«Балдәурендегі» республикалық кездесу Ы.Алтынсаринге арналды
Қазақта қолына «Әліппе» ұстап, «Кел, балалар, оқылық» деп сауатын ашқан баланың барлығы Ыбырай (Ибраһим) Алтынсариннің есімін жақсы таниды. Ғұмырын халық ағарту ісіне, мектеп ашып, кітап бастырып, бала оқытуға арнаған ұлт педагогі Ыбырай Алтынсариннің туғанына қазан айында 180 жыл толды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезім мен өз еліне деген сүйіспеншілігін, адамгершілік сезімдерін дамытуға тиіспіз», – деп атап көрсеткен. Елбасының осындай міндеттерін орындау үшін мектеп табалдырығынан аттаған оқушылардың бойына имандылық, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерімен бірге сабырлылыққа, қайырымдылыққа, талаптылыққа, терең ойлылыққа және басқа да қасиеттерге сабақта, сабақтан тыс кезде көркем шығармаларды оқыту арқылы оқушы бойына дарытуымыз керек.
Көркем әдебиеттегі кейіпкерлердің іс-әрекеті, бейнелері, оқиғалары баланы сан қилы сезімге түсіріп ойландырады, қуантады, кейбір әрекеттерден аулақ болуға жетелейді. Балаға жастай дұрыс тәрбие беру – бүкіл дүниежүзіндегі педагог-ғалымдардың ескі замандардан бері үлкен көңіл аударып, айрықша көтерген мәселесінің бірі. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласынан оларға үн қосушы тұңғыш қазақ педагогі – Ыбырай Алтынсарин. Ұлт ұстазының мерейтойына орай «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында биылғы 14-ауысым барысында 5-7 сынып оқушылар арасында Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Кел, балалар, оқылық…» тақырыбында ақындар мен мәнерлеп оқу шеберлерінің Республикалық кездесуі өтті.
Ауысымның міндеттерінің қатарында XIX ғасырдың көрнекті ағартушысы, этнограф, ақын, прозашы, аудармашы Ы.Алтынсариннің қызметін зерттеуге өскелең ұрпақтың қызығушылығын ынталандыру, балалар мен жасөспірімдер арасында ғылыми білім мен зияткерлік-шығармашылық қызметті насихаттау, сондай-ақ оқушылардың адамгершілік-патриоттық тәрбиесіне ықпал ету көзделген. Ауысым барысында оқушылар арасында мәнерлеп оқу, арнау өлеңдер және эссе жазу байқаулары өтті.
Соның бірі – Ы.Алтынсариннің өлеңдерінен «Менің сүйікті өлеңім» атты мәнерлеп оқу сайысы. Сайыс талаптары бойынша қатысушылардың таңдаған шығармаларының байқау тақырыбына сәйкестігі, шығарманың өзіндік ерекшелігі, логикалық байланысы, композициясы мен актерлық шеберлігі қарастырылды. Мәнерлеп оқып, жеңімпаз атанған келесі оқушылар: Гүлімжан Амангелді (Шымент), Арсений Шестаков (Алматы қаласы).
Ал «Қалам үлгісі» атты авторлық шығармаларды мәнерлеп оқу байқауында өлең, прозадағы өлең, поэма жанрлары қарастырылды. Шығармаларды бағалау барысында эмоционалдық, дикция мен мәнерлік айтылуы сынды критерийлерге мән берілді. Арнау өлеңдер жазу арасында атанған жеңімпаздар: Сырымбет Оразбек (БҚО), Нұрханым Сағындық (Жамбыл облысы).
Эссе жазу барысында балалар ақын аталарының еңбегі мен шығармашылығына тоқталып, өз көзқарасытарын шебер де көркем етіп жеткізе алды. Эссе қорытындысы бойынша ІІІ, ІІ жүлделі орындар беріліп, І орынға Әмина Төлеуғазы (ШҚО) ие болды. Критерийлерге сүйене отырып қатысушылар «Ең көркем орындау», «Ең эмоционалды орындау», «Ең шынайы орындау», «Ең лирикалық орындау», «Ең әсерлі орындау», «Ең салтанатты орындау», «Ең керемет орындау», «Ең ерекше орындау», Авторлық ойды әртістік іске асырғаны үшін номинациялары бойынша марапатталды.
Ауысымның қорытындысы бойынша «Ұлы даланың дара ұстазы – Ыбырай Алтынсарин» атты әдеби-тарихи кеш өткізілді. Кеш алғашқы ұстаз, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы мен шығармаларымен оқушыларды таныстыру мақсатын көздеді. Кеш барысында Ыбырай атамыздың өмірінен қойылымдар қойылып, «Жаз», «Өзен», арнау өлеңдері оқылып, Сарлыбай Ерсұлтан (Шымкент қаласы) «Білерсің таңның атарын» атты Майлықожаның термесін орындады. Артынша «Әке мен бала» мультфильмі көрсетіліп, «Қазақ елі осындай», «Ұстазым», «Халқым-ай» әндері шырқалды.
Ыбырай шығармаларының басты тақырыбы – еңбек. Ұлт ұстазының қай шығармасы болса да, баланың тіл мәдениетін көркейтуге, дамытуға әсері мол. Оны балалар сүйіп, ынтыға оқиды. «Өзі өшсе де, сөзі өшпейді» дегендей, біз үшін оның еңбектері мәңгі өшпейтін мұра болып қалмақ.
Гульнара ДАУЛЕНОВА,
«Балдәурен»РОСО, қазақ тілі пәнінің мұғалімі




