ҚарТУ-да Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Дала қоңырауы» іс-шарасы өтті

Ұлт мақтанышына айналған қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің биыл 180 жылдығы Республика көлемінде кеңінен аталып өтілуде. Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында – тұңғыш оқу құралын жазып, қазақ жастары үшін мектеп ашқан, оқу-білімге тартқан ірі педагог. Ол тіл тазалығы үшін күрескен, ең бірінші болып балаларға ана тілінде білім берген, реалист жазушы, тұңғыш кемеңгер.

Осыған орай, еліміздегі инженер мамандарды дайындайтын бірден бір техникалық  жоғары оқу орындарының бірі Қарағанды техникалық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы,  профессор Әл-Фараби атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ибатов Марат Кеңесұлының бастамасымен студент жастарға жан-жақты жоғары білім берумен қатар, тәрбие жұмыстарының жүргізілуіне ерекше көңіл бөлінуде.

Болашақ жастардың білімді игерулерімен қатар, еліміздің ұлттық мәдениеті мен ұлы тұлғаларымыздың қалдырған бай мұралары арқылы тәрбие мен білімді ұштастыра отырып, толыққанды тұлға қалыптастыру, сонымен бірге, ертеңгі  өз саласының білгір маманын дайындау үшін  тәрбие жұмыстарына баса көңіл бөлу керектігін және атқарылған жұмыстардың өз нәтижесін беруі туралы атап өткен болатын. Осыған байланысты Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушыларының  ұйымдастыруымен университеттің «Жастар әлемі» ғимаратында «Қазақ сахарасының қоңырауы» атанған Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Дала қоңырауы» атты іс-шара болып өтті.

Іс-шараның ең басты мақсаты – алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы, шығыс жұлдыздарының ішінде өзіндік орны ерекше Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы туралы тың мәліметтермен студенттердің білімін толықтыру. Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері арқылы жастарды – имандылыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ, Ұлы тарихи тұлғаны есте сақтауға, құрмет тұтуға, үлгі алуға тәрбиелеу болатын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп, қазақтың ұлы классик ақыны Абай Құнанбайұлы жазып қалдырғандай, Ыбырай Алынсарин –  қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, көркем әдеби тілдің тазалығы үшін күресуші, балаларға таза ана тілін үйрету арқылы, халықтың бай тілін меңгеріп, өнер, білімге бастаушы.

Ыбырай  Алтынсарин халқын оқу, білімге шақырып, халқына, еліне білімнің жарық сәулесін таратушы болғаны баршаға аян. Ыбырай Алтынсарин ағартушылық бағытты ұстанып қана қоймай, жазушылықпен де, өлең жазумен де айналысқан. Іс-шараның шымылдығы Ыбырайдың өмір жолы туралы бейне материалдар мен шығармашылығына арналған слайдтар көрсетіліп, сахнада атасы Балғожа бидің немересі Ыбырайға бата беру сәтімен ашылды. Тамаша сахналық көріністен кейін Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық бағыты туралы зерттеуші ғалымдардың пікірлері мен қазақ даласында алғаш ашқан мектептері туралы арнайы деректі фильм ұсынылды.

Әрі қарай іс-шараны Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала», «Шеше мен бала», әңгімелерінен үзінділерін студенттер театрландырылған көрініспен ерекше образдарда сомдап көрсете білді. Ыбырай шығармаларының негізгі басты тақырыбы: адамгершілік, мейірімділік жайлы, еңбек, тәрбие, талаптылық, әдептілік, еліне, жеріне, ата-анаға деген сүйіспеншілік туралы. Өсіп келе жатқан жас буынды еңбекті сүюге, адалдыққа, жалқау болмауға шықырған. 

Осы шығармаларын арқау ете отырып, студенттеріміз Жұмабаева Алсу – «Ананың сүюі», Колзова Карина – «Өнер-білім бар жұрттар», Дзёба Ольга – «Өсиет өлеңдер», Турумбаев Рустем – «Өзен»,  Бахтыбай Бақдәулет – «Кел балалар, оқылық!» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып ерекше өнерлерімен тәнті етті, сондай-ақ колледж студенттерінің орындауында халқымыздың дәстүрлі керемет ән, күй,  би секілді өнерлерімен көрермендердің назарын аударта білді.

Аталған іс-шарада колледждің талантты да, алғыр студенттері: Ділмар Арғынбай, Аяулым Сәкенова жүргізушілік қабілеттерімен танылса,  Нұрсұлтан Қабдуллаев, Диана Мейрам, Тоғжан Сисабаева, Көркем Урусбаева, Эльдар Тугунбаев, Нұрдаулет Ақжүнісов, Бекжан Олжабек, Нұрсұлтан Кәріп және тағы да басқа студенттер қатысып өздерінің жан-жақты өнерлерімен аталған іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ерекше ат салысты.

Іс-шараның соңында колледж директоры Смагулова Нұрбибі Абсадыққызы өзінің қорытынды сөзінде Ұлы ағартушы, ұстаз Ы. Алтынсариннің әрбір шығармасының жас ұрпақ үшін алатын орны ерекше екеніне тоқталды және барлық қатысып, өнер көрсеткен студенттерге алғыс білдірді. Ыбырай Алтынсарин өз шығармаларында өмірдегі сарқылмас мол байлық – білім екендігін айта келіп, оған қол жеткізу үшін ерінбей – жалықпай еңбектену керектігін түсіндіреді. Осы бағыттағы Ұлы ақынның шығармалары бүгінгі күнде жас ұрпақты білімге, еңбектенуге үндейтін бірден бір сара жол болып табылатыны сөзсіз.

Нургуль КОНУРОВА,
ҚарТУ-дың ИТК оқытушысы,
п.ғ.м,
Қарағанды қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий