“Өзін-өзі тану” пәнін интеграциялаудың оқытудағы мүмкіндіктері

Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. «Жас буынның отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылық және адамгершілік қадір-қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру – үлкен қажеттілік» екендігін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаев та айтып өткен.

Адамгершілік – жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткіші. Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына мүмкіндік береді, адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік, ар-ождан сапаларын дамытады. Адамгершілік тәрбие азаматтың даму тарихы арқылы қалыптасып, әрбір дәуірдің өзіндік қайшылықтарымен біте қайнасып, жетіліп, әр кезеңде өзгеріске ұшырап отырған қоғамның нағыз қажеттілігі болып табылады.

Бүгінгі қоғамдағы өзгерістер салдары жас ұрпақты әр нәрсеге еліктеп, саналарын сан саққа бұрып, бойларында кері мінез-құлық қалыптасуына, ішімдікке, есірткіге, компьютер ойындары немесе ойын автоматтарына, жүгенсіздікке, әуестікке, жастардың әртүрлі ел мәдениетіне еліктеуіне, жат әрекеттерге үйір болуына әкеліп отыр. Осыны ескере келе әр баланың  дамуына  қамқорлық жасау, дұрыс тәрбие беру – бүгінгі күннің басты өзекті мәселелерінің бірі, оған педагог күнделікті көңіл бөлуі қажет. Қоғамның осындай дер кезіндегі қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру жобасының авторы, еліміздің Бірінші Ханымы Сара Алпысқызы тұңғыш рет мемлекеттік деңгейдегі өскелең ұрпақты жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу мәселесін көтерді.

Рухани-адамгершілік білімнің қазіргі әлемдегі басымдығы туралы сөз қозғалып, қазіргі замандағы жаһандық мәселелер, адамзаттың жалпы дүниежүзілік тұтастығы мен рухани-адамгершілік құндылықтардың сипаты жан-жақты қарастырылып, тек өзін -өзі тану сабақтарында ғана емес, білім беру ұйымдарының барлығында әрбір сабақта жалпыадамзаттық құндылықтардың мәнін ашу көзделуде. Білім беру ұйымдарында өзін-өзі тану пәнін жүргізетін және өзге пән мұғалімдерінің теориялық білімдерінің жетік болуына баса назар аударылып арнайы рухани-адамгершілік білім бағытында  біліктілік арттыру курстарынан өтуде.

«Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік білім беру бағдарламасын жүзеге асыру жолдары жан-жақты меңгертіліп, өзге пәндерде де интеграция жасалып,  талдау жасалып, сабақтағы жағымды ойлау, әңгімелеу әдісін терең  адамгершілік құндылықтарға бағыттау, ән айту мен музыканың маңызына жан-жақты мән беру және  ата-аналармен байланыс жасау жолдарына баса назар аударылып отыр. Жалпы өзін-өзі тану пәнін өзге пәндермен интеграциялау – ең алдымен беріліп отырған білімді жандандыру, яғни оның рухани адамгершілік мән-мағынасын ашу болып табылады.

Барлық пәндерді мәңгілік бүкіл адамзаттық құндылықтар негізінде алуан түрлі құбылыстарды бір бірлікте қарастыра отырып, берілетін білім біртұтас, жүйелі болуы айқындалады. Өзін -өзі тануды мектептің тұтастай педагогикалық үдерісін интеграциялау арқылы жүзеге асырылып , сабақтардағы жағымды ойлау, жағымды күйге келу әдісін қолдану арқылы: тәртіп, өзін-өзі қадағалау, денсаулық, зейін қою, ақылдың байсалдылығы, ес, интуиция, басқаларға деген сүйіспеншілік, ішкі тыныштық орнатуға баса назар аударылып, рухани адамгершілік білім беру бағдарламасының тарихи негіздері айқындалып әлемдік рухани-тұлғалардың идеяларына сүйене отырып білім берілуде.

Атап айтар болсақ: Баласағұнның «Ізгілік ілімі», Қожа Ахмет Яссауидің «Хақ ілімі», Әл-Фарабидің «Жан қуаты ілімі», Абайдың «Толық адам», «Имани гүл ілімдері», Шәкәрімнің «Шын адам», «Ар ілімі» әрбір сабақта тағылым мен тәрбиенің тірегі болып отыр. Рухани білім берудің, өзін-өзі танумен интеграциялаудың яғни, ішкі білімнің маңыздылығы ішкі рухани-адамгершілік қасиеттерді ашады, адамның, баланың ішкі дүниесін зерттейді, өмірлік тәжірибеге негізделеді, әрбір адамның жүрегінде жасырынған жалпыадамзаттық құндылықтар айқындалып, білім беруді өмірлік мақсаттармен байланысты қарастырады, интуицияны дамытады және ақылмен ойлап, жүрекке жүгінетіндіктен тәрбиелік ықпалы күшті және өмірлік дағды қалыптастыруда маңызды болып табылады.

Әрбір ұстаз алдындағы міндет тек білім ғана емес, рухани тәрбиені әр оқушының бойына терең бере білу. Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу — біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Білімді адамгершілік рухани ой- дүниесі кең жас ұрпақ- жарқын әлемге жол ашар жарқын  болашақ есігінің тұтқасы.

Нургуль Жанысбековна БЕКТЕМИСОВА,
«Өзін-өзі тану»АҮД гуманитарлық колледжінің
педагогика пәні оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий