Қарағанды балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін кәсіптік бағдарлау

Қарағандының екі балалар үйінде тігін және ағаш шеберханалары мен аспаздық шеберлікті үйрететін бөлме пайда болды. Осының арқасында жыл сайын 190 бала кәсіптік бағдарлау оқытуынан өтеді. Жобаны Cummins компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің демеушілік қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры жүзеге асырды, – деп хабарлайды ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі.

«Қазіргі заманғы білім берудің басты мақсаттарының бірі барлық оқушыларға өз қабілеттері мен шығармашылық әлеуеттерін көрсетуге мүмкіндік беру болып табылады. Біз екі балалар үйінің тәрбиеленушілерінің шығармашылық қабілеттерін ашу үшін қолайлы орта қалыптастырдық деп есептейміз. Біздің компания балалардың осы жобадан барлық қажетті нәрсені алуын қамтамасыз етуге тырысты. Біздің құрал-жабдықтар оларға ұдайы дамуға бейімделген кәсіби мамандар болуға көмектесетініне сенімдімін, және мұндай адамдар Қарағанды облысы үшін де, бүкіл ел үшін де қажет», – деп атап өтті Cummins компаниясының директоры Александр Иванович Цуркан.

«Таңшолпан» балалар үйінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 63 бала тұрады. Онда тігін және ағаш шеберханалары жұмыс істей бастады. Тігін шеберханасы ең қажетті заманауи жабдықтармен: 5 тігін машинасымен, 2 торлағышпен, 3 үтіктеу тақтасымен және 3 үтікпен, тік булағышпен, бу генераторымен, шаңсорғышпен толықтай жабдықталған. Оқытуға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы 8 үстел, құрал-саймандар, материалдар мен тігін фурнитурасын сақтауға арналған шкаф-қабырға жасалды. Сондай-ақ, онда айнасы бар, кілем, диван мен қалқасы бар киім өлшейтін бөлме – жалпы, қыздар тігуді көңілмен үйренуі үшін керектің бәрі бар.

«Біздің шеберханада тігуге үйрету бесінші сыныптан басталып, он бірінші сыныпқа дейін жалғасады. Барлық қыздар сабаққа барады. Алдымен олар қарапайым заттарды: үшкіл орамал, алжапқыш, сүлгі пішуді және тігуді үйренеді. Олар біртіндеп анағұрлым күрделі тапсырмаларға, соның ішінде төсек-орын жабдықтары мен сыртқы киімдерді тігуге көшеді. AYALA қорының арқасында Cummins Қазақстан компаниясынан алынған құрал-жабдықтар өте ыңғайлы, заманауи.

Онымен тігу техникасымен және тәсілдерімен жұмыс істеу – бір ләззат. Біз осындай керемет сыйлық үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Бұл оларға өмірге пайдалы дағдылар алуға көмектеседі. Кейбір тәрбиеленушілер үшін бұл олардың болашақ кәсібінің немесе тіпті өз ісінің негізі болатынына сенімдімін», – деді «Таңшолпан» балалар үйінің директоры Серік Елтайұлы Әмірханов.

Сондай-ақ, «Таншолпан» өзінің ағаш шеберханасына арналған станоктар, аралар, балғалар, өлшеу жабдықтарын, бұрғылар, бұрамшегені бұрығыштар, сомын кілттерін, робототехникаға арналған жабдықтар жиынтығын, тіпті 3D принтерді мекемеге пайдалы заттарды дайындауды үйрену үшін бірнеше килограмм пластикпен бірге алды. 2 шеберханаға берілген жабдықтың жалпы құны 4 552 523 теңгені құрады.

Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйінде Қарағанды облысының түкпір-түкпірінен келген 133 тәрбиеленуші тұрады және білім алады. Аспаздық шеберлік сыныптарын өткізу үшін және үй тұрмысын жалпы жүргізу сабақтары үшін арнайы жайлы және ыңғайлы бөлме мен қонақбөлме жабдықталған. Оларда асүй гарнитурасы, қабырғасы, орындықтар және түскі ас үстелі, тоңазытқыш, кіріктірілген тұрмыстық техника жиынтығы – тұмшапеш, ас пісіру беті, микротолқынды пеш, сорынды, ыдыс жуатын машина бар.

Балалар мультипісіргіште, электрлік грильдің көмегімен ас дайындауды, сэндвич пісіргіш пен құймақ пісіргіште таңғы ас дайындауды, вафель қалыбында десерт пісіруді үйренеді. Анағұрлым күрделі тағамдарды дайындау үшін мәнті пісіргіш, табалар, кастрюльдер, пышақтар жиынтығы, асүй аспаптары бар. Балалар дайындалған тағамдарды әдемі беруді, тіпті мерекелік дастарханға ыдыстар орналастыруды үйренеді. Бұл үшін арнайы үш асхана сервизі мен асхана аспаптарының үш жиынтығы, алжапқыштар мен түрлі асүй аксессуарлары сатып алынды. Бұл бөлменің жалпы бюджеті 4 316 458 теңгені құрады.

«Бүгін біз AYALA қоры мен Cummins компаниясы балалар үшін қандай пайдалы сыйлық бергенін көрсету үшін қонақтарды шақырдық. Біздің тәрбиеленушілер қарапайым тағамдарды дайындай алды. Енді бізде олар өздерінің күнделікті өміріне анағұрлым күрделі тағамдар дайындауды үйренуі үшін барлық қажетті нәрселер бар. Бұл шеберханада балалармен педагогтар айналысады, біз еріктілерді шеберлік сабақтарына шақырамыз. Бұл өмірге қажетті дағдыларды игеруге көмектеседі және қоғамдық тамақтану индустриясында олардың болашақ мамандығына алғашқы қадам болуы мүмкін», – деп атап өтті Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйінің директоры Дәнекер Сәулебайқызы Сейсекина.

AYALA қайырымдылық қоры 2010 жылдан бері «Кәсіби бағдарлау» жобасын жүзеге асырып келеді. Оның мақсаты – балалар үйлері мен мектеп-интернаттардағы балаларды әлеуметтік бейімдеуге көмектесу. – Біз осы білім беру мекемелерінің балалары мектеп бітіргеннен кейін өмір сүруге, оқуды жалғастыруға және дамуға көмектесетін пайдалы практикалық дағдыларға ие болғанын, бірақ ең бастысы – өздеріне жұмыс табуын қалаймыз. Жобаны іске асырудың 10 жылы ішінде 1000-нан астам жасөспірім қор ұйымдастырған кәсіби бағдарлау курстары арқылы өтті. Екеуі Алматыдағы барбер-салондарда жұмыс істейді, төртеуі «Арыстан» арнайы әскери лицейінде оқиды. Ағымдағы жылдың маусым айында қор ҚР Білім және ғылым министрлігімен «Кәсіби бағдарлау» жобасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Біз пандемиядан кейін осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыруға мүмкіндігіміз болғанына қуаныштымыз және Cummins Қазақстан компаниясына Қарағандыдағы жобамызға қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз», – деп атап өтті AYALA қорының президенті Айдан Сүлейменова.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий