Ақтөбе облысы: Ойыл ауданында жергілікті демеушілердің қаржысымен пайдалануға берілген музыка мектебінің жұмысы жүйелі

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан Ойыл ауданына жасаған арнайы жұмыс сапарында ең алдымен Екпетал мектеп-балабақшасының оқу ғимараттарын аралап, жұмыстарымен танысты. Екпетал МББ-да 3 оқу ғимараты бар. Оның бірінде балалар оқыса екіншісінде кітапхана, медициналық және спорт кабинеттері орналасқан. Ал, үшіншісі балабақша мен даярлық сынып оқушыларына арналған, – деп хабарлайды осы жергілікті өңірдегі салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Жұмыс сапарында Екпетал мектебінің оқушыларымен кездескен басқарма басшысы балалардан оқыған кітаптары туралы сұрады. Оқушылардың жанарынан от көрген облыстың бас ұстазы мектеп ұжымымен кездесуде оқушылардың қазақ жазушыларының шығармаларымен қатар, шетел әдебиеті мен заманауи кітаптарды оқитынын тілге тиек етіп, осы бағытта жұмыстарды жүйелі жүргізе беру керектігін айтты.

– «Оқуға құштар мектеп» жобасы балаларға кітап оқуға жағдай жасау. Біздің оқушыларымыз заманға сай білімді әрі жан-жақты, нағыз бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуы керек. Сондықтан технология дамыған заманда кітаптың орынын ешнәрсе ауыстыра алмайтынын жас ұрпаққа үйрету – біздің басты мақсатымыз. Балалардың кітап оқығаны мені қатты қуантты, – деді басқарма басшысы ұжыммен кездесуде.

Сонымен қатар, тәрбие жұмыстарына да аса ден қойып, балаларға бағыт-бағдар берудегі педагогтің орнының орасан зор екенін тағы да естеріне салды. Одан кейін аудан орталығындағы Ойыл ауылдық округінің Музыка мектебінің жұмыс барысын қарады. Су жаңа өнер шаңырағы бір қабатты. Ауданның демеуші азаматтарының қаржысына бой көтерген. Мектепте оқушылардың қосымша білім алуларына барлық жағдай жасалған. Оны мектептің техникалық базасы дәлелдеп береді. Өнерге деген балалардың ынтасы мен қызығушылығы жоғары деген директор Ләззат Сабыржанова барлық қажетті аспаптар жаңартылғанын жеткізді.

Жұмыс сапарын Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы мен Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде жалғастырды. Білім ордаларының техникалық базаларын қарап, жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, аудан орталығындағы «Асанәлі» балабақшасының тыныс-тіршілігімен бағамдады. Басқарма басшысы Жолдас Батырхан Ойыл ауданындағы жұмыс сапарын аудан әкмідігінде қорытындылады. Ол жерде білім саласы басшыларымен бас қосып, аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың қатысуымен өткен жиында өзекті мәселелер көтеріліп, қаралды.

Жиында басқарма басшысы «Оқуға құштар мектеп» жобасын тиімді әрі жүйелі ұйымдастыру, білім ордаларын модернизациялау сынды мәселелерді көтеріп, биылғы жылғы көгілдір отыны жоқ ауылдардағы отын мәселелерін оңтайлы ұйымдастыру жұмыстарын кезек күттірмей қолға алу керектігін және мектеп директорлары мен орынбасарларының санатын көтеруде ауданның көрсеткішінің көңіл көншітпейтінін айтты. Сонымен қатар, елдің бас партиясының қолдауымен ұйымдастырылып жатқан жыр байқауының облыстық кезеңінде ойылдық оқушының үздіктер қатарынан көрінгенін тілге тиек етті.

Ауданда білім саласында жасалған жұмыстардың жалпы деңгейі жаман емес екенін, айтылған мәселелерге аса жауапкершілікпен қарау қажеттігін тапсырды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий