НЗМ: Ақтөбелік Әлішер Еркебаев ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салды

Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «D» сынып оқушысы Әлішер Еркебаев әл-Ферғани атындағы физика пәні бойынша бірінші халықаралық олимпиадада алтын медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Ақтөбе қаласындағы НЗМ баспасөз қызметі.

Ұлттық құраманың қоржынында 2 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль бар. Олимпиада Өзбекстанның Ферғана қаласында қараша айының 8-13 аралығында өтті. Зияткерлік байқауға 18 елден, соның ішінде Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Румыния және тағы басқа елдерден 130-ға жуық оқушы қатысты. Әл-Ферғани атындағы физика пәні бойынша халықаралық олимпиада екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңде – жазбаша жұмыстар, ал екіншісінде практикалық жұмыстар қаралды.

– Олимпиада тапсырмалары күрделі болды. Есептер бастапқыда оңай болып көрінгенімен, шешу жолдары қиын. Сол себепті алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша қатысушылардың орта баллы жоғары болмады, – дейді Әлішер Еркебаев өз сөзінде.

Ақтөбелік зияткер Олимпиадада қызығушылықтары ортақ көп дос тапқанына қуанышты. ТМД елдері оқушыларымен жақын араласқанын, сонымен қатар Оман Сұлтандығы құрамасымен танысып, олардың салт-дәстүрі мен мәдениетінен, олимпиадаға дайындалу үлгісінен хабардар болғанын айтады.

Аталмыш олимпиадаға Қазақстан құрама командасынан 2 ғылыми жетекші барған болатын. Олардың бірі Ақтөбедегі Зияткерлік мектептің физика пәнінің мұғалімі, өткен жылдың үздік педагогі, биылғы «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық сыйлығының финалисі Мират Оспанов.

– Әлішерге 7-сыныптан бастап сабақ беремін. Оның жетістігі – тыңбай еңбек еткенінің, өзіндік тәртіптің нәтижесі. Оқушымның жеңісін өз көзіммен көру мен үшін үлкен бақыт!, – деп ағынан жарылды Мират Қорғанбекұлы.

«Олимпиададағы бәсекелестік өте жоғары болды, өйткені қатысушылардың басым бөлігі физика бойынша халықаралық олимпиада (IPhO) рейтингінде алдыңғы қатарда. Біздің балалар тамаша нәтижелер көрсетіп, Қазақстанды әлемдік аренада лайықты көрсете білді. Қазір білім және ғылым министрлігінің «Дарын» орталығы оқушыларымыздың халықаралық олимпиадаларға қатысуына жағдай жасау үшін әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларды өткізу бойынша жұмыс істеп жатыр», – деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий