Ы.Алтынсарин мұрасы насихатталды

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 180 жыл. Ұлт ұстазын ұлықтау мақсатында Ы.Алтынсариннің құрметіне елімізде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Мерейтойға, әсіресе, кітапханашылар белсене ат салысып, зор үлес қосуда. Жуырда Ы.Алтынсарин атындағы мамандырылған мектеп-интернаттың базасында Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ұлы дала қоңырауының үні» тақырыбында онлайн-семинар өтті. Семинар Zoom платформасында ұйымдастырылып, YouTube каналында тікелей эфирден көрсетілді.

Семинарға еліміздің түкпір-түкпірінен білім беру мекемесінің мамандары мен кітапхана мамандары қатысып, Ыбырай Алтынсаринге арналған шараны тамашалады. Алқалы жиынды мектеп-интернаттың директоры Ырсалды Келинбердиева құттықтау сөзімен ашты. Артынша сөз алған мектеп-интернат директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Мағзұм өзінің «Ұлы дала қоңырауының үні» атты баяндамасында Ыбырай Алтынсариннің аты берілген мектептері туралы, өткізіліп жатқан шаралар жайлы кеңінен таныстырып өтті. Ал әр облыстан қатысқан кітапхана мамандары баяндамаларын оқыды.

Ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталатын мектептерден қатысқан мамандар ағартушының шығармашылығы, оның артынан өшпес мұра болып қалған еңбектерінен және атқарылып жатқан шаралар жайында тұшымды мәліметтер берді. Сондай-ақ  Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың директоры ретінде арнайы слайд арқылы Алтынсарин элекронды кітапханасына таныстырылым жасадым. Семинар қатысушылары арнайы сертификатқа ие болды. Мерейтойға орай ағартушының өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау әрі дәріптеу мақсатында Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы арнайы Алтынсарин сайтын ұйымдастырып, оны толықтыру үстінде екенін айта кеткен жөн.

Халық ағарту жолында ұлты үшін аянбай қызмет еткен Ыбырай Алтынсариннің есімін ұлықтау, өскелең ұрпаққа дәріптеу – біздің мызғымас парызымыз. Сондықтан елімізде осы бағыттағы шаралар үздіксіз өткізіліп тұруы қажет. Мектеп, ЖОО мен кітапханалар жеткіншектерге халқымыздың дара тұлғаларын, оның ішінде ұлттың ұстазы болып, келер ұрпаққа баға жетпес қазына қалдырған Ыбырай Алтынсаринді дәріптеуден жалықпаса игі.

Алия САЙДЕМБАЕВА,
Республикалық ғылыми-педагогикалық
кітапхананың директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий