Білім кеңістігінде шекара жоқ!

Білім беру саласындағы Британ кеңесінің халықаралық жобасы білім беруді халықаралық ортаға кіріктіруге және машықтарды дамытуға, Ұлыбританияның тәжірибесін бүкіл әлемде ортаға салуға және бірлескен жобалар бойынша жұмыс істеу үшін білім беру саласында серіктестіктер құруға бағытталған.

Британ кеңесінің мақсаты – еліміздің негізгі оқу орындарымен ынтымақтастық құру, өйткені Қазақстан үкіметі білім беруді барлық деңгейлерде халықаралық дәрежеге шығару туралы айқын мақсат қоя отырып, басымды әрі сыртқы әлемге бағдар алған ұлттық білім беру бағдарламасын қабылдап отыр. Future English Online Teacher Community Британ кеңесінің халықаралық жобасы – Армения, Әзірбайжан, Грузия, Украина және Өзбекстан елдерінде жүзеге асырылуда. Қазақстанда бұл жоба ҚР БҒМ қолдауымен «Өрлеу» БАҰО» АҚ бастамасымен қолға алынды.

«Өрлеу» БАҰО» мен Британ кеңесінің халықаралық жобасы аясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне арналған үздіксіз кәсіби дамудың пилоттық бағдарламасы үстіміздегі жылдың қазан айының 18-інен бастау алған-тын. Курстық оқытудың 2 легі жоспарланып, биылғы жылдың желтоқсан айының 25-іне дейін жалғасады. Жалпы курс бағдарламасы 10 аптаға есептелген, 5 модульді қамтиды.

Бағдарлама мұғалімдердің тілдік құзыретін және жалпы білім беретін мектептерде ағылшын тілінде оқытуды ұйымдастырудағы кәсіби дағдыларын арттыруға, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуға, тілдерді оқытудағы әдістемелік тәжірибені байытуға, педагогикалық құзыреттерді салыстыруға және олардың деңгейін арттырудағы жаңа міндеттерді анықтауға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты қараша айының 5-і күні «Өрлеу» БАҰО» Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне арналған Британ кеңесінің халықаралық жобасы аясында өткізіліп жатқан курс бойынша баспасөз конференциясы өткізілді. Оған елорда мектептерінен 300-ге жуық ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері қатысты. Жиын сұрақ-жауап арқылы еркін форматта өтті. Баспасөз конференциясына «Өрлеу» БАҰО» басқарма төрайымы Әсел Мұхаметжанова және республика бойынша жоба координаторы Нұрсұлу Сүлейменова, «Өрлеу» БАҰО» Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Гүлшат Онланбекқызы және Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Алтынай Амирова қатысты.

Филиал директоры Гүлшат Онланбекқызы алғы сөзінде Future English Online Teacher Community Британ кеңесінің халықаралық жобасы аясында курстың алғашқы легінде елорда мектептерінен 28 педагог білімін жетілдіріп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ курстың екінші легіне қатысуға мұғалімдерде зор мүмкіндік барын атап өтті. Бұл өз кезегінде қаламыздың Білім беруді жаңғырту орталығымен бірлесе атқарылатын жұмыс екеніне тоқталды. Гүлшат Онланбекқызы қатысушыларға сәттілік тілеп, сөз кезегін басқарма төрайымы Әсел Мұхаметжанова берді.

Әсел Мұхаметжанова өз сөзінде Британ кеңесімен бірлескен пилоттық жоба аясындағы курс – қазақстандық ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері үшін пәндік құзыреттіліктерін көтеру, ағылшын тілін жетілдіру, пән бойынша жаңа әдіс-тәсілдерді зерделеу, өңірлердегі және шетелдік әріптестермен қарым-қатынас орнатуға үлкен мүмкіндік туғызар жоба екеніне тоқтала келе, Британ кеңесімен серіктестік аясындағы бірлескен іс-қимыл мен іскерлік қарым-қатынастың берері мол екенін, бұл жетістікке жетудің бірден-бір жолы екенін атап өтті.

Келесі сөз алған Нұрсұлу Сүлейменова қатысушыларға Future English Online Teacher Community пилоттық жоба бағдарламасының презентациясымен таныстырды. Курс бағдарламасына қатысты ақпараттар ұсынып, конференцияға қатысушы педагогтердің сұрақтарына толықтай жауап берді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтар бойынша нақты да толымды жауаптар алып, курсқа қатысуға белсенділік танытты.

Конференция ақпарат алмасу алаңы ретінде өте мазмұнды, жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың ризашылығын тудырды. Өз тарапымыздан қатысушы педагогтерге алғыс білдіре отырып, олардың кәсіби дамуы үшін халықаралық бағдарламаны игеруде табыс тілейміз!

Орынбасар БЕГАЛИНА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ПҚ БАИ» бас маманы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий