Инклюзивті білім: педагогикалық-психологиялық қолдау
Инклюзив термині латынның «include» «қосу» – «мен қорытындылаймын, мен қосамын» деген сөзінің аудармасы. Инклюзивті білім беру шеңберінде оқыту үдерісіне мүмкіндігі шектеулі балалар бейімделмейді, керісінше, оқытудың мазмұны мен қарқыны баланың қажеттіліктеріне қарай бейімделеді.
Біздің білім ордамызда арнайы және ерекше білім алатын білім алушыларға 2011 жылдан бастап жағдай жасалып, қамқорлыққа алынған. Алғашқы жылдары ерекше қамқорлықты қажет ететін оқушылардың саны бесеу болған болса, бүгінгі таңда олардың саны – 212. Қазіргі уақытта мектебімізде 127 сынып жиынтығы болса, әр сыныпта бірнеше ерекше білім алатын оқушы оқуда. Ерекше қамқорлықты қажет ететін оқушылардың мектепте күнделікті сабақтары мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес жүргізіледі.
Тірек қозғалыс аппаратында бұзылыстары бар және есту, сөйлеу қабілетінде ақаулары бар оқушыларға көмектесетін жетелеуші тьюторлар (педагог-асисстенттер) бөлінген. Биылғы оқу жылынан бастап, ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың бұйрығымен барлық инклюзивті білім беретін мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Жалпы білім беретін сыныптарға енгізілген ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) ұсынымдарына сәйкес жалпы білім беретін оқу бағдарламалары, арнайы оқу жоспары, жеке оқу жоспары және жеке оқу бағдарламасы бойынша білім алуда.
Инклюзивті білім беруде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі аса маңызды. Бұл қолдау қызметінің құрамына мектеп директорынан бастап, оқу-тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасарлары, логопед мұғалім, педагог-психолог, дефектолог мұғалім, әлеуметтік педагог, емдеу-дене шынықтыру нұсқаушысы кіреді. Сондықтан мектебімізде мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сәйкес әр баланың табысты білім алуы мен дамуы үшін әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдай жасайтын мамандардың тұтас, жүйелі түрде ұйымдастырылған іс-әрекеті жолға қойылған.
Өзім басшылық ететін білім ордасында инклюзивті білім беру практикасында ұстаздар мен оқушыларға арналған ғылыми-әдістемелік, оқу-тәрбие, психологиялық, рухани құндылықтар бойынша көптеген іс-шараларды жүргізіп келеміз. Мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін арттыру және тәжірибелерін тарату мақсатында республика, қала мектептерінің басшыларына, педагогтеріне арналған бірнеше ғылыми-практикалық семинарлар, онлайн конференциялар өткіздік. Мақсатымыз: «Біз бірдейміз!» акциясы шеңберінде жаңартылған оқу бағдарламасының талабына сай ерекше қамқорлықты қажет ететін оқушылармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін, таңдау жолдарын, ерекшелігін көрсету және өзара тәжірибе алмасу болды.
Мектебімізде инклюзивті оқушыларды физиологиялық тұрғыдан спортқа бейімдеп, параолимпиада және сурдолимпиада спорт түрлеріне болашақ спортшыларды дайындап жатқан спорт тренелері, мұғалімдеріміз бар. Жүйелі 11 жылдық тәжірибемізді ескере отырып, мұғалімдердің теориялық жəне практикалық кəсіби дайындығының ең маңызды міндеті – педагогикалық-психологиялық қызмет көрсету құзыреттілігін қалыптастыруды дамыту екенін атап өткім келеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары да қоғамнан қолдау іздейді. Біз осы мәселелерге ерекше назар аудара отырып, алдағы уақытта да қоғам қажеттілігіне сай оқыту мен тәрбие беруді жетілдіре дамытамыз және жағдай жасауды арттыруымыз қажет деп есептеймін.
Нұргүл ЕЛЕКЕЕВА,
№65 мектеп- гимназиясының директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы
Загрузка...