Өнегелі ұстаз Мұқатай Бейсеқұловтың өмір жолы

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, әрбір ұстаз жас ұрпақты білім мен тәрбиенің кәусәр бұлағынан сусындатып, оларға жүрек жылуы арқылы нұрлы жол нұсқары анық. Ғұмыр бойы білім саласында тер төгіп, сансыз шәкірт тәрбиелеп, шартарапқа қанат қақтырған ұлағатты ұстаз – Мұқатай Бейсеқұловтың ізгілікті істері көпке үлгі-өнеге.

Мұқатай Бейсеқұлұлы 1940 жылы мамырдың 16-сында Алматы облысы Көксу ауданы Лабасы округіне қарасты Еңбекшіқазақ ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Бейсеқұл Тоққұлынов 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, майдан даласында қаза тапты. Әкесінен жас қалып, мезгілсіз марқайған Мұқатай Бейсеқұлұлы 1948 жылы Еңбекшіқазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, 1958 жылы үздік нәтижемен оқуын бітіріп шығады. Өжет те жалынды жас 1958-1959 жылдарда сол мектепте аға пионер жетекшісі болып жұмыс істеді. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік С.М. Киров атындағы университетінің физика факультетіне оқуға түседі. 1964 жылы аталған университеттің физика факультетінің кіші ғылыми қызметкері, физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып шығады.

Оқуын үздік тәмәмдаған Мұқатай Бейсеқұлұлы кейін Еңбекшіқазақ орта мектебіне физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрады. Көп ұзамай жас мұғалім бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, аудандық комитетінің бюро мүшесі, мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болады. Осыдан кейін жан-жақты ізденістерімен небір биік белестерді бағындырған дағдылы ұстаз 1976 жылы В.И. Ленин атындағы орта мектептің басшысы тізгінін қолға алады. Міне, содан бастап мектеп директоры қызметін атқарып, ауқымды іс тындырған қарт ұстаз, 2006 жылы зейнеткерлікке шығады. Ал 2007 жылдан бастап, 2018 жылға дейін Көксу аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы болған.

Мұқатай Бейсеқұлов жары Сара Нагилбайқызымен бірге 5 бала өсіріп, 10 немере сүйген ардақты әке. Өкінішке қарай ардагер ұстаз 2021 жылдың қараша айының 13-інде өмірден өтті. Бар ғұмырын ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесіне арнаған Мұқатай Бейсеқұлұлының көзі тірісінде атқарған ізгілікті істері ұшан-теңіз. Ол қашан да адалдығымен, парасаттылығымен ерекшеленді. Білім саласында еңбек еткендердің біріне – әке, біріне – аға, енді біріне – ұстаз бола білді. Қандай жағдай болмасын айтар ойын баяу сөйлеп, ақылмен аңғартып, әңгімемен түсіндіретін. Ол көпке ұстаз ұлағатының ұлылығын, парасат-пайымының биіктігін дәлелдей білді.

Жемісті еңбегінің арқасында Мұқатай Бейсеқұлұлы «Алматы облысы Көксу ауданының Құрметті азаматы», «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Оқу ісінің үздігі» сынды мәртебелі атақтарды еншілеген. Бүгінде ұлағатты ұстаздың шәкірттері қоғамның сан саласын бағындырып, елінің мақтанышына айналды. Атап айтсақ, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Талдықорған жолдары» ЖШС бас директоры марқұм Жанайдар Егінбаев, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Талдықорған қаласының бұрынғы әкімі, қоғам қайраткері Сәкен Жылқайдаров және қазір де еңбек етіп жүрген елге танымал профессор, Ұлттық ғылым Академиясының академигі, Агроинженерия ғылыми-зерттеу орталығының басқарма төрағасы Сейітқазы Кешуов, «Қазақстан білім беру саласының үздігі», профессор, «Нархоз» университетінің «Экономика» кафедрасының меңгерушісі Алпысбай Сейдахметов ұлағатты ұстаздан тәлім алған түлектер еді.

Өз ісіне берілген, шәкірттерінің жанына нұр құя білген Мұқатай Бейсеқұлұлының өнегелі өмірі – жастар үшін тәрбиелік тағылымға толы. Оның қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден ерекшелендіріп тұратын. Білім саласында абыз ақсақалдың есімі әрқашан жаңғырып, жұрт жанында сақталары хақ.

Қуат КУЗБАЕВ,
Алматы облысы білім
басқармасының Көксу ауданының
білім бөлімінің басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий