Басты бағытымыз – еңбек адамын қорғау

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ: «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі», – деп, әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандары мен әдістерін үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай, тиімді іс-қимыл стратегияларын әзірлеу міндетін жүктеді. Осы және өзге міндеттерді орындау барысында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі қандай жұмыстарды атқаруда. Бірлестік төрағасы Жандос Шайдулламен сұхбатта толығырақ.

– Әңгіменің әлқиссасын, оқырмандарға кеңінен түсінікті болу үшін, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі қалай ашылды, осы сауалдан бастасаңыз.

– Сұрағыңызға рақмет. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақстандық кәсіптік одақтар – бұл тұрақтылықтың кепілі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының негізгі элементі», – деген. Осы мақсатта еңбек адамдарының құқығын қорғап, моральдық және рухани дамуында демеп, әлеуметтік-еңбек жағдайының жақсаруына бағыт алып, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі 2020 жылдың қараша айының 24-жұлдызында қайта ашылды.

Былтыр Салалық кәсіподақтың құрамында болған бұрынғы Түркістан облыстық ұйымы (төрағасы Б.Еркінбек) кәсіподақ мүшелерін құлақтандырмай, Салалық кәсіподақтың құрамынан шығу туралы шешім қабылдаған. ҚР «Кәсіподақтар туралы» Заңын және Жарғы талаптарын орындамауына байланысты Салалық кәсіподақтың Атқару комитеті аталған ұйымды Салалық кәсіподақтың құрамынан шығарды. Бұл жағдай Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістаннан облыстық ұйымын ашуға түрткі болды.

Қарап тұрсаңыз, ашылғанымызға бір жылға жуықтаған жоқ. Әрине, бұл уақыт қоғамдық бірлестік үшін аз уақыт болса да, біршама тірліктерді тындырдық…

– Сөзіңіз аузыңызда, демек осы 10 айда атқарылған ауқымды жұмыстарды атап, жеткен жетістіктерді жіпке тізсеңіз.

– Кәсіподақтың негізгі жемісі де, жеңісі де – ол құрамындағы мүшелері деп айтар едім. Біз бұл бағытта әжептеуір жұмыс жүргіздік. Соның дәлелі болар, 10 айдың ішінде облыс аумағынан 15 филиал ашылып, оған 127 бастауыш кәсіподақ ұйымдары кірді, 15 мыңға жуық мүшені тарттық. Оның ішінде орта арнаулы оқу орындары мен жоғары білім ошақтары да бар. Соның бірі – Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті. Бүгінгі таңда облыстық кәсіподақтың ең ірі мүшелік ұйымы – Түркістан қалалық білім кәсіподағы болып табылады. Облыстық кәсіподақ ұйымымыз бір жыл көлемінде атқарылатын жұмыстарын саралап, жоспарларын мығымдап алды. Кешегі дүниені дүрбелеңге салып, әлемді әбігерге түсірген пандемия кезінде білек сыбана жұмысқа кірістік. Санитарлық талаптарды сақтап, облыстағы білім ордаларында жұмыстарын жүргізіп жатқан бастауыш кәсіподақ ұйымдар, мекеме әкімшілігімен ғимараттарда сақтық шараларының сақталуын, дер кезінде дезинфекциялануын, қашықтан оқытуда білім сапасына, материалдық-техникалық құралдарымен қамтылуына демеушілік етуін қарастырдық. Осы кезеңде дендеп тұрған дертке қарсы «Жақыныңа жанашыр бол!» тақырыбында апталық, айлық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымы білім саласындағы қызметкерлердің мәртебесін арттыруды көздеп, «Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы» ММ мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» ҚБ арасында 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы келісімге қол жеткіздік. Келісім аясында кәсіподақ мүшелеріне қатысты маңызды мәселелер қарастырылды. Оның ішінде үстемақы, білім саласындағы жұмыс істейтін кітапханашылар, есепшілер, медбикелер, әдіскерлердің еңбек демалысын ұзарту сынды өзге де өзекті проблемалар қамтылған. Аталған құжаттың құндылығы сол, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркелген. Бүгінде қос тарап өкілдері пандемия кезінде туындаған мәселелерді бірлесе шешуде. Әлеуметтік қатынастарды реттейтін құқықтық акт болып саналатын келісімге әр өңір, әр сала тек бір кәсіподақпен әлеуметтік әріптестікке отырады. Нәтижесінде бұл келісімшарт кәсіподақ белсенділеріне оң бағыт беріп, жұмыстарының жүйелі түрде жүзеге асуына септігін тигізді.

Бұдан бөлек облыстық қоғамдық ұйымға қарасты бастауыш кәсіподақтар мен филиалдар кәсіподақ мүшелері міндеттерін орындау кезінде әкімшілік тарапынан қудалауға жол бермеуге, еңбек қауіпсіздік шараларының жүргізілуін ұйымдастыруға ат салысып келеді. Бастауыш кәсіподақ ұйымымен бекітілген техникалық қауіпсіздік инженерлеріне бағытталған мамандарды арнайы семинарларға жіберіп тұру да күнтізбедегі басты жоспарға айналды.

– Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы датаның құрметіне орай ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен 2021 жыл – бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы болып жарияланды. Бұл ретте облыста сіздердің тараптарыңыздан орын алған ілкімді істерге тоқталсаңыз.

– Елдігімізді айқындап, теңдігімізді тұғырдан көрсеткен Тәуелсіздік жылнамасында еңбек адамдарының орны ерекше. Айтулы жыл аясында республика көлемінде арнайы конкурс ұйымдастырылған болатын.

Үстіміздегі жылы қыркүйектің 23-25 күндері Түркістан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды.

Салтанатты шараға кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары – Салалық кәсіподақтың облыстық, аумақтық конкурстарының жеңімпаздары, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төраға орынбасары Г.Жұмагелдиева, Түркістан облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Өмірәлі, Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі Қ.Мұсағалиев, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев, республикалық білім беру қоғамдық-саяси «Білімді ел – Образованная страна» газетінің бас редакторы Л.Түркістанова, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева және мүшелік ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Республикалық байқауға өңірлік конкурстардың жеңімпаздары деп танылған Салалық кәсіподақтың 31 бастауыш ұйымының көшбасшылары қатысып, бақ сынасты.

Әділқазылар алқасының шешімімен сайыстың Бас жүлдесін Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы (Қызылорда қаласы) иеленді. Республикалық байқауға белсенді қатысқаны үшін 16 бастауыш ұйым Салалық кәсіподақтың Алғыс хаттарымен және арнайы қаржылай сыйақыларымен марапатталды. Олардың ішінде 6 бастауыш ұйым Түркістан облысына тиесілі.

Осы сапар барысында Салалық кәсіподақ өкілдері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің тыныс-тіршілігімен танысты, сонымен қатар киелі мекенде Арыстан баб, Ахмет Ясауи кесенелеріне барып, бабалар рухына тағзым етті. «Отырар» мұражайында болып, құнды жәдігерлерді көзбен көрді. Әріптестерге облыстық ұйымның жұмысы көрсетіліп, тәжірибе алмасқан тамаша шараның киелі Түркістан жерінде қорытындыланғанына қуаныштымыз.

– Жандос Шайдуллаұлы, негізі кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек заңнамасы талаптарының орындалуына бақылау жасау сіздердің құзырларыңызда. Бұл ретте ұйым мүшелерінің үдесінен қаншалықты шығып жүрсіздер?

– Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы саны және қызмет сапасы жағынан қуатты қоғамдық ұйымдардың қатарында. Демек қарапайым еңбек адамдарының құқықтарын қорғау мақсатында, біздің ашылғанымызға аз уақыт болса да, осы кезге дейін бізге 142 арыз-шағымдар келіп түсті. Зерделесек, басым бөлігі әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы тіркелген. Бүгінде оның 80 пайызы өзінің нақты жауабын тауып, түйткілдің түйіні тарқаудың арқасында 2 қызметкерді заңсыз жұмыстан шығару бұйрығын қайта қарап, қалпына келтіріп, жұмысқа тұруына ықпал еттік. Ал 3 педагогтың арыздарын қазіргі таңда тиісті орындар, яғни еңбек инспекциясы, құқық қорғау органдары қадағалауда. Біздің бақылауымызда тұрған арыздардың мазмұны тиісті деңгейде төленбеген жалақыға қатысты сұрақтарға саяды. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мен мүшелерге заңдық тұрғыда кеңес беру бағытында түсіндіру жұмыстарын үдетіп келеміз. Жеке өз басым жаңадан ашылған бірлестіктің төрағасы ретінде облыс көлемінде 100-ден астам бастауыш кәсіподақтармен кездесу өткіздім. Оның ішінде Сауранда – 26, Кентау қаласында – 15, яғни 17 ауданның басым бөлігінде болып, еңбек қатынастарын реттеуге бағытымызды екшелеп түсіндіріп келеміз. Одан бөлек, маңызды сұрақтарына тұшымды жауап беріп, келелі кеңесіміз бен пайымды пікірімізді ортаға салудан жалыққан емеспіз.

Ал еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуына тоқталсам, биыл жаз маусымында 114 білім саласындағы кәсіподақ мүшесіне емдеу-сауықтыру, демалыс орындарына жолдама берілді. Дәстүр бойынша қазыналы қарттар мен ардақты ардагерлерге материалдық көмек көрсетіп, бір жыл көлемінде басылымдарға тегін жаздырып келеміз. Ауған соғысының ардагерлерінде назардан тыс қалдырмай, қаржылай және заттай сияпатпен марапаттау үрдіске айналған. Еңбек кодексінің маңызды бөлігі ұжымдық шарт екендігін ескерсек, біздің бастауыш кәсіподақтың барлығы өз жұмыс берушілермен ұжымдық шартқа отырып, әлеуметтік әріптестік туралы келісімде қарастырылған жеңілдіктер мен еңбек қатынастары бірлескен түрде жүзеге асуда.

Жалпы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына хабарласқан кәсіподақ мүшелерінің бір де бір шағымы қараусыз қалмайтынын атап өткім келеді. Көбіне сала қызметкерлері өзінің қай кәсіподақта мүшелікте екенін біле бермейтіні жиі кездеседі. Бір ғана Түркістан облысында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағынан бөлек білім саласында бірнеше жергілікті кәсіподақ жұмыс істейді. Көп жағдайда біздің құрамымызда болмаса да, сала қызметкерлерінің еңбек құқықтарын, Орталық салалық кәсіподақтың қолдауымен құқықтық кеңес беріп, өзекті мәселелерін шешуге тырысамыз.

Мысалы, Түркістан облысы Созақ ауданының орта білім беру ұйымдарының оқу шеберханалары меңгерушілері мен шеберлері атынан бір қызметкердің шағымы негізінде біздің кәсіподақтың тікелей араласуымен педагогтарға 2020 жылдан бастап 25%, сонымен қатар биылғы артқан жалақысы қайта есептеліп берілді. Нәтижесінде 71 штаттық бірліктегі оқу шеберханалары меңгерушілері мен шеберлеріне 36 млн 477 мың теңге қайта есептелініп, төленді.

Қарапайым еңбек адамын дәріптеуде біздің жас бірлестіктің қанатқақты жоспарлары мен көкейтесті тірліктері жетерлік. Бұл ретте облыс көлемінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы жұмыс атқарамыз. Сонда ғана келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болары анық.

– Әңгімеңізге рақмет, қызметіңізге сәттілік тілейміз!

Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий