Өнерлі өрендеріміздің өнегелі болуына үлес қосу – ұстаздық борышымыз
Тәуелсіз еліміздің барлық аймақтарындағы музыканың түрлі бағыттары бойынша арнайы білім беретін арнаулы оқу орындары сияқты жергілікті өңірдің талантты жастарын өнерге баулып, қарымы мен қабілетін жетілдіру арқылы шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған біздің колледжде де салалық министрліктің тарапынан бекітілген мемлекеттік оқу бағдарламасына сәйкес таңдалған мамандықтарға сәйкес дәстүрлі дәріс берудің барлық мүмкіндіктері қарастырылған.

Музыка – ерекше өнер түрі екендігі баршаға белгілі. Зерттеуші мамандардың мәлімдеуінше музыканың көп жақты сырын игеру, түсіну, қабылдау, тереңдеу мектеп табалдырығынан басталуы тиіс. Ұлттық өнеріміздің шығу тарихы және даму кезеңдері тым ерте кезеңдерден тамыр тартады. Қорқыт ата бабамыздың есімімен тығыз байланысты қобыз аспабының бойында он жеті ғаламның үні бары тегін айтылмаса керек. Қобыз үні адамның жан–дүниесін басқа таза әлеммен байланыстырады. Рухани, таза сезімдерді адам жанына ұялатып, адалдық пен шындыққа баулиды.
Түркі тілдес халықтардан бастау алатын қобыз тарту өнері сан ғасырлар бойы бізге жетіп, көптеген күйлер сақталып, қобызшылардың репертуар қорынан ерекше орын алды. Қобыз аспабының түрлері орындалу ерекшеліктерімен, дыбыс қатары мен құрылысымен диапозонымен әр түрге бөлінеді. Қазіргі таңда қобыздың оркестрге лайықталып жасалған жаңа түрі прима – қобыз аспабы барынша кеңінен таралған. Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі ұйымдастырылған тоқсан жылға жуық уақыт бұрын қолданысқа енгізілген бұл аспапты ұлтжанды тұлғалар республиканың өңірлерін аралап, концерт берулері барысында талғампаз тыңдарман қауымға барынша насихаттаған болатын. Себебі бұл – диапозоны жағынан өте кең, ойнау техникасы бай, дыбысы әсем, сазды аспап ретінде кәсіби мамандардың көңілінен шыққан еді. Әрі кез-келген музыкалық шығармаларды, оның ішінде классикалық, полифониялық, ұлттық нақыштағы кез-келген күйді еркін орындауға жол ашылды.

– Ахмет Жұбанов 1934 жылы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрін құрды. Орыста оркестр 1989 жылдан бері бар. Мәскеудің Музыка-драмалық техникумын оқып келген адам, қазақта да болсын деген ғой. Сөйтіп, он бір адамның басын құрайды. Ол он бір адам бұрын-соңды бірлесіп, күй тартып көрмеген. Содан сұрастырса, бәрі де «Сарыарқа» күйін біледі екен. Ойнай жөнеледі. Бір кезде ішіндегі бір қартаңдау кісі домбырасын тартпай, бос отыр дейді. «Сіз неге қосылмай отырсыз?», – десе, әлгі кісі: «Менің «Сарыарқам» әлдеқашан біткен» дейтін көрінеді. Ол кезде приманың аты да жоқ кез. Тек домбыра, шаңқобыз. Содан кейін тек қана қазақтың күйі емес, Батыстың классикалық шығармаларын қоса бастағандықтан, әртүрлі аспаптар, қосымша дыбыстар керек болған. Алғашында бұл кісілер приманы домбыраға ұқсатып, қос ішекті етіп жасаған. Бірақ бұның диапазоны жеткіліксіз болғандықтан, үш ішектіге ауыстырған. Сөйтіп, музыканың тембріне байланысты домбыра кей кездері примамен, кей кездері бас домбырамен қосылып кететін. Қазір де солай. Бұны Ахмет Жұбанов енгізген, – дейді аға буын ардагер ұстаз П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің домбыра класы бойынша оқытушысы қызметін атқарған Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Өтепберген Хамзин.
(Қараңыз: Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының ресми басылымы «Қазақ әдебиеті» апталық газетінің 2012 жылғы қазан айында жарық көрген №41 (3309) санында жарияланған «…Домбырадан шыққан» тақырыбындағы жас жазушы Арман Әлменбетпен сұхбатын). – Прима орыстың аспабы емес. Орыстар оны бізден алған. Жалпы, өзі «прима» деген итальян тілінде «бірінші» деген сөз. Атауы содан шыққан. 2002 жылы Мәскеуге барғанымда маған бір журналист келіп: «Қазақсыз ба?», – деп сұрады. «Қазақпын» дедім. Сонда айтқаны: «Біздің балалайкамыз сіздердің домбыраларыңыздан шыққан, соны білесіз бе?», – деді. Қазақта «тұмар домбыра» деген домбыраның түрі болған. Үш бұрышты болған. Сол кезде орыстың мұжықтары сол домбыраға қызығып, үйреніп жүргендерін көріп, Иван Грозный олардың бірнешеуін асып тастаған деген де дерек бар. Сонда балалайка да домбырадан шыққан болып шығады. Приманың оркестрде алатын орны ерекше. Домбыраның дауысы күмбірлеген кезде, приманың дауысы ащы болып шығып, дауысты ашып, айқындап тұрады. Приманың дәрежесі жыл сайын көтеріліп келеді. Қазір осы аспапта ойнайтындар арасында халықаралық байқаулар болып жүр. Мен сол байқаулардың әділқазылар алқасының төрағасымын.

Өнердің өрістеуі, тындаушылардың талғампаздық талабы, жаңаша қалыптасып келе жатқан педагогикалық жүйе мен репертуарлық сұраныс, қобызды әлде де жетілдіре түсу міндетін жүктеді. Бұл аспап шын мәнінде прима емес еді. Өйткені, оның құрылысы, бұрауы, диапазоны альтке жақын болатын. Толық альт болу үщін оған кіші октаваның «до» ішегі ғана жетіспей тұрды. Сондықтан нағыз приманың регистрінде жазылған шығармаларды орындау өте қиынға соқты. Бұл жағдайлардың негізінде үш ішекті прима–қобыздың музыкалық аспап ретіндегі құндылығы төмен екендігін көрсеткені анық еді
Себебі бұл аспап бұрауы кіші октавадағы «соль» және бірінші октавадағы «ре», «ля» дыбыстарына келтіріле жасалған болатын. 1953-1954 жылдарда үш ішекті қобызды өзгерту жолымен прима-қобыздың тағы бір түрі жасалып, дүниеге төрт ішекті прима – қобыз келді. Көлемді шанағы кең ұстап отыруға ыңғайлы, шанақ қақпақтары өзара желдік арқылы байланысының нәтижесінде, олардың тербелігі жақсарды. Тынысы кең аспапқа айналды. Алғашқыда үш ішекті болған прима қобыз аспапбының дамуына үлкен үлес қосқан, түрлендіріп, әуездендіріп ойнай білген, талғамы биік талапты дүл-дүл өнер шеберлерінің алғашқыларының бірі – Гүлнафис Баязитова еді.

Дәстүрлі қобыздағы ойынның қағидаттарын алдыңғы қатарлы классикалық аспаптардың сазды үніне ұтымды үйлестіру арқылы түрлі көркем туындыны жоғары деңгейдегі шығарма сатысына көтеру үшін орындаушыға қолайлы әдіс-тәсілдерімен толықтырып, жандандырылған қобыз-прима аспабындағы ойнаудың тың тәсілі мен әуезді әдісін қалыптастырған тәжірибелі тәлімгерлер мен майталман мамандардың жұлдызды шоғырының ерен еңбегі мен қажырлы қызметін жас ұрпаққа дәріптеу және олардың бізге табыстаған рухани аманатына адалдық ретінде іргелі ізденістерін жаңа дәуірдің заманауи талаптарына сай дамыту ең басты парызымыз.
Алдыңғы аға буын өкілдерінің педагогикалық және орындаушылық жетістіктерінің құпиясы – дәстүрлі мәдениеттің негізіне сүйене отырып, шығармашылық даралық пен жаңашылдыққа ұмтылуымен ұлт тарихында мәңгі сақталары даусыз. Қазақ халқындағы ұлттық музыка аспаптардың бірегейі саналатын қобыз – құрылысы, ойналу тәсілі күрделі, қоңыр сазды тылсым үні адамның жан дүниесіне табиғи әсер қалдыратын ерекше аспап. Қорқыт бабамыздың күйлері тартылған сонау көне дәуірлерден, басталып, соңғы ғасырлардағы Ықылас шығармаларына дейін жалғасып, бізге жеткен қобыз сарыны – халқымыздың қайталанбас, қастерлі мұрасы.

Мол мәдени мұраны танып, меңгеру – бүгінгі, келешек ұрпақтар үшін парыз десек, оны оқытып, үйрету – бүгінгі таңда кәсіби мамандардың міндеті. Кезінде қобыз тарту өнерінің мектебі қалыптасып, бұл дәстүр кәсіпқойлық өнер деңгейіне көтерілген еді. Ал тұлғаны музыкаға тәрбиелеу дегеніміз – ол баланың бойында белгілі бір қызығушылықты ояту, қажетті құндылық бағдарын, соның ішінде пайдалы іс–әрекеттерді қалыптастыру, дарындылық көзін ашу деген сөз. Қабілет дегеніміз – белгілі бір немесе бірнеше істі үздік орындауға мүмкіндік беретін адамның әр түрлі жеке қасиеттері, ал дарындылық дегеніміз – қабілеттердің өте жоғары деңгейі. «Бұлақ көрсең көзін аш», – дегендей, өнерлі өрендеріміздің өнегелі болуына үлес қосу – ұстаздық борышымыз.
Гульнара Умирзаковна ЖУМАБАЕВА,
Жезқазған музыкалық колледжі коммуналдық
мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының арнайы
аспап (прима қобыз) оқытушысы, Қарағанды облысы