Жүйелі жұмыс нәтижеге бастайды

Баланың дүниетанымы мен рухани тәрбиесіне зор үлес қосатын ұстаздың асыл болуы, дара тұлға болып қалыптасуы оның өмір бойы оқып-тоқуымен, үйренуімен іске асады. Бұл күндері ұстаздардың өз ісін өнер деңгейіне жеткізуге, кәсіби сауаттылығын шыңдауға ұйытқы болатын әдістемелік жұмыстың қажеттілігі ерекше.

 

Мемлекеттік білім стандартын жүзеге асыру, Қазақстан мектебінің ұлттық моделін қалыптастыру тәрізді келелі мәселелер ұстаздардан жоғары кәсіби шеберлік пен іскерлікті талап етеді. Жас мамандардың жаңалықты дұрыс түсініп, өз әрекетін күн талабына сай құруына бағыт-бағдар беру, көмек көрсету – мектеп әкімшілігінің негізгі міндеті. Әр пәннің мазмұны мен мақсатына қарай өзіндік ерекшелігі бар десек те, білім беруді жаңаша ұйымдастырып, жас ұрпақты қоғамдағы өзгерістер мен өмір талабына бейімдей оқыту қажет.

Осы орайда «Өзін-өзі тану» гимназиясында «Әдістемелік шеберлік мектебі» аясында «Жас мұғалімдер мектебі» жүйелі жұмыс атқаруда. Атап айтатын болсақ, гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Л.Т. Джалмухамбетованың жетекшілігімен гимназиямыздың жас мұғалімдерінің қатысуымен спорттық teambuilding ұйымдастырылды. Teambuilding (тимбилдинг) дегеніміз – ұжымды біріктіруге және командадағы жалпы міндеттерді шешу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған белсенді іс-шаралар жиынтығы.

Аталмыш іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Бөбек» ҰҒПББСО 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Спорттық тимбилдинг эстафеталық ойындар негізінде өтті. Аталмыш эстафеталық ойындар жас ұстаздардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, қимыл-қозғалыстарын жетілдіру, ептілік пен шапшаңдыққа баулу мақсатын көздеді. Сондай-ақ ортақ мақсатқа жұмыла бірігуге, ұйымшылдыққа баулып, рухани-адамгершілік тұрғыдан дамыту және саламатты өмір салтын насихаттауға, спортпен шұғылданып тұруға шақыру да назардан тыс қалмады.

«Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы. Егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денсаулықты жетілдіру керек», – деген әл-Фараби бабамыздың сөздерін ұран еткен педагогтеріміз саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған жарыста «Спартак» және «Ұшқын» атты екі топқа бөлініп, эстафеталық «Кім жылдам?» «Толқын», «Көңілді қырықаяқ», Кім епті?», «Көңілді себет» сынды ойын-жаттығуларынан өтті. Жарыс соңында «Ұшқын» командасы қарсыластарынан оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді. Барлық қатысушылар мадақтама қағаздарымен, ал ойын ұйымдастырушылары арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

 

Сөзімді Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», – деген сөзімен қорытындылағым келеді. Себебі еліміздің ертеңі – жастарымыздың қолында. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындататын – мұғалім. Сондықтан, біз, аға буын ұстаздар жас мұғалімдерге үлгі болып, олардың жақсы маман ретінде қалыптасуына қолымыздан келгенше ат салысуымыз керек. Жас мұғалімдерімізді ортақ мақсатқа жұмылдырып, ұйымшылдыққа тәрбиелеп, рухани-адамгершілік тұрғыдан дамытуға осындай жарыстардың рөлі зор.

Гүлжан МУХАТОВА,
«Бөбек» РҒПББСО «Өзін-өзі тану» гимназиясы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі,
Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий