Қазақстан ұлттық командасы Астрофизика және астрономиядан Халықаралық олимпиада алтын медаль жеңіп алды!
БІРІНШІ РЕТ-Қазақстан ұлттық командасы Астрофизика және астрономиядан Халықаралық олимпиада АЛТЫН МЕДАЛЬ жеңіп алды!!! Бұл айтулы жеңісімізді ЕЛІМІЗДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 жылдық мерейтойына арнаймыз!
IOAA (International Olympiad on Astronomy and Astrophysics, (https://www.ioaastrophysics.org/) 2007 жылы Таиланд, Индонезия, Иран, Қытай және Польша өкілдерімен физикадан халықаралық олимпиадаға ұқсас (International Physics Olympiad, IPhO) және жоғары сынып оқушыларын астрономия мен астрофизика саласына ынталандыру мақсатында құрылған. Бұл халықаралық олимпиада жаратылыстану ғылымдары: геометрия, алгебра, жоғары математика, физика, астрономия, астрофизика, космология, ақпараттық технология және т.б сияқты ғылымның өзекті салаларының тоғысында қиын мәселерді шешуге арналған интелектуалдық сайыс ретінде жыл сайын жаһандық бәсекелестік пен ынтымақтастық рухында әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген талантты жастарды біріктіреді. Сонымен қатар, Бірінші рет IOAA 2007 жылы Тайландта, одан кейін Индонезия, Иран, Қытай, Польша, Бразилия, Греция, Румыния, Индонезия, Индия, Тайланд, Қытай және Венгрия мемлекеттерде аса жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді.
Қазақстан ұлттық командасы осы олимпиадаға 2012 жылдан үзбей қатысып, 55 ке жуық күміс, қола және Мақтау қағаздарын алып отырды.
Ал биыл ерекше қуанышты жағдай болды! Он жыл бойы үздіксіз қатысып, БІРІНШІ РЕТ-Қазақстан ұлттық командасы Астрофизика және астрономиядан Халықаралық олимпиада АЛТЫН МЕДАЛЬ жеңіп алды!!!
2021 жылдың 14-21 қараша аралығында 14-ші IOAA Колумбия мемлекетінің Богота қаласында гибртдтік форматта өткен олимпиадаға әлемнің 49 мемлекетінен 300-ге жуық оқушылар мен студенттер қатысты.
Биылғы олимпиадаға Қазақстан ұлттық командасы мынадай құрамда қатысты: Хайдар Оразхан (Haileybury, Алматы) Диас Еспан, Сардар Конурбаев (Республикалық физика-математика мектебі) және Пітебай Ерсултан, Турсынкан Әкежан (Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі), жетекшілері Бейсен Нұрзада (әл-Фараби ҚазҰУ профессоры) және Мансурова Айжан (әл-Фараби ҚазҰУ PhD докторанты, Назарбаев зияткерлік мектебі физика пәні мұғалімі), супервайзерлер Даулет Имашев және Алия Ахметова (РФММ мамандары).
Ерекше жағдайда өткен олимпиадаға команда Республикалық физика-математика мектебі базасында, мектеп директоры Алмаз Кунгожиннің тікелей басшылығымен және ұйымдастыруымен қатысып, осы үлкен жетістікке жетті. Олимпиада талаптары мен Ережелеріне сай әр қатысушынының қолы, беті, ту сыртынан, жалпы әр қимылын бақылайтын және видео-аудио жазылым жүргізетін жеке компьтерлермен, үздіксіз интернет байланыспен, олимпиада академиялық тобының дайындаған есептеріне қажетті бағдарламалар (Jhelioviewer, boxplot, python мен matplotlib қолдану) мен платформалармен (ZOOM, Google Meet, Olyexams, Google Spreadsheets and others) арнаулы жасақталған кабинет 14-21 қараша аралығында Коломбия, Богота ұйымдастыру комитетінің тарапының үздіксіз бақылауында болды.
Олимпиада төрт кезеңнен тұрды. Теориялық турда қатысушылар астрономия мен астрофизиканың кем дегенде төрт саласын қамтитын және жоғары деңгейдегі қосымша білім мен физиканың ғарыштық аспектілерін білуге арналған есептерді шешті. Бақылау туры қатысушылардың жұлдызды аспан туралы біліміне есептелді. Практикалық тур кезінде – зерттеу деректеріне негізделген алынған деректерді өңдеу негізінде есептер болды. Сондай-ақ әр командаға олимпиада барысында шешуге тура келетін зерттеу мәселесі ұсынылды.
Олимпиада бағдарламасы:
14 қараша – олимпиаданың ашылуы;
15 қараша – практикалық тур – деректерді талдау;
16 қараша – бақылау туры – Күн физикасы;
17 қараша – теориялық тур (15 ұзын есеп 5 сағатқа есептелген, шешімі тіпті 70- ке жуық бетті қамтиды);
17-18 қараша – командалық жарыс (жеке есептен тыс);
19 қараша – бақылау туры – Аспан симуляциясы;
20 қараша – модерация (қазылар алқасымен ұпайларды талқылау);
21 қараша – олимпиаданың жабылуы.
Олимпиаданың қорытындысы олимпиадаға қатысушылардың ең жоғары ұпайының нәтижесі бойынша шығарылды. Алтын медаль, күміс медаль, қола медаль және «Құрмет» сияқты марапаттар болды. Бұл олимпиадада жетістікке қол жеткізу өте қиын болып табылады. Себебі, оған 20 жасқа дейінгі әрбір елдің таңдаулы үздік мектеп оқушылары мен студенттері қатысады, Жоғарыда айтылғандай, бұл есептерді шешу үшін қатысушы математикалық аппаратты толығымен меңгерген, оның үстіне физиканы жақсы білуі керек. Кейде химиялық рекацияларды жазуды да талап ететіні де бар, сондай-ақ биологияға қатысы бар «планетаның өмір сүруге қолайлылық жағдайларын анықтаңыз» деген сияқты мәселелер бар.
Биылғы олимпиадада жеткен үлкен жетістігіміз Пітебай Ерсултан – Алтын Медаль және Хайдар Оразхан – Қола медаль жеңіп алып Еліміздің көк байрағын жоғары көтерді дегіміз келеді! ЖЕҢІС БӘРІМІЗГЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!!!
Бейсен Нұрзада,
Қазақстан ұлттық командасының ғылыми жетекші және жаттықтырушысы,
IOAA Халықаралық Кеңесінің тұрақты мүшесі