Экологиялық тәрбие – өзекті мәселе
Экология мәселесінің біздің заманымызда өзектілігі жоғары. Статистикаға сүйенер болсақ, 2018 жылы Қазақстан табиғаттың экологиялық жағдайы бойынша әлемдік рейтингте 101-орын алыпты. Тек экологиялық дүниетаным, адамдардың экологиялық мәдениеті ғана ғаламшарды және адамзатты қазіргі өмірдегі апаттық жағдайдан алып шығуы мүмкін.
Аталған жағдайдан шығу жолында оқушыларға экологиялық тәрбие беру міндеті бұл күндері басты назарда. Осы орайда Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Теміртау, Семей, Шымкент қалаларында «Оператор ӨКМ» ЖШС-ның, қала әкімдіктерінің, елордалық Білім беруді жаңғырту орталығының қолдауымен мектептер арасында көшбасшыларды анықтау мақсатында «Эко Асар – игі істер марафоны» шарасы жалғасын табуда. Осы шараға экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында №54 мектеп-лицейі үш жыл қатарынан «Менің эко-мектебім» байқауына қатысып келеді. Байқау білім беру ұйымдарының, ата-аналар мен шағын аудан тұрғындарының қатысуымен төмен көміртекті даму стратегиясын дайындау және іске асыру, жасөспірімдерге экологиялық білім беру мақсатын көздейді.
Өткен оқу жылында аталған байқауда мектебіміз қала мектептері арасында ҚТҚ (ТБО) өткізу нәтижесінде бірінші орын алып, 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Осы сертификат есебінен 2021-2022 оқу жылында «Bookchallenge» кітап оқу байқауының екі жеңімпазына велосипед, кітапханаға көркем шығармалар алынды, мектеп алдын гүлдендіруге 300 көшет гүл отырғызылды, ҚТҚ нәтижесінде 1 оқушыға ноутбук сыйға берілді және «Clean City NC» компаниясының пластикке, қағазға арналған арнайы қоқыс жәшіктері қойылды. Сондай-ақ экодесанттар мектеп айналасына гүл егіп, көгалдандыруға ат салысты. Эко-квесттер өткізіліп, экологиялық айлықтар мен сенбіліктерде ағаштар егілді.
Жалпы экологиялық мәдениет қоқысты сұрыптаудан басталады. Қараша айының 8-і мен желтоқсанның 22-сі аралығында 5-сыныптармен бірге 100 оқушы отбасымен «Сарыға таста!» жобасына қатысып отырмыз. Жоба серіктестері – «Оператор ӨКМ» ЖШС, Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығы, «Радуга» және «Clean City NC» компаниялары, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы. Жобаның мақсаты – қоқысты сұрыптап тастау мәдениетін қалыптастыру. Оқушы бойына экологиялық мәдениетті қалыптастыру өте маңызды.
Бүгінде болашақ әлемнің экологиялық қауіпсіздігінің негізін қалау мәселесі бірінші орында тұр. Осы ретте экологиялық тәрбие беру басымдыққа ие болып отыр. Дамыған елдердің кейбірін алып қарасақ, қоқысты сатып алуға дайын, ал бізде қоқысты сұрыптап тастау мәдениеті төмендеу. Сондықтан да бүгінгі ұрпақтың экологиялық мәдениеттілігін жетілдіре отырып, баланың табиғатқа деген көзқарасы мен күнделікті экоәдеттерін дамытуымыз керек. Осы орайда су, энергия және қоршаған ортаны құрметтеу, тіршілік көздерін үнемдеу арқылы елімізде, яғни қоғамның экологиялық таза өлкеде өмір сүруіне бейімделуге шақырамыз.
Есмағзам ИСМУХАНОВ,
№54 мектеп-лицей директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы