Тәуелсіздік қүндылықтары: қазақ мақал-мәтелдеріндегі ұлттық код мәселесі
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында дүние танымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты мәселелерге шолу жасап, жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеп қойсақ артық болмайды. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор. Оның үстіне қазақ халқы жаратылысынан текті, намысқой, жаны таза, тілге шебер ел болғаны ақиқат.
Қазақтың ұлттық коды деп қазақ халқының жаратылысын, табиғатын, рухани бітімін, өмір-салтын айқындайтын белгілерді айтамыз. «Білім туралы» заңында «білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық қазыналар, ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыру және дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалуы қажет», – деп көрсетілген. Сондықтан ата дәстүр нәрінен алшақтамай сусындап өскен жастарға тарихи өмірдің берер қуаты – ата-баба рухын ұрпақ бойына дарытып отыруында.
Қазіргі кезде «ұлттық код» деп айдар тағып жүрген ұғым осы теккке тікелей байланысты. Себебі тегі асылдың – ұрпағы кемел. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, тектілік дегеніміз қазақ ұғымында тұлғалық сананың деңгейіндегі ерекше қасиет үлгісі. Қазақ рухы оның дәстүр тәжірибесінің күшінде. Жеті аталық дәстүр қазақ болмысының қалыптасуындағы оның интеллектуалдық өрісін кеңейтіп, көрсетіп отыратын ата-бабаларымыздың елдік түсінігінің қасиетін бейнелейді, ұлттық болмыстың өзегін сақтайды.
Сөзіміз жайдақ болмас үшін біраз қазақ мақал-мәтелдеріне шолу жасар болсақ, «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді дана халқымыз. Міне, бұл – өзін танудың басы. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегенде әке мен ананың тәрбиедегі ерекшеліктері көрініс тауып тұрған жоқ па? «Көн қатса, қалыбына барады» (көн – терінің шала өңделген түрі, толық былғары емес. Бұл жерде мағынасы жасырын тұр), яғни тәрбиесі жеткіліксіз адам жас кезінде онша білдіртпеуі мүмкін, жасы ұлғайған кезде тәрбиесіздігі білінетіні айтылып тұр.
«Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Жақсыдан жаман туар, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз», «Жаманнан жақсы туды деп сүйінбе, жақсыдан жаман туды деп күйінде, тартпай қоймас тегіне», «Алма сабағынан алысқа түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «шұғаның қиқымы да шұға», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы», «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы» – бұл қазақ танымындағы тектілікке қатысты сөздер.
Тек – сенің, ата-анаң, ата-әжең, бабаларың, ұлтың. Тағы да мақал-мәтелдерге жүгінсек: «Қанша батыр болса да жауға салма жалғызды, қанша сұлу болса да, қойныңа алма арсызды», төл әдебиетімізді парақтасақ, ұлттық философиямызда адамның өлімі ұрпақсыз қалумен бейнеленеді. Жалғыз адам қанша батыр болса да, перзенті болмаса, ұрпақсыз кететін болдым ба, әкемнің оты өшіп, шаңырағы бос қалатын болды-ау деп уайымдайды. «Тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ». Осы пәлсапаның астарында тектілік құбылысының ашылмай қалған мәселесі жасырынып тұрған секілді.
Бұрынғылардың жөн сұрасқандағы «Ата-тегің кім?» – деген бір ауыз сөзінде осындай терең мағына жатса керек. Түзу тәрбие мен тәртіп сақталса, ұрпақ текті болатыны, әрі азбайтыны анық. Айтылған ойымызды түйіндер болсақ, басты бағдар – халық руханиятының және даналығының бастауларын бойына қалыптастырған, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, өзін танып-білген, өз болашағына үлкен үмітпен қарайтын, еңбекқор жастарды тәрбиелеу.
Баян Абжапбаровна МУРТАЗАЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы
бойынша ПҚ БАИ зертхана меңгерушісі, Тараз қаласы