Білім берудегі басты менеджмент
Мектеп директорының басқару әрекеті көп қырлы, кең ауқымды және жұмыс барысында көптеген ғылыми пәндердің қағидалары мен нәтижелері басшылыққа алынады. Алайда мектепті басқару әрекетінің ең негізгі, маңызды ғылыми өзегі – білім беруді басқару теориясының ішіне кіретін, мектепішілік басқару теориясы немесе мектеп менеджменті саналады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мектепті басқару туралы озық ойларымен бөлісіп: «Тиімді менеджменттің нәтижесінде мектепте кәсіби ұжым мен оқуға арналған қолайлы орта құрылады», – деген болатын. Қазіргі таңдағы басты мақсатымыз – «тиімді менеджмент» болу.
Білімді басқарудың түбегейлі жаңғыртылуы басшылар әрекетінің де жаңаруын талап ететінін түсіндім. Осыған орай білім беруді басқарудың көп деңгейлі жүйесінде әлеуметтік-экономикалық, педагогикалық өзгерістер мен жаңартуларды қолдай отырып, педагогтердің еңбегін үйлестіруді, бағыттауды, оларды талпындырып, ынталандырып отыруды қолға алдым. Осы әрекеттер арқылы білімнің сапасын арттыруға ықпал еттім.
Сабақта қойылатын SMART мақсаттар, 7 модульді тиімді ықпалдастыру, оқушылардың көшбасшылығын және ғылыми қоғам жұмысын іске асыру жолдарын дамыту – білім беру саласында жылдар бойы жүзеге асып келеді. Біз осы үрдісті одан әрі жалғастырып, білім саласын заман ағымына сай жаңартуымыз, дамытуымыз керек. Қазіргі уақытта оқушыны білім кеңістігіне жетелей отырып, өмірде саналы, білімді тұлға болып қалыптасуы үшін мектеп миссиясын «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, өзгерістерге бейім, ІТ құзыретті, адал ұрпақ тәрбиелеу» деп атадық. Осы миссия төңірегінде мақсатқа жетуге бағытталған шараларды ұйымдастырудамыз.
Жеке тұлғаның дамуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Басшылар мен мұғалімдер тарапынан берілетін мотивациялар біздің ішкі ортамызды және ұйымымызды дамытып келеді. Оқу кабинеттері заманауи тұрғыда жабдықталып, білім беру процесіне қатысушыларға психологиялық-педагогикалық жағдай жасалған.
Ең басты мақсатым: адамдарды сыйлау, оған сенім арту; оларды жеке тұлға ретінде бағалай білу; ынтымақтастық орнауға жағдай жасау, басқарудан қарым-қатынасқа көшу; педагогке қолдау білдіріп, үздіксіз кәсіптік білімін көтеру және педагогтің жұмысын бағалау.
Негізгі ұстанымым: адамның жеке басын, беделін құрметтеу және құқығы мен мүмкіндіктерін мойындау болып табылады.
«Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады» деген халық даналығын басты бағытымыз етіп, ұжыммен бірлесе отырып, егемен еліміздің болашағы – жас жеткіншектерді оқытып-тәрбиелеуде, яғни сапалы білім беру қызметін көрсету жолындағы жүйелі жоспарымыздың жетістіктері мол болсын демекпін.
Мәди СЕРІКҰЛЫ,
№63 мектеп-гимназия директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы