Еңбектен бақытын тапқан жан

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Осынау «ұстаз» сөзінің астарында қаншама еңбек пен жанкештілік, махаббат пен сүйіспеншілік  жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру – тек ұстаздың қолынан ғана келетін қасиеттер. Қай дәуірде болсын  «ұстаз»  ұғымы қастерлі, қасиетті.  Өйткені қашан да қоғамға ұстаздың еңбегі керек-ақ. Тіпті зәру. Әр таңның атысы мен күннің батысы өзінің емес, сіздің қамыңыз үшін қамығып жүретін әрбір ұстаз атаулы жандардың еңбегін ұлы демей не дейсіз?!

Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі, бар саналы ғұмырын бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған шығармашыл тұлға, білікті маман Мария Айтбайқызы Орманова асқаралы 60 жасқа толып отыр. Ол 1961 жылы 13 қыркүйекте Қызылорда облысы Жалағаш ауданының «Коммунизм» ауылында дүниеге келген. 1978 жылы орта мектепті бітірген соң Жалағаш ауданындағы Оқушылар үйінде  қуыршақ үйірмесінің жетекшісі болудан еңбек жолын бастайды. 1979 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1983 жылы бітіріп шықты.

Студенттік шақтан үздік шәкірт, білікті ұйымдастырушылық қасиетімен көзге түскен қаршадай қыз талай игі істің жетекшісі болды.  Ғалым ұстаз, профессор Ә.Қоңыратбаев, ф.ғ.к. А.Шамшатова, ф.ғ.к. Н.Жүнісов, ф.ғ.к. М.Бимағамбетов, ф.ғ.к. Ә.Байжолов, ф.ғ.к. М.Достанов, ф.ғ.к. Ә.Жақыпов, п.ғ.к. Х.Нұғмановалардан  білім алып, ф.ғ.к. Әнес Жақыповтың жетекшілігімен «Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы топономикалық жер-су атаулары» тақырыбында дипломдық жұмысты жоғары деңгейде  қорғады.

Ұстаздық  жолын  өзі туып-өскен Жалағаш ауданындағы №116 орта мектепте бастауыш сынып  мұғалімі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бастады. 1986 жылы отбасылық жағдайына байланысты Қызылорда қаласына қоныс аударып, №9 Нағи Ілиясов атындағы мектепте аға тәлімгер, №136 Т.Жүргенов атындағы орта мектепте «Елім-ай» эстетикалық тәрбие бағдарламасының республикалық тірек мектебі директорының орынбасары,  «Ақмешіт» қазақ-түрік қыздар лицей директорының орынбасары, Қызылорда қалалық  білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері, тәрбие істері жөніндегі әдіскері қызметтерін абыроймен атқарды.

1993 жылы Ақтөбе қаласында өткен шығармашыл ұстаздардың ІІ республикалық слетінің делегаты. RWCT бағдарламасының халықаралық тренері әрі облыс тарихында «Сорос-Қазақстан» қорының ең алғашқы  грант иегері ретінде 1998 жылы жарияланған  «Оқу мен жазу арқылы сыни ойлауды дамыту» технологиясы бойынша  облысымыздың мектеп мұғалімдеріне білім берді. Барлық деңгейдегі білім сапасын педагогикалық және методологиялық философияны қолдану арқылы жақсарту, оқытудың заманауи технологияларын қолданысқа енгізу, коммуникативтік қарым- қатынасқа бағытталған жаңа оқыту технологияларын ендіру ісінің алғашқы қарлығашы болды.

Американдық ғалымдар С.Бичч,  А.Дэвис, Давид Ландис,    Сапаргүл Мирсейітовалардың курстарына қатысып, сертификатталды. Бастауыш сынып оқушыларын өлкетану деректері арқылы елжандылыққа тәрбиелеу, мектеп оқушыларын ғылыми зерттеу жұмыстарына бейімдеу мақсатында  2005 жылдан  «Сыр қойнауы» авторлық жобасын жүзеге асырып, аймақтық тәрбие бағдарламасының ұйытқысы болды. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қаржыландыруымен орта мектептерде жүргізілген «Әдеп пен әсемдікке баулу» бағдарламасын п.ғ.к. Х.Нұғымановамен бірлесіп әзірледі.

Бүгінде әдіскер ұстаздың оқу-әдістемелік көмекші құралдары білім беру саласы қызметкерлерімен қатар арнаулы оқу орындары студенттерінің  көмекші құралдарына айналды.  1999-2000 оқу жылынан бастап өлкетану бағытындағы «Диктанттар жинағы», «Мектеп оқушыларына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша олимпиадалық тапсырмалар» жинағы (2005 ж.), «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында  қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту әдістемесі», «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілі мен әдебиеті  пәндері бойынша  қысқа мерзімді жоспарлар» жинақтары  бар.

Ұстаздың еңбегін ұлы ететін өзі емес, шәкірттері. Білім нәрімен  сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – білікті де білімді шәкірттері талай бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанды. 2000 жылы Қазалы ауданындағы №226 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Өміртаева «Үздік сынып жетекшісі» байқауында ІІ орынды, 2006 жылы  №226 мектеп-гимназия мұғалімі Х.Орынбасарова «Үздік сынып жетекшісі» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Бүгінгі күні «Білім беру саласының Құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері Хадиша әріптесіміз №13 мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.   

Қызылорда қаласындағы №217 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Остаева «Үздік ұйымдастырушы – 2007» республикалық байқауында  ІІІ орынды,  2008 жылы Қызылорда қаласындағы №217 орта мектептің  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж.Ділдабекова «Эрудит жетекші» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Қазалы ауданындағы №17 мектеп директоры Э.Сматуллаева  республикалық сынып жетекшілер байқауында ІІ орын иегері атанды.

М.Орманова 1998 жылдан бүгінгі күнге дейін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында  жаңартылған білім беру бағдарламасының тренері болып еңбек етіп келеді. Кез келген адамның тілін табатын,  үлкен-кішіні бауырына бірдей тарта білетін ерек мінез иесі Мария апай отбасында аяулы жар, ардақты ана, мейірімді әже атанып отыр. Қасиетті Сыр топырағында дүние есігін ашқан, білімі мен білігі, тәлімі мен тағылымы толысқан  Мария Айтбайқызын мерейлі мерекесімен құттықтап, мықты денсаулық, шығармашылық табыс, айналасына амандық тілеймін.

Жанар ИСАЕВА,
ф.ғ.к., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қызылорда облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты
Әдіснама және педагогикалық инновация
кафедрасының меңгерушісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий