ЕҰУ студенттері – инновациялық «Youth startup» бизнес жобалар байқауының диплом иегерлері
Еуразия ұлттық университетінің студенттері Кәрім Мазманов пен Аймырза Серіков Бизнеске арналған инновациялық идеялар фестивалі аясындағы «Youth startup» байқауының 3–дәрежелі дипломдарымен марапатталды, – деп хабарлайды ЕҰУ баспасөз қызметі.
Аталған байқауды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан маркетинг қауымдастығы және «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры ұйымдастырды.
Физика-техникалық факультетінің студенті Аймырза Серіков қаладағы және университеттегі оқиғаларды қадағалауға көмектесетін, сонымен қатар әлеуметтік желі қызметін атқаратын мобильді қосымша жобасы авторларының бірі. Ал көлік және энергетика факультетінің 3 курс студенті Кәрім Мазманов онлайн жұмыс іздеу платформасының жобасын әзірледі.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі – Ғылым, коммерциаландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Гүлнар Мерзадинова жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтарды салтанатты түрде табыс етті.
Сондай-ақ проректор университеттің бизнес-инкубаторының резиденттерімен кездесіп, стартап жобаларымен танысты. Абзал Хабдолла БАҚ және жарнама бағыты бойынша жобасын ұсынса, Елнұр Сәкенұлы ҰБТ-ға дайындықтың тиімді курстары туралы айтты.
Физика-техникалық факультетінің оқытушысы Жұмахан Шарифов «Радиоэлектроника» үйірмесімен таныстырды. Кездесу нәтижелі болды. ЕҰУ бизнес-инкубаторы жаңа бастаған стартаптарға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады.
Загрузка...