева және университеттің басқа да оқытушылары мен ғалымдары қатысты.
Конференцияда әл-Фараби мен Низами шығармаларындағы рухани сабақтастық мәселелері жайлы баяндамалар жасалды. Ал әл-Фараби кітапханасы Әбу Насыр әл-Фараби және Низами Гәнжауидің шығармаларына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды.
Мәрия МАЙЛЫҚҰТОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті