Білімді биікке шығарған тұлға

Атырауда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясы, «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ және «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен КСРО Халық мұғалімі, Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Қ.Айтқалиевқа арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«Рухани жаңғыру: жаңартылған білім беру және тәрбие» тақырыбында өткен конференция қатысушылары, ең алдымен, энциклопедист-ғалым Х.Досмұхамедов ескерткішіне гүл шоғын қойды. Артынша Атырау университетінде үш бағытта секциялық жұмыстар жүргізіліп, олардың қорытындысы конференцияның пленарлық мәжілісіне ұсынылды. Аталмыш мәжілісті «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Сүндетұлы кіріспе сөз сөйлеп ашты.

Конференцияға қатысушыларды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректор С.Н. Идрисов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясының президенті, PhD докторы, халықаралық академияның педагогикалық білім бойынша корреспондент мүшесі Ғ.Б. Бейсембаев, онлайн форматта Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.М. Мұқашева құттықтады.

Конференцияда Атырау облыстық білім басқармасының басшысы С.Ы. Есенғалиев, белгілі қоғам қайраткері, т.ғ.д., профессор Ө.О. Озғанбаев, «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы І.Ұ. Баймұхановтар құттықтау сөз сөйлеп, конференцияны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде ой өрбітті.

Күн тәртібіне сай ғылыми-тәжірибелік конференцияда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, п.ғ.к. Ш.Н. Нағимов «Халық мұғалімі Қ.Айтқалиевтың тағылымы», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, педагогика және психология институты директорының орынбасары, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор А.Қ. Дүйсенбаев «Қ.Айтқалиевтың ағартушылық мұралары», Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Қазақстан тарихы» пәндері зертханасының меңгерушісі, философия докторы, (PhD), қауымдастырылған профессор А.Қ. Жундибаева «Қазақстанда халық ағарту ісін және мемлекеттік тілді дамытудағы Қ.Айтқалиевтың қосқан үлесі туралы», Назарбаев университетінің профессоры, п.ғ.д. Г.С. Құрманбай «Абай – ұлтымыздың мәдени капиталы», Атырау қаласындағы М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республикалық «Үздік педагог-2021» атағының иегері Ж.Р. Бекбусинова «Мұғалімнің шығармашылық әлеуеті – кәсіби бастамашылдығын дамыту» тақырыбында баяндама жасады.

Конференция барысында 1990 жылы «Қазақфильм» студиясының қызметкерлері Ж.Әзізханов, Н.Ахтанов және С.Келдібаев түсірген жарты сағаттық деректі фильмнен үзінділер көрсетілді. Пленарлық мәжілісте бір топ белсенді педагогтерге Алғыс хаттар және барлық қатысушыларға сертификат пен конференция материалдарының жинағы табыс етілді. Конференция соңында тиісті қарар қабылданды.

Қылышбай ҚҰЛЖАНОВ,
Атырау облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий