Жаңашыл жастар – «New Zhastar»!

«Мен жастарға сенемін!», – деп қазақтың дара ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болмақ.

Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады. «Болашақтың кілті, елдің ертеңі – білімді жастар» десек, мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі де осы жастарға тікелей байланысты.

Кез келген балалар демалыс орнының баламен тығыз байланыста болып, бар күш-жігерін сала жұмыс атқаратын педагогикалық тобы болады. Біздің «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығымыздың ұйымдастырушы-ұстаздарының «Жастар» педагогикалық тобы орталыққа келген әр баланың жол көрсетер шырағы іспетті, орталығымыздың жүрегі деуге де болады. Олар уақытша құрылған балалар бірлестігімен тығыз байланыста болып, оқушыларға психологиялық ахуал мен жағымды жағдай жасап, шығармашылық қабілеттерін дамытып, өмірдің негізгі құндылықтарын: адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік, патриоттық сезімдерін нығайтып, жеке тұлға болып қалыптасуларына жағдай жасауда. Балалардың сабақтан тыс, бос уақыттарын тиімді пайдалануға жұмсайды.

Балалардың демалысының қызықты өтуі үшін күнделікті әр түрлі бағыттағы іс-шаралар, көңілді кештер ұйымдастырып береді. «Жастар» педагогикалық тобы баланың орталықтағы әрбір өткен уақыты үшін жауапты. Өзіне жауапкершілікпен берілген балаларға қамқор болып, үйдегі ата-ананың рөлін атқарады. Олар баламен бала болып ойнап, керек кезінде ата-ана, аға-әпке, дос, бауыр бола білетін әмбебаб-ұстаз, тұла бойы тұнып тұрған талант иелері. Бойындағы бар білгенін баланың бойына сіңдіру жолында барынша еңбек етеді. Біздің жастар «Үздік педагогикалық Жастар тобы-2019» атты II Республикалық байқауының Гран-при иегерлері.

Биыл «Жастар» педагогикалық тобының құрылғанына 20 жыл. Қарашаның 27-сі – «Жастар» педагогикалық тобының туған күні. Жалпы «Балдәурен» РОСО-ның ұйымдастырушы-ұстаздарын төл мерекелері «Жастар» педагогикалық тобының туған күнімен құттықтай отырып, ұжым атынан оларға ізгі лебізімізді білдіргіміз келеді:

– Құрметті «Жастар» педагогикалық тобы! Ел ертеңі болар жас ұрпақты тәрбиелеуде қанаттарыңыз талмай, аянбай еңбек етіп, жаңа жетістіктер мен сенімді достық, отбасыларыңызға амандық тілейміз. Ата-аналарыңыздың абыройлы перзенті, еліміздің нағыз азаматы болыңыздар. Алар асуларыңыз бен жетер жетістіктеріңіз көп болсын!

Орталығымызда әр ауысым сайын «Жастар» педагогикалық тобымен танысу кеші өтеді. Бұл кеште балалар өз ұйымдастырушы-ұстаздарын жаңа бір қырынан танып, нағыз топтың қандай болатынына көз жеткізеді. Орталыққа келген әр баланың жүрек төрінен орын ала білетін, мінезі мен тәрбиесі, білімі ұштасқан «Жастар» педагогикалық тобына алдағы уақытта тек сәттілік тілеп, жас ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек етулеріне тілектеспін! Болашақтың берік іргесін қалау қазіргі жастардың қолында. Қырандай ұшып қалықтар, педагогикалық топ – «New Zhastar»!

Бойларында жалындаған күші бар,
Осы кезде Жастарды сен есіңе ал.
Жастар алға, жастар самға – қалықтап,
Жастарсыз «Балдәуреннің» несі бал!
Бұл жастарсыз ойын-сауық, кештердің,
Ешбірі де қызықты болып өте алмас.
Тек алға «Балдәурендік» «New Zhastar»,
Сіздердей өнерліге ешкім осал дей алмас.

Айнұр ЕРНАЗАРОВА,
«Балдәурен» РОСО филиалының ұйымдастырушы-ұстазы,
Түркістан облысы, Төлеби ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий