Ұлағатты ұрпақ – болашақтың іргетасы
Аристотельден кейінгі әлемнің «Екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға алдымен білім бермес бұрын, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы», – деп пайымды пікір айтқан еді. Бүгінде өскелең ұрпақты адамгершілік қасиеттерге баулу – мұғалімдердің асыл парызына айналып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №64 мектеп-лицейінде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бір төбе. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және еліміздің қолданыстағы заңнамалары аясында жас ұрпақтың бойына жалпыадамзаттық әрі ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында арнайы жоспар жасалып, көптеген жобалар қолға алынды.
Жеке-жеке тоқталар болсақ, «Туған елге тағзым», «Анашымның алтын қолы», «Жас жол инспекторы», « 64-те қонақта» тағы басқа да жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымдары, «Жас құтқарушы» әскери-патриоттық, «Адал ұрпақ», «Парасатты азамат» клубтары ұдайы тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар жүргізуде. Жеткіншектерді осы бастан адалдыққа тәрбиелеудің маңызы зор екенін бәріміз де жақсы білеміз. Бұл тұста «ANTIKOR.LIVE» жобасына жеке тоқталып өтуге болады.
Жастарға рухани-танымдық тәрбие беру мұғалімдер жұмысының ажырамас бір бөлігіне айналып отыр. Өйткені, бүгінгі қоғамда өмір сүріп жүрген адамдардың бойынан ізгілік, ар-ұят, намыс, парыз, сенім, жауапкершілік, жолдастық, мейірімділік, ұят, табандылық, қайырымдылық секілді қасиеттерді аңғара бермейміз. Сондықтан бұл бағытта «Mаster Art», «Отбасы кітап әлемінде», «Кел, бірге кітап оқиық!» жобалары арқылы осы олқылықтардың орнын толтыруды көздейміз.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау қажеттілігін баса айтқан еді. Қазақ халқының белгілі жазушысы, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің: «Бізге қарны тойса, қалғып кетпейтін ұрпақ керек», – деген мағынасы терең сөзі де бар. Бұл тәмсілден халқымыз қай кезеңде де жастарға зор үміт артқанын аңғарамыз.
Жас ұрпақты ұлттық тәрбиенің қайнарымен сусындату мақсатында мектебімізде жарыстар мен олимпиадалар үздіксіз өткізілуде. Атақты спортшыларды, ғалымдар мен көрнекті тұлғаларды дәріптеуді жүзеге асыру мақсатында «Мен өнерлімін», «Алтын ұрпақ», «100 ӘН», «Шешендік өнер», «Ұлттық құндылықтар» жобалары қолға алынды. Елімізде дәм-тұздары жараспай, ажырасып жатқан отбасылар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Ал ұстаздар қауымы ретінде ертеңгі күні отбасын құрметтейтін, махаббатқа адалдық таныта алатын азаматтарды бүгіннен бастап тәрбиелеу қажеттігін түсінеміз. Бұл бағыттағы іс-шаралар жүйелі жалғасын тауып келеді.
Оқушылардың бойында саламатты өмір салтын насихаттап, спортқа баулу мақсатында «Шах пен мат», «Ұлттық ойындар» «Медиатор» жобалары қолға алынған. Тоғызқұмалақ, асық ату, футбол, волейбол, шахмат, баскетбол, қол добы, үстел теннисі үйірмелеріне оқушыларымыз қызыға барады. Ұлағатты ұрпақ – ертеңгі елдің іргетасы. Сондықтан жастар тәрбиесінің жауапкершілігін ұстаздар салмақтай алады әрі оған сүбелі үлес қосу жолында аянбай тер төгуде.
Бану БАЙМУРАТОВА,
№64 мектеп-лицей директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы