Әсемгүл Ердәулет – ел чемпионатының жеті дүркін жеңімпазы
Орал қаласында каратэ шито-рюден балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Әсемгүл Ердәулет 55 кг салмақта ҚР чемпионы атанды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының медиа қызметі.
«Отбасында ер балалардың ортасында өскендіктен болар, ата-әжем спортты жаныма серік етті. 8 жастан бастап денемді шынықтырып, үлкен спортқа дайындалдым десем де болады. Бүгінгі жеткен жетістіктерім – қалыптасқан әдеттер мен спортқа деген махаббатымның арқасы. Осының нәтижесінде Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатынан алтын медаль және Әлем кубогі маған бұйырды. Міне, кезекті жарыста жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионатының 7 дүркін жеңімпазы атандым. Болашақта нәзік те батыл қадамдарыммен елімнің абыройын асқақтата берсем деген ниетім бар»,- деді спортшы.
Загрузка...Оралда өткен жарыста чемпион 3 кездесу өткізіп, ақтық сайыста маңғыстаулық спортшымен белдесті. Қарсыласын 6-1 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кетейік, Әсемгүл Ермекқызы 2003 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында 2-курс оқиды.