Жалпыадамзаттық құндылықтардың бала тәрбиесіндегі мәні

Рухани-адамгершілік тәрбие ерте балалық шақтан бастау ала отырып, адам өмірінің әр кезеңдерінде жүйелі дами келе, осы тәрбие үдерісін дұрыс ұйымдастыру нәтижесінде рухани бай, дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеуге өріс ашады. Адам өзін-өзі тануға ұмтылыс жасағанда ғана бойындағы мүмкіндіктері мен қабілетін аша алады. Өзін-өзі таныған адам ғана өзін-өзі тәрбиелеп, өмірдегі жолын дұрыс таба алады.

 

 

«Мен сәбилердің жастайынан үнемі дені сау және бақытты болу өнерін меңгергендерін, білім алып есейгендерін, адамзатқа қызмет ету жолында өмір даналығы мен бақыт табуларын, өздерінің кім екендіктерін, не үшін өмір сүретіндіктерін және қандай нәрсеге талпыну керектігін ұғынуын қалаймын. Әрбір адам өзін тануы қажет», – дейді «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы.

Мектепке дейінгі кезеңде жалпыадамзаттық құндылықтарға сәйкес баланың жеке тұлғалық мәдениетінің негіздері қаланады. Сондықтан баланың бойына туған-туысқандары мен жақын адамдарына сүйіспеншілік, айналасындағы жанды-жансыз дүниеге қайырымды көзқарастары мен сезімталдық сияқты адамгершілік сапаларын қалыптастыру аса маңызды. Жеке тұлғаны қалыптастыру үрдісі адамгершілік, еңбексүйгіштік, ізеттілік, шыншылдық, жауапкершілік, әдептілік және басқа да адами қасиеттерді дамытуды көздейді. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын балабақшаның білім мазмұнына интеграциялау – жеке тұлғаның жалпыадамзаттық құндылықтарын дамытып, қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беруді пәндермен интеграциялау – бұл білімді жандандыру, оның рухани-адамгершілік мәнін ашу, жалпыадамзаттық құндылықтарға және әр түрліліктен ұқсастықты ажыратуға негізделген, барлық пәндердің синтезі. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында интеграцияны жүзеге асырудың негізгі жолы – интеграцияланған сабақтар болып табылады. Біздің «Өзін-өзі тану» балабақшасында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудің пәндермен интеграциясы бес білім беру саласы бойынша жүзеге асырылады. Олар: «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет». Әр білім беру саласының өзіндік мақсат-міндеттеріне сәйкес «Өзін-өзі тану» пәнін интеграциялай отырып баланың түрлі жағдайда өзін-өзі көрсетуіне, өзін ашуға, жеке тұлға ретінде бойындағы барлық қасиеттерді бірлікте және үйлесімдікте дамытуына зор мүмкіндік алады. Әрбір сала бойынша интеграцияланған оқу қызметтерінде түрлі әдіс пен тәсілдерді пайдалану қажет. Мысалы: ұйымдастырылған оқу қызметінің құрылымын былай талқылауға болады:

І бөлімде проблемалық жағдайлар болғанда оны шешу үшін балаларды белсенді іс-әрекетке қызықтыра шақыру. Мысалы: «Ағаш неше жыл өмір сүреді?».

ІІ бөлімде балалар өздерінің сұрақтарына көрнекіліктерге сүйене отырып жауаптарын алады. Бұл жаңа материал, жаңа білім. Өсімдіктің өсуі және өмір сүруіне адамдардың қамқорлығы мен сүйіспеншілігі қажет, сонымен қатар сөздікті байыту мен белсендіру бойынша, табиғатқа мұқият қарауды дамыту бойынша жұмыс жүріп жатқаны жайлы айтылады.

ІІІ бөлім алдын ала немесе игерілген ақпаратты бекітуге материалды жетілдіруге қызмет, практикалық жұмыс және дидактикалық ойын беріледі.

Мұнда негізгі акцент белгілі бір білімдерді игеруге қаншалықты көңіл бөлінсе, соншалықты рухани-адамгершілік қасиеттердің дамуына да көңіл бөлінеді. Интеграцияланған оқу қызметтері балалардың шығармашылық белсенділігін міндетті дамытуды болжайды.

Ересектер тобында «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» білім беру саласы бойынша «Құстар – біздің досымыз» тақырыбында оқу қызметі ұйымдастырылды. Шара балаларды табиғатқа мұқият қарауға үйрету, құстарды қорғауға, туған өлкеге сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу мақсатын көздеді. Міндеттеріне тоқталар болсақ, олар үш бағытта. Білімділік бағытында «Құстар» тақырыбы бойынша білімдерін бекіту және құстарды жапсыруға үйрету; дамытушылық бағытында балалардың шығармашылық қабілеттерін және жапсырмаға қызығушылықтарын дамыту; тәрбиелік бағытында құстарға ұқыптылықпен, сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу көзделді. Артынша шаттық шеңбері жасалып, тәрбиеші балаларға ұяның суретін көрсетіп, онда кімнің тұратынын сұрайды. Тәрбиеші: «Ұя – бұл құстардың балапандарын өмірге алып келетін үйі», – деп түсініреді. Және бір-біріне суретті беріп: «Қараңдаршы, ұя қандай екен?», – деп сұрайды. Балалар суретті шеңбер бойымен бір-біріне береді және құстардың ұясы қандай болу керек екенін анықтайтын сөздерді ойлап табады: жылы, сенімді, жақсы, т.б.

Одан бөлек, «Кім қайда тұрады?» дидактикалық ойынын өткізуге болады. Тәрбиеші ережені (көктемгі суретке тек жыл құстарын отырғызу, ал қысқы суретке тек қыстайтын құстардың суреттерін жапсыру керек екенін) түсіндіріп, «Неге құстарды жыл құстары және қыста қыстайтын құстар деп атайды?», «Құстар қыста қалай өмір сүреді?», «Олар қандай қиыншылықтармен кездеседі?», «Сен құстарға қалай көмектесесің?» деп балалардың ойын білу мақсатында сұрақтарын сұрақтар қояды. Тәрбиеші мен балалар арасында сұрап-жауап әдісі жүргізіледі. Балалармен бірге әуенмен және санай отырып сергіту сәтін жасау да маңызды.

Сергіту сәтінің үлгісі:

«Торғай, торғай, торғайсың,
Жақын неге қонбайсың?
Жем шашайын тойып ал,
Сонда сен де тоңбайсың».

Тәрбиеші балаларға ермексаздың бір бөлігінен оны соза отырып құстың түрін жасауға болатынын түсіндіреді. Баланың таңдаған құсын жасау үшін оның жеке бақылаулары негізінде оны сомдай алуы керек және таңдалған құсқа ұқсас құс болуы үшін табиғи материалды пайдалану қажет. Бұл тұста ұнтаспа қосылады. «Құстардың дауыстары», «Құстар сарайы» балалар жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады. Тәрбиеші балалардан құстарға не үшін көмектесуіміз керек және оларға неге қамқорлық жасауымыз керек екендігі туралы сұрайды. Балалардың жауабы тыңдалып, талқыланады. Артынша қазақтың халық әні «Қарлығаш»-ты тәрбиешімен бірге қосылып шырқайды.

«Қарлығаш-ай, қарлығаш,
Қызыл тамақ түйме бас.
Құйрығын тізген маржандай
Қанатың өткір қанжардай,
Қандай жақсы ойнайсың».

Балабақшада рухани-адамгершілік білім беруді интеграциялау бойынша жүргізілетін жұмыстар: күнделікті таңертеңгі шаттық шеңберлері (балалар, ата-аналар, педагогтер); рухани-адамгершілік бағыттағы балалармен әңгімелер, пікірталастар; классикалық және халық музыкасын тыңдау; рухани- адамгершілік тақырыптағы көркем әдебиетті оқу; рухани-адамгершілік тәрбие бағытындағы фотоматериалдар, отбасылық қабырға газеттері, балалар мен ата-аналардың шығармашылық жұмыстарының көрмелері; ата-аналармен бірлескен мерекелер, акциялар өткізу; Кеңес үкіметінің рухани маңызы зор мульсериалдарды тамашалау, слайд-фильмдер, фильмдер көру, аудио жазбаларды пайдалану және т.б.

Күн сайын таңертең балабақшада балаларды қабылдау сәлемдесуден, әр баланы күлімсіреп және жылы шыраймен қарсы алудан, ата-аналарға жақсы тілектер айтудан басталады: «Қайырлы күн, бүгінгі күніңізге сәттілік тілейміз!», «Күніңіз жақсы өтсін» деген жақсы игі тілектерден басталады.

Таңғы жаттығу – баланың өзін-өзі жақсы сезінуіне көмектеседі, қимыл-қозғалыстың жылдамдығын арттырады. Әдемі әрі мықты, дені сау болып жүруге талпындырады.

Таңғы ас, түскі ас, бесін ас, кешкі ас – балалардың сәйкес дұрыс тамақтануы мен үстел басында әдепті сақтауға, нанға деген құрметті білуге, асқа рахмет айтып, құрмет көрсетуге баулиды.

Серуен – балаларды рухани-адамгершілік сапада тәрбиелеуге мол мүмкіндік береді. Серуен кезінде балалар табиғаттың әсемдігін бақылайды, қоршаған ортамен таныса отырып еңбекке араласады және ойын ойнайды. Осы іс-әрекеттер баланының өзіндік дамуына септігін тигізе отырып ішкі рухани құндылыққа жетелейді.

Ұйқы – балалардың ағзасы мен денсаулығына пайдалы жан тыныштығы және ұйықтар алдында киімдерін ұқыпты жинауға, айналасындағы ұқыптылық пен тазалыққа қуана қарап бір-біріне «Рахмет», «Өтінемін» деген сөздерді айтып,сыпайы болуға да тәрбиелейді.

Ұйықтар алдында тәрбиеші міндетті түрде балаларға рухани-адамгершілік тақырыптағы ертегілер, әңгімелер, мысалдар оқиды. Ертегі кейіпкерлерінің бейнелерінде айқын көрінетін рухани-адамгершілік ұғымдар балалардың шынайы өмірінде және жақын адамдармен қарым-қатынаста бекітіліп, баланың қалауы мен іс-әрекеті реттейтін моральдық стандарттарға айналады, өзін аша білуге, өзін жан-жақты болуға тәрбиелейді.

Күннің екінші жартысында балалардың өз қалаулары бойынша түрлі бағытта жеке жұмыстар жүргізіледі. Осы жұмыстар арқылы бала өзін қоршаған заттарды қоғамдағы барлық мамандық иелерінің еңбегінің нәтижесі деп қабылдайды. Бұл түсінік мектеп жасына дейінгі баланың материалдық және рухани құндылықтарға сыйласымдылық қатынасын орнатады, жауапкершілігі, ұқыптылығы артады. Ақиқат ашылады.

Кеште – тәрбиеші әр баланы жымиып, жылы жүзбен шығарып салады.

Сонымен қатар рухани-адамгершілік бағыттағы «Жақсы мен жаман», «Дос болайық», «Достық деген не?», «Еңбекқор бол», «Мейірімділік жүрегімде», «Сиқырлы сөздер», «Біздің көмегіміз кімге керек?» атты балалармен әңгімелер, пікірталастар өткізіледі. Барлық топтарда өткізілетін «Мейірімділік сабақтары» балаларға адамдардың тәжірибесін түсінуге, жаман мен жақсыны ажырата білуге тәрбиелейді.

Балабақшадағы шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс (ойындар, сахналау, сурет салу, топтық плакат жасау және т.б.) – бұл барлық топ жасайтын барлық бала кезекпен сурет салуға қатысатын ойын немесе балалардың көз алдында өздері үйренген құндылықтарды арттыратын іс-әрекет түрі. Жалпыадамзаттық құндылықтарды балалардың бойына топтық іс-әрекеттің түрлері арқылы сіңіруге болады, олар арқылы өздерінің ішкі түрткілері, асқақ ойындары, кішігірім шығармашылық жұмыстары арқылы әрекет етеді. Шығармашылық жұмыста ата-аналармен бірге «Күз Сыйлықтары», «Менің отбасым», «Мен және менің достарым», «Бөбекке ғашық жан», «Мейірімділікке толы жүрек», «Асыл жүрек» атты көрмелер мен байқаулар, жобалар ұйымдастырылады. Мұның бәрі балалардың бойында шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік бере отырып, ересектер мен балалардың бір-біріне жақындасуына ықпал етеді.

Балаларға арналған мерекелік іс-шаралар, театрландырылған және мерекелік қойылымнан туындаған эмоционалды көңіл-күй баланың ішкі рухани-адамгершілік әлемін қалыптастырады.

Ойын-сауық – бұл балаларды оқыту мен тәрбиелеудің ең жақсы негізі болып табылады. Олар қоршаған ортадағы жаңаны тану қажеттілігін тудыра отырып, өрісін кеңейтеді,шығармашылыққа, әсемдікке, өнерге баулиды. Ал, балабақшадағы қойылымдардың пайдасы: өзіне деген сенімділігін бекітеді, шығармашылық тұрғыдан ойлауға итермелейді, ажырата білу дағдысын дамытады және өз іс-әрекетін өзгелермен үйлестіру дағдысын қалыптастырады.

Сонымен қатар балабақшамызда «Ынтымақтастық» ата-аналар клубы бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс атқарып келеді. Мұнда ата-аналар түрлі іс-шараларға қатыса отырып, қайырымдылық акцияларда белсенділік танытады. «Жақсылық Аллеясы», «Жеңіс үшін рахмет!», «Жақсылық жаса», «Қыста құстарды тамақтандырыңыз!», «Ізгі тілектер ағашы», «Алғыс Марафоны» атты қайырымдылық акцияларына атсалыса отырып, «Бөбек» орталығының да «Ата-аналар университеті» секілді бірқатар іс-шараларына қатысады. Жыл сайын ата-аналармен бірге «Жеңіс үшін рақмет!» қайырымдылық акциясы, яғни ардагерлер кеңесімен ынтымақтастық жұмыс та жүргізіліп келеді. Бұл – ардагерлер кеңесінің, балабақша мен ата-аналардың бірлестігі, оның мақсаты – өскелең ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу, ардагерлерге құрмет көрсету және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері үшін алғыс сезімін білдіру.

Бала дүниеге келгенде бойында жалпыадамзаттық құндылықтар салынып келеді. Біздің міндетіміз – оларды ашу. Мектепке дейінгі жас – әр адамның өміріндегі жарқын, ерекше бет. Мектепке дейінгі балалық шақ – баланың бастапқы тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуын ұғыну және өз даралығын аша білу әлемі. Сондықтан да әр адам өзін аша білуі керек.

Айнұр ҚАПАНОВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану» балабақшасының педагог-психологы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий