«Бірге талқылайық!» кітап оқу жобасы өз жұмысын бастады

«Анаға тағзым» орталығының «Інжу-маржан» әдеби үйірмесі мен М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институының бірлесуімен «Бірге талқылайық!» жобасы қолға алынған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасындағы қазақ әдебиетіне, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, рухани-адамгершілік тәрбиені қалыптастыру, – деп хабарлайды М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің баспасөз қызметі.

Аталған жоба жоспарға сәйкес, айына бір рет жүзеге асады. Іс-шара барысында ортақ шешіммен таңдалған шығарманы талдау, оған қатысты пікір білдіру, кейіпкерлерге сипаттама бере отырып, өмірмен байланыстыру мазмұнындағы пікірлер ортаға салынады. «Бірге талқылайық!» жобасы «Ұстаз» институының «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы Кумисбекова Жазира Науатбекқызының бастамасымен, аталған мамандық студенттерінің қатысуымен үстіміздегі жылдың қараша айының 4-інде алғаш шымылдығын түрді.

Отырысымыз Әзілхан Нұршайықовтың махаббат тақырыбындағы «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасына арналды. Пікірталасқа «Інжу-маржан» әдеби үйірмесінің жетекшісі Ғалия Абылай, «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы Жазира Кумисбекова, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының студенттері белсене ат салысты. Пікірталастың басты мақсаты – сіздер мен біз болып өткен тарихымыз бен бүгінгі заманға дейінгі қазақ тіліндегі жазушыларымыздың махаббат шығармаларын оқудағы қазіргі жастарымыздың көзқарастары мен ойларын ортаға салу. Махаббат дегеніміз не, оның түрлері, бұрынғы мен қазіргінің махаббатын салыстыру, махаббат тақырыбындағы шығармаларды оқыту арқылы жастарды сүйіспеншілікке, сүюге, мейірімділікке шақыру.

Пікірталасты барысында төмендегідей сұрақтар аясында ой-талқы өрбіді.

  1. Жас жеткіншекті дұрыс жолға бастайтын, әсерлі, өнегесі мол, махаббат, достықты жырлайтын туындыны оқығанда қандай әсерде болдыңыз?
  2. Қазіргі кездегі махаббат қандай? Ә.Нұршайықовтың кезіндегі махаббаттың ХХІ ғасырдағы махаббаттан айырмашылығы бар ма?
  3. Шығармадағы Ерболдың адамгершілігі мен Меңтайдың инабаттылығы, ұстамдылығы, сабырлылығы қазіргі заманда өмір сүріп жатқан ұлдарымыз бен қыздарымызды таба аламыз ба?
  4. Меңтайдың образынан өзін көре алған қыздар бар ма? Немесе еліктеушілік сезім пайда болды ма?
  5. «Қызыл көрпе» деген кезде ойыңызға не түседі?
  6. Шығармадағы достық, уәде беру, серт беру жағдайларына көзқарасыңыз қандай?
  7. Шығармадағы дана, ақылды «АНА» бейнесіне тоқталсаңыздар?
  8. Шығарманың соңында жазушы Меңтайдың өлімімен аяқтайды. Сол туралы ойларыңыз?
  9. Сіз шығарманы қалай аяқталғанын қалар едіңіз?

Барлық қатысушылар берілген сұрақтар төңірегінде тұшымды ойларын, ашық пікірлерін еркін түрде ортаға салды. Соңында болашақ ұстаздар анаға деген махаббатын «Ана туралы жыр» әнін хормен орындау арқылы жеткізді. Осылайша бұл жолғы «Бірге талқылайық!» кітап оқу жобасы өз мәресіне жетті. Саналы да сапалы, білімді елдің қашан да еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Келесі кездесу желтоқсан айында өтпек. Ол кездесуде Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романы талқыланбақ. Сондықтан да осындай сүйіспеншілікке, ізгілікке, мейірімділікке, достыққа, адалдыққа шақыратын шығармаларды көп оқып, «Бірге талқылайық!» кітап оқу жобасына қатысуға шақырамыз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий