Азаттық таңын аңсаған Алаш арысы

Қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, халқымыздың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның биыл 155 жылдық мерейтойы. Бұл біз үшін айтулы мерекелердің бірі. Алаш Орда үкіметінің төрағасы, ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлының мерейтойы биыл ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Алаш алыбы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның еліміздің өткен тарихындағы атқарған ерлік ісі, қалдырған мұралары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. «Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын», – деп Әлихан атамыз көзі тірісінде айтқанмен, бақилық өмірінде де халыққа мәңгі қызмет етуде. Шынайы сүю – көптің қолынан келе бермейтін ең асыл қасиеттердің бірі десек те болады. Соның ішінде елді, халықты, ұлтты сүю – бұл нағыз биіктік пен шексіз де шынайы махаббаттың белгісі.

Дана тұлға Әлихан Бөкейханов – ұлтқа деген алып-ұшқан шынайы махаббаттың иесі болған еді. Нар тұлғаның жүрегіндегі лапылдаған сезім мен көзіндегі тек тура жолды көруге арналған жалындаған от – бүкіл қазақ жұртшылығының үміт сәулесіне айналған еді. Халыққа жай ғана Әлихан емес, Әлиханның лапылдап жанған жүрегі, сол жүректен шыққан аса ұлы, күндей ыстық махаббаты мен сезімі қызмет еткен-тұғын. Ұлт зиялыларының лидері ретінде ғана танылып қоймай, тарих, этнография, сонымен қоса саясаткер, қоғам қайраткері, публицист ретінде де қызмет етіп, тағы басқа да көп саланың нағыз майталман батыры атанған.

Қазақ тарихында есімі алтын әріптермен ойылып жазылған рухты тұлғамыздан өте көп өнеге-өсиет пен теңіздей шексіз білім мұрасы қалды. Бұл рухани мұра қазақ үшін бәрінен бағалы қазына қоры. Тарихымызда осындай бағалы қазыналарымыздың бары әр қазақтың мақтаныш ұраны. Бұл нар тұлғаларымыз халыққа қызмет ету жолын бүкіл өміріне айналдырып, сол жолды толықтай таңдаған еді. Алайда бұл жай өте салатын жол емес еді, бұл шұңқыр мен миллиондаған кедергі тікендерге толы ауыр да азапты жол болды. Сол азап отында халық үшін күйіп, «халық жауы» атағына да ие болды. Өмірде жалған жаладан асқан ыссы күйік жоқ. Сол күйік пен жалған жаламен өмірден озған алтындарымызға әрқашан мың тағзым. Алайда көзі тірісінде де, бақилық өмірінде де қазынамыздың жүрегіндегі махаббат оты еш сөнбеген, әлі күнге дейін біз сол отқа жылынып, одан қуат пен жігер ала аламыз, бұл от – біздің тарихи қаруымыз.

Тарихты ұмытқан халық үшін болашақ өте алыс дейді, тарихтан алар қазынамыз өте көп. Кеңес үкіметі үшін «қара тізімдегі» адам болғанымен, бүгінде қазақ үшін «алтын тізімдегі» жүректің төрінен орын алар тұлға. Кеңес үкіметі салдарынан еш себепсіз темір торда отырғанымен, бүгінде қазақтың кең даласында даңқы мен есімі асқақтаған. Өзі темір торда отырса да, жүрегі ешқашан торға қамалмаған, қазақ үшін соққан жүрек. Әлиханның ел қатарлы, көп секілді өмір сүру, тіптен шетелге кетіп жайлы өмір сүруіне де мүмкіндігі болды. Алайда «Алаш туы астында, күн сөнсе де сөнбеуге» ант етіп, не көрсе де халықпен көруге бел буған еді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында Алаш қайраткерлері туралы: «Мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтар», – деп әділ бағасын берді. Ел үшін жаны құрбан болып атылды, бұл құрбандық бүкіл ұлт жүрегінен өшпес мәңгі жара, мәңгі өкініш.

Әлихан Бөкейханов – қазақтың тарихта жоғалтқан ең ауқымды қазынасы. Ел үшін мәңгі шебер тұлға. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»: Әлихан Бөкейханұлының жалынды сөздерінің бірі. Шынында қазақ тарихында Әлихан Бөкейхановтай нар тұлға қайта туылар болса, қазақ үшін алынбайтын белес, қамал қалмаушы еді. Әлихандай жүрек пен мінез әр қазақ азаматы мен азаматшасына дарыса, бүкіл қазақ оянар еді. Осындай ұлы зиялыларымыздың ерен еңбегін ұмытпай, олардың бойында болған батырлық, патриоттық қасиеттердің өзіміздің де, өзімізден кейінгі ұрпақтың бойына да сіңіруіміз қажет.

Асхат ТУЛЕНОВ,
№181 ЖББМ оқу ісі меңгеруші,
тарих пәнінің мұғалімі,
Алматы қаласы,
Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий