Сапалы білім беру – бәсекеге қабілетті қоғам орнатудың негізі

– Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады, – дейді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Рухани жаңғыру – адамның ішкі жан дүниесінің дамуы. Елбасымыздың сындарлы саясатын жалғастыра отырып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биыл еліміздің дамуына сара жол салатын әрбір салаға тиесілі 10 ұлттық жобаны бекітті.

Оның ішінде білім саласына қатысты – барлық білім беру деңгейінде білім алушының білім сапасын арттыру мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы әзірленді. Жобада 5 міндет, үшеуі мектепке қатысты, 4 бағыт, 15 нәтиже, 26 іс-шара нақты көрсетілді. Жобадағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету міндетіне елорданың іргесіндегі Көктал 2 орналасқан іргелі білім ошағы Міржақып Дулатұлы атындағы № 68 мектеп-гимназиясы да 5 мектепалды даярлық сыныбында 126 баланы тәрбиелеп үлес  қосуда.

Екінші міндет: орта білім беру сапасын арттыруда Елбасымыздың қоғамымыздың дамыған елдермен бәсекеге түсу үшін балаларға сапалы білім беруде мұғалімдерге үлкен сенім артатындығын еске аламыз. Осы сенімнен шығу үшін 1-11 сыныптағы 2 087 оқушыға тәлім-тәрбие беріп жүрген 150 педагогіміз өздерінің кәсіби-тұлғалық құзыреттілігін арттыру үшін «Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы», «Жарқын болашақ», «Lesson Study», «SHARE» инновациялық-эксперименттік жобаларға қатысуда.

Ұстаз еңбегі оқушы білімімен өлшенеді десек, педагог еңбегінің күрделілігі әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту арқылы өзін, өмірді, әлемді танып, қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сезіндіре білуінде. Әрбір оқушының білім алуына жағдай жасау мақсатында мектебімізде 2017 жылдан бастап ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған  Инклюзивті білім берудің Ресурстық орталығы жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ, оқушыларды бос уақытында мәдени, рухани азық беріп, өнерге баулу мақсатында мектебімізде «әл-Фараби» атындағы Оқушылар сарайының «SHUGYLA» филиалы ашылып, мектеп оқушылары үшін қосымша білім алуға қалалық әкімдік тарапынан мүмкіндік берілді.

Толық өркениетті ел болуымыз үшін мәдениетімізді, тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн деп есептеймін. Осы ретте, мәңгілік елдің рухани құндылықтары негізінде 2018 жылдан бастап мектепте «Алаш жолы» субъективті мұражайы түрлі бағытта жұмыс жасап келеді. Ұлттық жобадағы үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Осы орайда, «Білім туралы» Заңға білім беру ұйымының басшысының қызметіне қатысты енгізілген жауапкершілікті, яғни білім беру ұйымдарында оқытудың, тәрбиелеудің, еңбек пен тынығудың салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасау басшыларға жүктелетіндігін әрдайым есімізде ұстаймыз.

Осы жоғарыда аталған жауапкершілік негізінде мектеп ғимараты толық бейнебақылау камерасымен жабдықталғандығын, арнайы турникеттер орнатылып, оқушылардың қолайлы, қауіпсіз ортасы қалыптастырылғандығын, барлық қабаттарда «Төтенше жағдай», «Өрт қауіпсіздігі» дабыл түймелері мен «Саната-К» дабылы орнатылғандығын баса айтқым келеді. Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай жабдықталған «Психологиялық қолдау» орталығы, «Интеллектум», «Робототехника», «STEM», «Химия», «Физика», «Тарих» кабинеттері оқушылардың білім сапасын арттыруға септігін тигізуде.

Осылайша, білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өз заманымызға лайық инновациялық, технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оқушыларымызға жайлы, әрі қолайлы орта қалыптастыруға тырысамыз. Қазақ халқының  ағартушысы  Мағжан Жұмабаев «…Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», – деген. Бұл үлкен міндетті орындауда ұстаздардың рөлі жоғары болу керек. Ол ең алдымен, мұғалімнің даярлығына, оның іс-тәжірибесінің қалыптасып шыңдалуына байланысты.

Осы орайда, ұлт тәрбиесін білім алушыларға дұрыс деңгейде бере білсек, бүгінде белең алып жатқан жастар арасындағы келеңсіз оқиғалардан арылуға жол салған болар едік. Күрмеуі күрделі білім беру процесіне бей-жай қарамай, «Бүгінгі мұғалім заман талабына сай белсенді, ізденімпаз, барынша икемді болуы керек. Қай пәннің болмасын негізгі мақсаты – баланың ой-қиялына ерік беру, арманына қанат бітіру!» – деген ұстаным Алаш рухымен қуаттанған, білікті мұғалімдер еңбек ететін мектеп ұстаздарының мақсаты мен міндеті болмақ! Білім көшін ұлттық құндылықтар негізінде алға сүйреп, табысты еңбек ету жолында әр мұғалімді жете зерттеп, еңбегін саралап, мүмкіндік туғызып, бағыт беру – біздің міндетіміз.

Күнімбала БАЯХМЕТБАЕВА,
Міржақып Дулатұлы атындағы № 68 мектеп
гимназия директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий