Жас мамандарды шыңдау – маңызды іс

Мектебіміз жыл сайын жас мамандармен толығуда. Бұл – әрине, қуантарлық та, құптарлық жағдай. Осы орайда, еңбек жолын жаңадан бастаған жас мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету – мектептегі маңызды жұмыстардың бірі. Жас мұғалімдердің әдістемелік дағдыларын, үнемі өздігінен даму мен өздігінен жетілуде керек қажеттіліктерін, шығармашылық қызметінің жеке стилін қалыптастыруға жағдай жасау мақсатында тәжірибелі ұстаздардан тәлімгерлер тағайындалады.

Олармен бірлесе әр түрлі бағытта жұмыстар жүргізе отырып, білім беру үдерісіне заманауи тәсілдер мен алдыңғы қатарлы педагогикалық технологияларды енгізуге және ақпараттық-әдіснамалық мәдениеті деңгейін арттыруға көмектесуді ұйымдастырып отырамыз. Осы мақсатта әріптестермен бірлесе өткізген  шаралардың бірі – «Жас мамандардың педагогикалық кәсіптік шеберлігін  арттыру»  тақырыбындағы әдістемелік коучинг.

Мақсаты: жас мамандарға заманауи білім берудің әдіс-тәсілдері туралы мәліметтер алуға жағдай жасау; жас мамандарды педагогикалық жаңашылдыққа баулу; оларға әдістемелік көмек көрсету арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және көңіл күйіне, сабақтағы іс – әрекеттеріне, өз-өзіне рефлексия жасай білуге үйрету.

Коучинг бағдарламасына сай мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Р.Гиззатова жас мамандарға әдістемелік дағдыларды, үнемі өздігінен даму мен өздігінен жетілу қажеттіліктерін қалыптастыру, үздіксіз білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру жолдары және оларға кәсіптік қиындықтарына көмек көрсету бағыттары  аясында сөз қозғаса, мектеп психологі Ы.Мамбеталиева психологиялық ахуал туғызуда «Біз біргеміз» тренингін ұйымдастырды.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Т.Мендигалиева жас мамандардың мұғалім мамандығына келудегі таңдау мақсаты, алға қойған ұстанымдары мен ерекшеліктері, мамандыққа деген жауапкершіліктерін анықтау мақсатында миға шабуыл әдісімен «Менің таңдауым…» атты ой бөлісуді жан – жақты ойластырып, тәжірибелі ұстаздардың өмірімен байланыстырды.. Сондай –ақ, «Әдістер жәрмеңкесі» бөлімі бойынша сабақтың әр бөлігінде қолданылатын әдістерге жан-жақты тоқталып, мақсатына қарай пайдалану жолдарын бірлесіп тарқатты.

Негізгі бөлім бастауыш сыныбы мұғалімі, облыстық «Даналық баспалдағы» тәжірибе алмасу педагогикалық шеберлік мектебінің мүшесі У.Айтпукешеваның үздік қысқа мерзімді жоспарлар құрастырудағы шығармашылығымен ұштастырылып, «Сабақ – мұғалім шеберлігінің айқын көрінісі» тәжірибе алаңымен жалғасын тапты. Бұл бөлімде жас мамандар ҚМЖ құрастырып, ондағы басты талаптардың орындалуына мән бере топтық жұмыс жасап, қорғады, топтар бір-бірін бағалап, ұсыныстарын білдірді.

Яғни, ҚМЖ жасау кезіндегі талаптарының бірізділігі нақтыланды. Рефлексияда мектеп тренері бастауыш сынып мұғалімі А.Бисюкова «3Қ» әдісі арқылы жас мамандардың білім беру үрдісіндегі қиын, қызық, құнды мәселелерін тыңдап, қажет деп танылған ақпараттармен тәжірибе алмасты. «Жас маман – тың идея мен жаңалықтың жаршысы» тақырыбындағы қорытынды бөлімде мектеп директоры Р.Мукатов жас мұғалімдердің кәсіби шыңдалуына қажетті кеңестер берді.

Білім мазмұнындағы жаңашылдықты дұрыс қабылдап, оқу үрдісіне енгізіп, оқытудың әдіс – тәсілдері мен әр түрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруда іс-тәжірибесі мол ұстаздар қауымынан үйреніп, білмегенін сұрап, әрдайым іздену жолында шығармашылықпен жұмыстану керектігін назарға салды. Сонымен қатар үлкен тағылымдық мәні бар дана бабаларымыздың өнегелі сөздерін үлгі етіп, білім мен білікті ұштастыра білу мәселесіне тоқталды.

Әдістемелік коучинг «Жас маман, Сен бізді таңда, қоғам сені таңдасын!» деп тұжырымдалып, жас мамандарға естелікке «Жас маманға кеңес» кітапшасы табысталды және жастарға деген сенімнің орындалатыны күмән тудырмайтын қатысушылардың жақсы тілектерімен аяқталды.

Ринат Геннадиевич МУКАТОВ,
Ерденбек Ниетқалиев атындағы жалпы
орта білім беру мектебінің директоры,
Райхан Амантаевна ГИЗЗАТОВА,
мектеп директорының оқу ісі жөніндегі
орынбасары, Батыс Қазақстан облысының
Жәнібек ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий