Мұғалімдер волейбол және теннистен жарысты

Саламатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыру мақсатында Нұра аудандық мұғалімдер кәсіподақ ұйымының бастамасымен Нұра жалпы білім беретін мектебінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған волейбол және теннис турнирі ұйымдастырылды.

Тәуелсіздік – бәріміздің ең басты құндылығымыз, баға жетпес байлығымыз. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Биыл осынау қастерлі егемендігімізді алғанымызға 30 жыл толмақ. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда 30 жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен халқымыз үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір десек те болады. Тәуелсіздік күніне орай республика көлемінде түрлі бағыттағы мазмұнды іс-шаралар өткізілуде.

Мұғалімдер арасында волейбол мен теннис ойынынан ұйымдастырылған жарыстың аймақтық кезеңінде жүзден жүйрік шыққан 7 команда бақ сынасты. Тартысты доданың ашылу салтанатында мектеп директорының міндетін атқарушы С.Қ. Бердешова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудандық мұғалімдер кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде сөз алып, құттықтау сөзден кейін, кәсіподақ ұйымы атынан жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде ерекше көзге түскен мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерін марапаттап, оларға сыйлықтар табыстадым. Бұдан кейін аудандық білім беру және спорт бөлімінің маманы Ж.И. Имашев қатысушыларды ережемен таныстырып, шараның мақсатын анықтап берді.

Сонымен, волейбол ойынынан ұстаздар арасындағы жарыс бас төреші Ғ.С. Идрисов тартқан жеребе негізінде басталып кетті. Спортты жанына серік еткен мұғалімдердің мықты дайындықпен келгені көрініп тұр, бәрі де намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Тартысты бәсеке өз мәресіне жетіп, нәтижесінде Кәрім Мыңбаев атындағы мектебінің ұстаздары үздік деп танылса, 2-тұғырдан М.Дулатұлы мектебі көрінді. Ал үздік үштікті Байтұрсынов атындағы мектептің ұстаздар командасы түйіндеді.

Теннис ойынынан да жарысқа келген үміткерлердің барлығы жеңістен үмітті еді. Әрине, мықтылар ғана тұғыр биігіне көтеріледі. Десе де ұстаздардың көбі спорттың осы түрін жанына серік етіп, өздерін сергек сезінді. Спортшыларымыз тамаша ойын өрнегін көрсетті. Төрешілердің әділ шешімімен М.Дулатұлы мектебінің командасы жеңіске жетті. Аудандық білім беру бөлімінің командасы 2-орынды еншілесе, Нұра жалпы білім беретін мектебінің ұстаздары үшінші орынды қанжығасына байлады.

Сонымен волейбол, теннис ойындарынан өткен турнир тартысқа толы әрі қызықты өтті. Аталмыш турнирдің жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан Нұра жалпы білім беретін мектебінің ұжымына ризашылығымызды білдіре отырып, әсіресе үлкен белсенділік танытқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері М.Б. Ағзамов пен А.И. Жаркеннің еңбектерін атап айтқан жөн. Ал осы турнирді өткізуге демеушілік көрсеткен «Отқанжар» шаруашылығының директоры А.Қ. Отарбайға алғысымыз шексіз.

А.МҰСТАФИН,
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің Қарағанды облыстық ұйымы Нұра аудандық комитеті филиалының төрағасы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий