Жаңашылдыққа жаны жақын Жаңыл

Тәуелсіз еліміздің мәртебесінің асқақтауы еңбек адамдарының жан баласына міндетсімеген, мігірсіз еңбегінің арқасы екені сөзсіз. Сондай еңбек үлгісін көрсеткен, ұлағатты ұстаздар қатарына көпшіліктің қалауымен қосылар жанның бірі – Жаңыл БАЛАПАНОВА туралы сөз қозғамақпын.

 

Жаңыл Темірқызы 1987 жылы орта мектепті тәмәмдаған соң Алматы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1992 жылы «математика», «информатика және есептеу техникасы» пәндерінің мұғалімі құзыреттілігін алып шықты. Еңбек жолын сол жылы бастап, 1992-2007 жылдары жалпы білім беретін орта мектептерде өз пәні бойынша ұстаздық қызмет атқарды. Білікті маманның еңбексүйгіштігі мен іскерлігін байқаған Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институтының басшылығы 2007 жылдан бастап Жаңыл Темірқызына еңбек жолын информатика кабинетінің меңгерушісі ретінде жалғастыруды ұсынды. Аталған қызметке кіріскен сәттен ұстаздардың біліктілік курстарынан уақытылы өтуін, сол арқылы оқушылардың білім сапасын жақсарту жұмыстарын белсенді ұйымдастырды.

2012 жылы білім жүйесіндегі өзгерістерге байланысты мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институттары мүлдем жаңа форматта қайта құрылды. Құрылымдық өзгерістерге орай Жаңыл Темірқызы «Өрлеу» БАҰО» АҚФ «Атырау облысы бойынша ПҚ БАИ» «Ақпараттық технологиялар» бөлімінің басшысы, кейіннен кафедра меңгерушісі қызметін атқарып, бүгінде «Жаратылыстану және гуманитарлық пәндерін оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы, ҚР-да білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде «Математика», «АКТ негіздері», «Графика және жобалау», «Робототехника негіздері» пәндері бойынша тренері қызметін абыройлы атқарып келеді. «Ақпараттық жүйелер» техника ғылымдарының магистрі екенін де айта кеткен жөн.

Осы күнге дейін Жаңылды білікті маман ретінде сырттай білген болсақ, қызметтес әріптес ретінде жақыннан тани түстік. «Өрлеуде» басталған оң өзгерістер өсемін, өрлеймін деген мақсатты ұмтылыс тілегі бар Жаңылдың білікті маман ретінде шыңдалып, сыналып, іскерлігін қалыптастырған мектебі болды. Әр ұстаздың жұлдызын жарқырата жағып, олардың шеберлігін арттырып, шығармашылығына қанат бітірді, кәсіби маман ретінде біліктілігінің қалыптасуына ықпалы мол оқытушы-әдіскер ретінде танылды. Өз ортасында көздеген мақсатына жеткенше тыным таппайтын, бүгінгі істі ертеңге қалдыруды жаны сүймейтін, тиянақтылығымен ерекшеленеді. Әрине, бұл да кәсібилігінің игі жемісі болса керек. Жылда ұжымдағы профессор-оқытушылар құрамымен бірге облысымыздың 4 мыңға жуық мұғалімінің біліктілігін арттырып, әдістемелік шеберлігін арттыруға үлес қосып келеді.

Жаңыл Темірқызы білім берудің әдістемесіне, біліктілікті арттыру жүйесінің дамуы бағытында көптеген ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды. Педагогтерді курстан кейінгі қолдау және әдістемелік сүйемелдеу мақсатында шығарған «Робототехникасы негіздері» бойынша тәжірибелік жұмыстары, «Интерактивті тақтаны оқу-тәрбие үрдісіне пайдалану әдістемесі», «Онлайн режимінде өткізілген интерактивті сабақтар», «Қашықтан оқыту – заманауи педагогтің кәсіби ақпараттық құзыреттілігін дамыту, педагогикалық шеберлігін шыңдаудың табысты кепілі» тақырыптарындағы көптеген әдістемелік құралдар мен ұсынымдардың авторы екенін де тілге тиек етіп өтпек керек.

Ұстаздың 200-ден астам баяндамалары облыстық, республикалық, халықаралық конференция материалдары жинағына енгізілсе, 60-тан астам оқу-әдістемелік мақалалары түрлі республикалық, облыстық басылымдарда жарияланды. Осылайша, кәсіби шеберлігі мен өмірлік тәжірибесі көпке үлгі. Білім беру саласында атқарған қызметі лайықты бағаланып, облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Құрмет грамотасымен, ҚР БҒМ Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Осының бәрі шыққан тегінен дарыған тамырлы қасиет екенін жоққа шығара алмаймыз. Қай істеде көмегін аямайтын өмірлік жары Таңатар Қаллепесов те мамандығын жас ұрпаққа арнаған білікті ұстаз. Қыздары Ақтолқын Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Арайлым Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық политехникалық университетін үздік тәмәмдаған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жанымызда жүрген жандардың қадіріне жете білгенге не жетсін?! Өзгенің жетістігіне шынайы қуана білетін Жаңыл Темірқызының өрелі өмірде де, шығармашылық істе де олжалы болуына тілекшіміз.

Айтбай ҚАРАМУРЗИН,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ «Атырау облысы бойынша ПҚ БАИ» басқарма басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий