Жаңартылған білім мазмұны аясында қысқа мерзімді жоспар құрудың тиімді жолдары

Қазіргі замандағы ақпараттың (оның ішінде оқулықтар, кітаптар, әлеуметтік желілер) көптігі адам миының дамуы мен игере алуын,  қажетті мөлшерде пайдалануын талап етеді. Тиісінше адамзат баласы күн сайын ілгері жылжып отырған ақпараттық жүйелерге ілеспесе, қоғамның артта қалуының бірден бір себебін көрсетеді. Жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруге қабілетті ұстаздың зияткерлік дамуына қолайлы білім беру сапасын жаңартылған білім мазмұнына сай орындауы интеллектуалды және жан-жақты дамыған жеке тұлғаны дайындауға өз әсерін тигізеді. Білім мазмұнын сапалы түрде жаңарту тікелей шығармашылық ізденістегі мұғалімнің кәсіби шеберлігін анықтауда іске асырылады. Мұғалімнің шығармашылық еңбегінің нәтижелі  өтуі ұстаздың біліміне, ұйымдастыру қабілеттілігіне байланысты.

Бүгінде білімді дайын қалпында қабылдаудан гөрі оны өздігімен құрастырудың тұлғаны дамытатындығы, жаңартылған білімнің есте ұзақ  мерзімде сақталатындығы  дәлелденген. Дәстүрлі оқу үрдісі өз кезегінде қаталау мен жаттауға негізделіп,  тек есте сақтау дәрежесінде орын алса, жаңартылған  білім мазмұны білім алушының білу, түсіну, қолдану, талдау, ақпарат  бойынша жинақтап құрастыру және бағалау секілді белсенді әрекеттерді талап етеді.

Қазіргі таңда пәнді жақсы әрі терең  білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық  қамти алатын, оқушыға жеткізу қабілетін ұсыну арқылы  оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс-амалдарын, құралдарын еркін меңгерген, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамытудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсынатын педагогтардың санын арттыру  заман талабы. Еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ болғандықтан, оларға терең де сапалы білімді нақты тақырыптарға айналдыра білетін мамандарды қажет етеді.

Кезінде көне қытай ғұламасы Конфуций былай деген екен: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін!». Біздің де білім алушы жастарымызға жетіспейтін олқылықтардың бірі осы, өздеріне жасату арқылы білім сапасын жоғары деңгейге көтеру. Жоғары немесе аса төмен ойлау дағдылары барлық пәндердің және деңгейлердің ішінде көп таралған тұжырымдама екені мәлім. Жоғары ойлау дағдыларының реті төмен ойлау дағдыларының ретіне қарағанда аса қиын болғандықтан, жаңартылған білімде қолданатын ойлаудың барлық түрлерінің көпшілігі, әртүрлі деңгей дағдыларының бірігуін көрсетеді.

Біз проблемаларды шешкенде және басқа жағдайды талдаған кезде, оларды бір уақытта дамытамыз және қолданамыз. Білім берудің басты мақсаттарының бірі нақты түсінікке келу және жоғарғы сапалы деңгейде ойлауды дамыту үшін жоғары ойлау дағдыларының реттілігіне сай қолдана білуімізде. Сіздерге үлгі ретінде ұсынатын қысқа мерзімді жоспар (ҚМЖ) жаңартылған білім мазмұнына сай жасалған. Сабақтың тақырыбы 10 сыныпқа арналған Шерхан Мұртазаның  «Тәуекел той» әңгімесі.  Осы сабақ  арқылы жүзеге асатын оқу мақсаттары сабақ мақсаттарымен келісілген болуына назар аударамыз:

Оқу мақсаттары: Әдеби шығармаға сюжеттік-композициялық талдау жасау арқылы идеялық мазмұнын түсіну; Көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау; Мәтінде көтерілген мәселені (қоғамдық- саяси) талдай отырып, негізгі ойды анықтау және ғаламдық мәселелермен байланыстыру. Сабақтың мақсаттары: Барлық оқушылар: Автор мен оның шығармаларын еске түсіріп, әдеби шығарманың мазмұнын түсінеді. Көркем шығармадағы кейіпкерлерге мінездеме бере алады. Мәтінде көтерілген мәселені талдайды. Оқушылардың көбісі: Автор мен оның шығармаларын еске түсіру арқылы әдеби шығарманың идеялық мазмұнын түсінеді. Көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау жұмысын орындайды. Мәтінде көтерілген мәселені талдай отырып, негізгі ойды анықтай алады.

Оқушылардың кейбірі: Автор мен оның шығармаларын оқу барысында әдеби шығармаға сюжеттік-композициялық талдау жасау арқылы идеялық мазмұнын түсінеді. Көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау бойынша мінез-ерекшеліктерін анықтайды. Мәтінде көтерілген мәселені талдай отырып, негізгі ойды анықтайды және ғаламдық мәселелермен байланыстырады. Бағалау критерийлері: Әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық талдау жасау арқылы идеялық мазмұнын түсіну, талдау. Көркем шығармадағы кейіпкерлердің мінез ерекшелітеріне мән беру. Жинақтау, даралау. Мәтінде көтерілген мәселені өзара талдап, негізгі ойды анықтау. Ғаламдық мәселелермен байланыстыру.

Тілдік мақсаттар: Оқушылар түсінеді және талдайды… Тақырыпқа байланысты қолданатын тіркестер: Менің ойымша…Бір жағынан… Мен осы көзқараспен … келісемін/келіспеймін. Себебі … Құндылықтармен байланыс (тәрбиелік элемент). Жауапкершілік (топтың әр мүшесінің тапсырманы жауапкершілікпен орындауы). Құрмет (әр топтың болжауына, ойына, пікіріне құрметпен қарауы, ұлттық  құндылықтармызға деген құрмет).

Қысқартулар: Ж – жекелеме жұмыс; Т/Ж – топтық жұмыс; Ж/Ж – жұптық жұмыс. Жоспар: Жоспарланатын уақытта әрбір тапсырмалар негізінде сабақ мазмұнына сай тиісті талап ету негізінде уақыт мөлшерін өзіміз жүйелейтін боламыз. Жоспар бойынша орындалуы тиіс іс-әрекеттерді құру барысында дереккөздер, қажетті құралдарды қосымша қарастыру маңызды рөл атқарады.

Ұйымдастыру және сабақтың мақсатын айқындау кезеңіне күнделікті амандасу мен оқушыларды түгендеу және үй тапсырмасын тексеруге көңіл бөлеміз. Тақырыпқа сай қолданылатын әдіс-тәсілдерді жазу маңыздылығы біздің артық не кем тәсілдерді қолданғандығымыздың айғағы ретінде қарастыруға болады. Осы тақырып бойынша  «Алты қалпақ» әдісі, “Аяқталмаған сөйлемдер” әдісі,  Жеке, топтық және жұптық тапсырмалар. «Плюс, минус, қызықты» әдісі, мұғалімнің өзіндік қалыптастырушы бағалауын қолданамыз.

Осы орайда тақырып бойынша тапсырмалар беру оқу мақсаттарына жетуге ықпал жасайтын болуы шарт. 1-тапсырма: Т/Ж: Әңгімені сюжеттік-композициялық желісі бойынша талдап, идеясын анықтаңдар. Бағалау дискрипторлары әр тапсырма негізінде сабақ мақсаттарының негізінде жүзеге асады: Әдеби шығарманың  сюжеттік-композициясын талдайды. Әдеби шығарманың  сюжеттік-композициялық желісі арқылы  идеялық мазмұнын анықтайды.

2-тапсырма: Ж/Ж: Әңгіме кейіпкерлеріне міздеме бер. Жинақтау мен даралау арқылы кейіпкердің қандай мінез ерекшеліктері берілгенін айтыңдар. СІЛТЕМЕ: Жаңартылған мазмұндағы типтік оқу бағдарламасына сәйкес дайындалған Қазақ әдебиеті 10-сынып  оқушыларына арналған оқулықта А.С. Ақтанов, А.Қ. Жүндібаев, Л.К. Жұмекенованың кітабына сүйеніп жасалған. /2019-258 бет.- Алматы: Атамұра/:

Кейіпкер

Жинақтау

Даралау

Керімқұл

 

 

Төрегелді

 

 

Жеңіскүл

 

 

Бағалау дискрипторлары: Көркем шығармадағы кейіпкерлерге мінзедеме береді. Көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін  жинақтап, даралайды; 3-тапсырма: Ж: «Алты қалпақ» әдісі бойынша өз қалпақтарыңды анықтап, сұрақтарға жауап беріңдер. Мәтінде көтерілген мәселені өзара талдап, негізгі ойды анықтаңдар. Ғаламдық мәселелермен байланыстырыңдар. Алты ойлау қалпақтары. Ақ қалпақ – ақ түс таза қағаз беті сияқты алалықсыз және объективті. Фактілер, ақпарат, сұрақтар негіз болады.

Қандай ақпаратымыз бар? Айтылған пікірді растайтын немесе жоққа шығаратын қандай фактілер бар? Қандай ақпарат қажет? Жетіспейтін ақпаратты қалай аламыз? Қандай сұрақтар қойып, жауап алуымыз керек? Қызыл қалпақ – қызыл  түс ашуды, шиеленісті білдіреді. Қызыл қалпақта адамды эмоциялар, сезу, сезімдер билейді. Осыған байланысты менде қандай сезімдер туындайды?

Сары қалпақ – күн көзінің, тіршілік түсі. Сары қалпақтағы адам оптимизмге толы, ол артықшылықтарды іздестіреді. Не себептен осыны істеу керек? Артықшылықтары қандай? Бұл кім үшін пайдалы? Артықшылықтар қалай пайда болады? Осының пайдалы жақтары бар ма? Қандай жағдайларда бұл пайдалы болады? Қара қалпақ – қараңғылық, қаһарлық, бір сөзбен айтқанда – суық. Қара қалпақта адам қауіптілік танытады. Бұл көмектеседі ме? Қандай қателер бар? Кемшіліктері қандай? Бұл идея жүзеге аса алады ма?

Жасыл қалпақ – өсімдіктердің, молшылықтың, табыстылықтың түсі. Жаңа идеялар туындап, шығармашылық бастауын алады. Осы жағдайда не істей аламыз? Баламалы идеялар бар ма? – деген сұрақтар туындайды.  Көк қалпақ  – аспан түсі. Ол ұйымдастыру және басқарумен байланысты. Неге қол жеткіздік? Болашақта не істеу керек? Тақырыпқа сай сұрақтарға өз қалпақтарын кию арқылы ұтымды жауап беру арқылы бағаланады: Әңгімеде көтеріліп отырған мәселе қазіргі қазақ қоғамында бар ма? Болса қандай орын алады? Автордың әңгімесін «Тәуекел той» деп атауының сыры неде?Әңгіме арқылы тойдың жыры қалай өрбігені дұрыс?

Бағалау дискрипторлары: Қалпақтарды кию арқылы сұрақтарға ұтымды жауап береді. Мәтінде көтерілген мәселені өзара талдап, негізгі ойды анықтайды. Ғаламдық мәселелермен байланыстырады. Қорытындылау кезінде оқушылар «Аяқталмаған сөйлемдер» әдіісімен сабақтың өту қарқынын бағамдай алады. Біз бүгін сабақта жаңа  … алдық. Біз …  үйрендік. Жаңа сабақ … өтті. Жеке, топтық және жұптық жұмыстарын бағалау критерийлеріне сай өзара(жазбаша) бағалау да оқушылардың таным деңгейін көрсетеді.

Үй тапсырмасына «Сәйкестендіру» әдісі бойынша берілген кейіпкерлерді сәйкестендіріп, берілген мінездемелерді пайдаланып, мақал мәтел жазып келу тапсырылады. Сабақтың соңында рефлексия (кері байланыс) арқылы оқушылар  «Плюс, минус, қызықты» әдісіне жүгінетін болады. Оқушыларды  әр сабақта рефлексия жасауға үйрету керек. Өйткені бала рефлексия жасай алмаған жағдайда, яғни өз әрекеттерін түсіндіріп, оларға талдау жасап, бағалай алмаса, онда оның берілген оқу әрекеттерін ғана орындап, бірақ олардың өзінің дамуындағы маңызын түсінбейтіндігі анық.

Басқаша сөзбен айтқанда, рефлексия жасай алмайтын оқушы өзінің өзгерістерін де байқамайды. Сонымен қатар рефлексияда адам әрекеттерін бір мезетке тоқтатып, жан-жағына байыппен қарап, өзіне мынандай сұрақтар қояды: «Мен кіммін? Қандаймын? Не істеп жатырмын? Осы әрекеттерімнің мақсаты қандай? Мен қалай әрекеттенудемін? Бұл маған не береді? Мен мұны қалай қолданамын? Маған мұны қалайша өзгертуге болады? Енді не істеймін?» Бұл сауалдарға ол өз алдында бүкпесіз шындық тұрғысынан адал түрде жауап береді, басқа да сұрақтарды туындатып, оларға да жауап іздейді. Адамның өзімен өзі жасаған диалогі осылайша жалғаса береді, тіпті үздіксіз сипат алады. Зер сала қарасақ, оқушының білімді меңгеру деңгейі анализден бастап синтез, баға жоғарылай түседі.

Егер білім, түсінік, қолдану, берілген білімді ұғу, меңгеру, пайдалану дәрежесінде ғана болса, (репродуктивті қазмет) ол анализден бастап іздену, проблема шешу,жаңа хабар алу, өнімді жемісті әдістер, іс-әрекетттер арқылы жүзеге асады екен. Сабақ барысы барлық «Блум таксономиясын» қолдану тұрғысынан ой қозғауға бағытталса, оқушылардың ілгері жылжуы өз кезегінде орындалғанын білдіреді:

Блум таксономиясы

Оқушылардың когнитивтік іс-әрекеті

Білу

Өткен тақырыпты еске түсіреді. Кейіпкерлерге мінездеме береді. Сабақта қозғалған мәселемен танысады.

Түсіну

Оқушы білімді қабылдайды, оқиғалардың мазмұнын түсінеді. Берілген тапсырманы орындайды.

Қолдану

Алған білімді қолданады. Шығарманың идеялық мазмұнына мән береді. Кейіпкерлердің мінез ерекшеліктеріне сай анықтайды.

Талдау

Білімді жай қабылдамайды, әңгімеде көтерілген мәселені талдайды, жинақтау мен даралау жұмысын саралайды, өзгелермен салыстырады.

Жинақтау

Шығарманың сюжеттік-композициясын тұжырымдайды, сөздік қорын дамытады, өз ойын ұсынады. Тапсырмалармен өзара байланыс орнатады.

Бағалау

Сабақтың құрылымын бағалайды, таңдау еркін береді, баға қояды, сыни ойлау жүйесін қалыптастырады.

Дәстүрлі оқытуда педагог оқушыларынан өткен сабақта немесе оқулықта айтылған (берілген) білімді қайталап беруін талап ететіндігі мәлім. Алайда қазіргі заман талабы сабақтардың қаталау тұрғысында өтуі жалықтыру мен еске сақтау қабілетін төмендетуге әкеліп соғуы ықтимал. Себебі қайталау, жаттау, еске түсіру, көшіру секілді репродуктивтік әрекеттер адамның миы мен жан-дүниесін, құзыреттілігін әлсірету арқылы еш ізденіссіз, жаңа идеяға, шығармашылыққа бағыттай алмайтын біржақты көзқарас деп түсінуіміз ләзім.

«Мен айтып берсем ғана оқушы түсінеді» деген ұстанымды қазіргі ақпараттық технологияның қарқыны дамыған кезде мүлдем қолданбаған жөн. Сондықтан да әр сабақта үйренушілер бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер, яғни ойлау, оқу, түсіну, өз ойын келтіру, талқылау, жазу, пікір алсмасу, талдау жасаулары керек. Осы арқылы оқушылар ойын, пікірін, идеяларын, көзқарасын, ұстанымын, уәждерін, дәлелдерін, ұсыныстарын жеткізуге қабілеттілігі жоғарылайды. Сабақта берілген тапсырмалар да оқу мақсаттарына қарай бағытталып күтілетін нәтижемен байланысты болуын қадағалаймыз. Осындай жүйелі жоспар құру арқылы оқу мақсатына жетуге болатынын білеміз.

А.Б.УРАЗЫМБЕТОВА,
ф.ғ.к., доцент  «Өрлеу» БАҰО АҚФ
Ақтөбе ОБПҚБАИ,
М.С.ТАНБАЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Ақтөбе медресе колледжі
                      

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий