Тәуелсіздік тартуы: Шоқтығы биік білім ордасы
Мектеп, білім, ұстаз деген ұлы сөздер бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл сөздердің құдіретін ұға білу де парыз. Дана халқымыз “дарын жанып тұрған жалын” – дегендей, әр оқушыда талант, қабілет болары сөзсіз. Шоқтығы биік білімді де дарынды шәкірттерімен танымал, облыс орталығындағы озық мектептердің бірі – Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясы. Мектептің алғашқы іргетасы 2000 жылы 6 шағынауданда қазақ мектебі болып қаланған болатын. Тәуелсіздігімізді алған тұстан бастап-ақ киелі білім ордасы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі болып, жұлдызы жана бастады.
Алғашқы мектеп директоры Молдашев Сәрсенбай Меңжанұлы басшылық жасап, үш жыл қызмет істеді. 2003 жылдан бастап 2020 жылға дейін Темирханова Ақжарқын Мүтиғоллақызы өзінің жаңашылдығымен, талапшылдығымен мықты көшбасшы болып, қажырлы еңбегі арқасында көптеген жетістіктерге жетіп, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленді. Қазіргі таңда Ақжарқын Мүтиғоллақызы Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы.
Ал бүгінде мектепке Тлекенова Бибігүл басшылық жасап келеді. Мектеп директоры Бибігүл Сәуірқызы 2017 жылдан бастап, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының республикалық пилоттық білім ұйымының қатарына енген мектеп-гимназияның жетекшісі. Осындай білікті басшылармен мектеп мәртебесі өсіп отырғандығы белгілі. Қазіргі таңда жиырма жылдық тарихы бар мектеп-гимназия облыстағы алдыңғы қатардағы білім ордаларының біріне айналып үлгерді.

Мектеп ашылған тұстағы алғашқы күндерге оралар болсақ, ең бірінші түлектер 2000-2001 оқу жылында орта білім туралы аттестат алды. Сол оқу жылынан бастап мектепте «Айкөркем» би ансамблі (жетекшісі Сейтова Сандуғаш Қаршығақызы) құрылып, қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, білім ордасының абыройын асқақтата түсті. «Дарындылықтың қайнар көзі – мектеп» демекші, киелі білім ордасында дарынды оқушылар білім нәрімен сусындап, қанаттары қатайып келеді.
Соның ішінде Сәлімжан Аңсағаным 2018 жылы ХХ республикалық «Абай оқуларына» қатысып, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымы бойынша, ал Бактыбаева Томирис республикалық орыс тілінен пәндік олимпиадаға қатысып, алғыс хаттарға ие болды. 2019 жылы республикалық ғылыми жоба байқауына қатысқан 11-сынып оқушылары Каресов Эльдар бірінші дәрежелі, Орынғалиева Қымбат жүлделі екінші орынды иеленді. 2020 жылы 11-сынып оқушысы Нариманова Аружан республикалық пәндік олимпиада да ағылшын тілі пәні бойынша сертификатқа ие болып, грант иегері атанып, Чехия мемлекетіндегі жоғарғы оқу орнына түсіп, мектеп ұжымын қуанышқа бөледі.
Ал 2021 жылы Танканова Данара республикалық пәндік олимпиада да орыс тілі пәнінен ІІІ орын алып, білім ордасының мәртебесін асқақтатты. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, балалар бойындағы дарындылық қасиетті дамыту көбінесе мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне байланысты екендігі анық. Сондықтан да дарынды оқушыларды танымдық қабілттерін шыңдап, қанаттарын қатайтқан педагог-зерттеуші пән мұғалімдері Шахина Л.Ғ, Дусанова Д.С, Мырзашева Э.Н, Саматаева Г.А, Мурзашева А.С. еңбектері ересен.
Қазыналы білім ордасына айналған мектептің әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, мектеп мақтанышына айналуды мақсат етсе, «инемен құдық қазғандай”, білім тұңғиығының нәрін алған «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері бұл күнде республикамыздың барлық аймағында еліміздің дамуына өздерінің үлестерін қосуда. Киелі білім ордасы 2016 жылы 2 қыркүйек күні «№44 мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атанса, 2020 жылы «Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Уақыт озған сайын білім ордасы қанатын кеңге жайып, тамырын тереңдете түсті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барша отандастарымызға арнаған жыл сайынғы Жолдауларында білім саласына айрықша көңіл бөліп, еліміздің жарқын болашағы – білікті де парасатты жастардың қолында екенін назардан тыс қалдырған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы басым бағыт пен ұлттық ұстанымды сабақтастыру арқылы отандық білім саласының ілгері дамыту мен педагогтар мәртебесін арттырудың барлық мүмкіндіктері жасалуы қажеттілігене айрықша көңіл бөлетіндігін қолға алынған қосымша қолдаулар арқылы нақты сезінудеміз. Біздің педагогикалық ұжым да сапалы білім берудің үздіксіздігін қалыптастырып, оны одан әрі жақсарта түсу тұрғысында көптеген игілікті істердің ұйытқысы болып, өзге білім ордаларына үлгі-өнеге көрсетіп отыр.
Мектеп ұжымы қазіргі таңда оқытудың жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерін пайдалану арқылы дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, шәкірттерді шығармашылыққа баулуды басты парыз санайды. Осы мақсаттағы басты міндет – білім беру бағдарламасын жүзеге асыру және ұлттық, азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке тұлғаны кәсіби қалыптастыру, дамытуға бағыт болған білім алуға қажетті шарттар жасау, мектепті компьютерлендіру және интернет жүйесімен жұмыс жүргізуді басты назарға алуда.
Мектептің материалдық базасын нығайту мақсатында ғылыми негіздермен білім беретін пән кабинеттері жабдықталды. Оқушылардың рухани жан-дүниесін байытуға ұйытқы болып отырған кітапхана жұмысы да жақсы жолға қойылған. Онда 35796 дана оқулық, 212 әдістемелік әдебиет, 5135 көркем әдебиет және 150-ге тарта ғылыми-көпшілік танымдық әдебиеттер қоры бар. Міне, «Оқу мен тәрбие егіз» ұғымын өз ісінде жүзеге асырып келе жатқан мектепте кураторлар да жұмыс жасап, шығармашыл шәкірттер тәрбиелеу үстінде.
Сонымен қатар білім шаңырағында заман талабына сай, виртуалды мұражай жасақталынған. Қабырғадағы QR код арқылы виртуалды мұражайдан мектеп тыныс-тіршілігімен танысып көріп, тамашалауға болады. Қазіргі таңда киелі білім ордасында шығармашыл, ізденпаз, еңбекқор, креативті 174 мұғалім, шебер-педагог 2, зерттеуші-педагог 37, сарапшы-педагог 38, педагог-модератор 35, жоғары санатты 5, І санатты 9, ІІ санатты 13, магистр 20 жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие беріп келеді. Мектептің жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі шығармашылық жұмысы жыл сайын өз нәтижесін беріп отыр.
Оған мектеп түлектерінің мемлекеттік грант пен несие арқылы жоғарғы оқу орындарына түсуі дәлел. Білім мен өнерді қатар ұштастырған киелі білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындауды мақсат етеді. «Еліміздің ертеңгі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» дегендей, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Тәуелсіздіктің баянды тірлігі аясында зор табыстар мен жетістіктерді арқалап келе жатқан іргелі мектептің алар асуы, бағындырар белесі әлі алда деп ойлаймын.
Куралай Хабибуллакызы ТЕМИРБАЕВА,
Дінмұхаммед Қонаев атындағы №44 мектеп
гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
педагогикалық ғылымдарының магистрі,
Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы