Бала тәрбиесі: қазақ халқының ұлттық ойындарының маңызы

Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғышарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады.

 

Ұлттық ойын – саламатты өмір салтын мұрат тұтқан арманшыл, елі мен жерінің қамын ойлайтын, ұлтқа тән барлық қасиетті қадір тұтатын, дара тұлға – жаңа адамды тәрбиелеп шығарудың құралы. Сабақ кезінде немесе сабақтан тыс кезде баланы ұлттық ойын арқылы өмірге тәрбиелеу үздіксіз процестің жалғасы. Жас ұрпақтың қалыптасып, өсіп-өнуіне әсер ететін факторлардың бірі, дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты – халықтың ұлттық ойындары болып табылады.

Балабақша балалары болашақтың иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын, деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.

Ұлттық ойындарды оқу және тәрбие үрдісінде пайдаланудың өзектілігі қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жастарға үлгілі, өнегелі тәрбие беру – қазіргі міндеттердің бірі. Бала тәрбиесі – өткен заманнан бастап адамзатты толғандырып келе жатқан өмірдің өзекті мәселесі. Қазақ халқы ежелден жас ұрпақты сегіз қырлы, бір сырлы болып өсуін мақсат еткен. Әрдайым баланы қамқорлыққа алып, жан-жақты тәрбиелеп отырған, мәдени мұраға бай халық.

Сондай мәдени дүниелердің қатарына ұлттық ойындарды да жатқызамыз. Халқымыздың өмірде дені сау, шыныққан бала тәрбиелеу жөнінде кейінгі ұрпақтарына үлкен де бай мұрасы – ұлттық ойындар. Қазақ халқының ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», – деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Балалар ұлттық ойын үстінде өнеге алып, мінез қалыптастырады, ұлттық салт-дәстүрлермен танысып, қасиетін айқындай бастайды. Тәрбиеші ұлттық ойын үстінде әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбітуге, ұлттық мінез-құлқын қалыптастыруға аса көңіл бөліп, тереңірек шұғылдануға тиіс.

Жауапты міндеттердің баянды болуы үшін егемен еліміздің ертеңгі қажетін өтерлік, жерін, елін сүйетін, адамгершілік қуаты мол, білімді, парасатты, ана тілін, ата-баба салтын бойына сіңірген, оны қастерлей білетін азамат өсіруде ұсынатын ең басты құралымыз – ұлттық ойындар. Халықта: «Баланы ойын өсіреді», – деген даналық сөз бар. Бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі ширай түседі. Ұлттық ойындар арқылы тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайында таным-түсініктері қалыптасады. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін де негізгі іс-әрекет – ойын. Ұлттық ойындар ата-бабамыздан бізге жеткен, өткеніміз бен бүгінгі байланыстарымыз – баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Ұлттық ойындар балаларды шапшаңдыққа, алғырлыққа, батылдық пен жүйріктікке, елін, жерін қорғауға, салт-дәстүрін қастерлеуге тәрбиелейді.

Халықта: «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың», – деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтер шешуші рөл атқарады. Жалпы ойынның қандай түрі болмасын, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Халық ойындары өмірлік қажеттіліктен туады да, психологиялық жағынан денсаулық сақтауға негізделеді.

Тапқыр да алғыр, шымыр да епті, қайратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын отбасы жоқ. Демек ойынның өзі бала үшін біліктің, тәлімнің қайнар көзі болып табылады. Балаларға ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып өткізіп отыруды ата-аналар, тәрбиешілер бір сәт те естен шығармағандары абзал. Өйткені бүлдіршіндер ойнай да, күле де, ойлай да білуі керек.

Нургул РАЙЫМОВА,
«Қособа» мектеп-бөбекжай-балабақша әдіскері,
БҚО, Сырым ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий