Жаңартылған білім – уақыт талабы
Елдің өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы.
Білім беру мазмұнын жаңарту білім берудің қазіргі заманғы үрдістерін және қазақстандық білім берудің үздік практикасын кіріктіруге бағытталған. Шындығында оқытушының алдында білім алушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік тұр. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.
Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. Ұстаз – білім алушылар үшін қандай да бір пән бойынша білім беретін адам ғана емес, сондай-ақ олардың оқудағы еңбегін қызықты, тиімді ұйымдастыра алатын, оларға үлгі болатын ерекше тұлға болуы керек. Соңғы жылдары педагогикалық теорияда және оқу-тәрбие үдерісінде айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Білім берудегі жаңғырту мен инновациялық үрдістердің жалғасуына ықпал етудің маңызды факторының бірі педагогтің кәсіби шеберлігі.
Сонымен жаңаша білім беру жағдайында ұстаз қандай болуы тиіс: педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген; тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған; толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Педагогтерге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Солай бола тұра «кәсіби шебер» түсінігіне пәндік, дидактикалық, әдістемелік, психология-педагогикалық білім мен дағды ғана емес, педогогтің жеке тұлғалық потенциалы, кәсіби құндылықтары да жатады. Осы айтылғандарды жинақтай келіп, педагог – рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық-әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құзыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани-адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға болу керек деп тұжырымдауға болады.
Бұл бағытта педагогтердің біліктілігін арттыру – басты мақсат болып табылады. Осы орайда Алматы қаласы бойынша «Өрлеу» БАҰО» ұйымдастыруымен өткен «Орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту» атты педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған курстарында алған біліміміз мол болды, әсіресе, білім беру жүйесінде педагогтер алдына жаңа міндеттер қойып, оларға үн тастады. Сондықтан да әр пән оқытушылары, өзінің сабағында әр түрлі тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың білім сапасын арттыру ең басты мәселе.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Жаңа білім беру бағдарламасы сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, оның тиімді стратегиялары) үйретеді. Кез келген оқу ордасы – білім алушыға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады.
Мысалы, «Өзін-өзі тану» адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжінің білім алушылары колледж қабырғасында жаңартылған білім бағдарламасымен қатар, ерекше «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасымен интеграцияланған білімдерін өмірінде пайдалана біледі. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Әрине, білім алушылардың бойына жаңа ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, ұстаздар тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, алдына келген білім алушысы үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді педагогтер ғана жұмыс істей алады.
Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің: «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса», – деген ілімін негізге ала отырып, білім алушылардың бойындағы қабілетті жетілдіріп, оларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы отырмыз. Сондықтан жас ұрпаққа азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, көпмәдениеттілік, денсаулық сақтау және экологиялық тәрбие беру рөлінің күшейтілуі, білім ұйымдарының білім алушының әлеуметтендірудегі рөлі артып отыр. Әлемдік білім беру жүйесіне негізделген осындай басым бағыттар ұрпақты озық, саналы дара тұлға деңгейінде қалыптастырады.
Жадыра САДВАКАСОВА,
«Өзін-өзі тану» адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжінің оқытушысы
