Мектеп тәжірибесіндегі оқушылармен серіктестік
Оқушылар заманауи талаптар қағидасына сай білім алуды қалайды. Сондықтан мектебіміздің «Біз әр баладан үміт күтеміз, білімнің бақыт кілтін табуға, құндылықтар негізінде нәтижеге жетуге қолдау көрсетеміз» деген миссиямыз аясында оқушының сұранысына сай білім алуына барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз.
Мектептің тыныс-тіршілігі баламен тікелей байланысты. 2020-2021 оқу жылында мектептер бұрын-соңды болып көрмеген үрдісте жұмыс істеді. Қашықтан оқыту мен оқуды аз уақыт ішінде оқыту тәжірибесіне қолданып қана қоймай, түрлі білім беру платформаларын меңгеріп, сапалы білім беру үлкен біліктілікті талап етеді. Біздің ұстаздарымыз осы межеден нәтижелі шыға білді.
Мектеп тынысындағы жұмыстар тоқтаған жоқ, қайта жаңғырып, икемділікпен алға жылжи түсті. Оқушылар мүмкіндігін ашатын бірлескен жобаларымыз жүйелі жалғасын тапты. Соның бірі – «Оқушы үні» жобасы. Мектептің негізгі қызметі оқушыға қарай бағытталатыны белгілі. Сондықтан оқушы ұстаз алдында тек білім алушы емес, досы, серіктесі деуге болады. Оқушымен диалог жүргізіп, пікірлеріне құлақ түріп, оқушының сындарлы көзқарастары мен өзіндік пікірлерін басшылыққа алуға болады.
Сол себепті «Оқушы үні» жобасы барысында төмендегі жетістіктерге жетуге мүмкіндік аламыз: қалай оқу керектігін түсіну, өз біліміне жауапкершілік алу және сенімділік қалыптастыру, ортақ мақсат пен құндылық негізінде білім алу, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, сыни ойлауын дамыту, оқуындағы кез келген мәселеге терең үңілу, жаңа форматқа икемделу, оқудағы қажеттіліктерін түсіну және т.б.
Жоба іске асырылған үш жылдан аса уақыт не үйрендік? Алдымен, оқушыларымыз өз оқуларына талдау жасап, белгілі бір кедергілері мен жеңістерін нақты атап көрсетіп, деректерді қолданып, мәселені шешуге қатысты. Екіншіден, өз идеяларын іске асырды. Үшіншіден, үнемі өз сыныптарының жағдайында қалай оқу керектігіне сұрақтар қойып, жауаптарын өз бетінше ізденулеріне қол жеткізді. Төртіншіден, ашық диалогтік алаңға қатысып, мектептің дамуына үлес қосуда белсенділік танытып, көшбашылық дағдылары қалыптасты.
Оқушылар арасында өз ұсыныстары бойынша тәлімгерлік жобалар, әлеуметтік жобалар қолдау тауып, белсенді эксперименттерін жүргізді. Жоба жұмысының маңыздылығы оның сапалы болуына ықпал етеді. Оқушымен ашық сұхбаттасу, пікірлерін есту, оларды түсінуге тырысу, оқушы рөліндегі ойларына барынша мән беру, сол арқылы оқушының үнінен қалай оқығысы келетіндерін және мектептің ол үшін нені жоспарлап, жетілдіруге болатынын зерделеу – бұл ең маңызды аспект. Себебі мектеп оқушылар үшін ең қауіпсіз мекенге айналу керек. «Оқушы үні» жобасы – осы қадамға нақты басымдық болатын ең сенімді жоба.
Гулжанат АБДРАМАНОВА,
Ілияс Есенберлин атындағы
№67 гимназияның директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы