Ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Бүгін Жұбанов университетінің басқарма төрағасы – ректор Лаура Қарабасова мен Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының І вице-президенті Иса Самсаев ынтымақтастық келісімге қол қойды, – деп хабарлайды Жұбанов университетенің баспасөз қызметі.
Екіжақты кездесуге Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Айнұр Сейітқан және «НИГРЧ» КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Айжан Тоқбасова қатысты.
Меморандум аясында алдағы уақытта Ақтөбе облысы педагогтарының біліктілігін арттыру курстары өткізіліп, рухы биік тұлға қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Қазіргі кезде білім алушылар мен оқытушыларға рухани құндылықтарды қалыптастыру жұмыстарын жүргізу өте пайдалы болмақ.
Өз кезегінде Иса Самсаев ректор Лаура Қарабасоваға жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, университет ұжымдарының бірлескен күш-жігері өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде оң нәтиже беретініне сенім білдірді.
– Біздің аға оқытушылар аймақтағы педагогтар мен ЖОО оқытушыларына «Өзін-өзі тану» бағдарламасын үйретіп, біліктіліктерін арттырады. Бұл ретте арнайы іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Бұл, сөзсіз, өңірлік университеттің түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, өйткені жалпы республика бойынша өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдеріне қажеттілік зор, – деді ол.
Екі жақты кездесуден соң университетте Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының филиалы ашылды. Университеттің Мұхтар Арын атындағы бас оқу ғимаратында филиал жұмысы үшін екі аудитория бөлінген. Өз кезегінде Ұлттық институт кеңселерді техникалық және материалдық-техникалық базамен жарақтандырады.
Айта кетейік, облыс мұғалімдері мұнда «Өзін-өзі тану» пәні бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, конференцияларға, форумдар, симпозиумдар, семинарлар мен байқауларға қатыса алады.
Загрузка...






