Табысқа бағытталған басқару
Өмірдің қуанышы көп алуыңда емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тәжірибеңді халыққа таратуыңда, – дейді қазақтың баһадүрі Бауыржан Момышұлы. Мектеп басшысы білім саласының қолданыстағы заңнамасында білім беру ұйымын тікелей басқаруды және толыққанды жауапкершілікті жүзеге асыратындығы баршамызға белгілі. Мектеп директорының басқару әрекеті көп қырлылығымен, кең ауқымдылығымен, іскерлігімен, креативті және сындарлы ғылыми негіздемелер мен қағидаларды назарға алатындығымен айқындалады.
Басқарудың ең маңызды негізі – білім берудегі мектепішілік басқару теориясы, яғни, мектеп менеджменті болып табылады. 2019 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибелерін енгізу арқылы табысты мектепке жету үшін, «Табысты мектепке жеткізетін үздік бес идея» инновациялық моно- жобалары біздің мектебімізге енгізілді. Басты мақсаты – ұлттық құндылықтар негізінде мектепте көшбасшылық туралы білім мен түсінік қалыптастыру арқылы табысты мектепке жету.
Білім беруді басқарудағы көшбасшылық арқылы ұжымда ортақ ұстаным мен құндылық қалыптасады, бір мүддеге бағытталған жұмыс жасау мәдениеті орнайды. Нәтижесінде, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік тәжірибелерінен тиімді идеялар жинақталып, қазақстандық мән-мәтінде мектеп ерекшелігі мен қажеттіліктеріне сәйкес сараланып бес үздік идея таңдалады; мектепішілік кәсіби қоғамдастық арқылы мұғалімдердің үздіксіз оқу ортасы қалыптасады, командалық жұмыс жасау мәдениеті орнайды.
Және іс-әрекеттегі зерттеу, Lesson Study тәсілдері арқылы оқу мен оқытудың үздік тәжірибелері анықталады, жинақталады, таратылады, мұғалімдердің кәсіби деңгейі үздіксіз артып отырады; лицей кезең-кезеңімен бес жылда Қазақстандағы «Ең үздік 30 мектептің» қатарына енеді; SIS халықаралық аккредитация стандарттарына сәйкес мектеп мәдениеті қалыптасады (2019-2022 жылдар аралығы аппробациядан өту кезеңі, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің сыртқы сарапшы іс-әрекеттегі зерттеуі.)
Жобаны апробациядан өткізу 2019-2020 оқу жылында жүзеге асты. Жобаны жүзеге асыру: І фаза – 2019- 2020 жылдар; ІІ фаза – 2020-2022 жылдар; ІІІ фаза – 2022-2025 жылдар. Жобаны іске асыру механизмдері: «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі»; «Жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы»; «Жаңартылған білім беру бағдарламасы»; «Педагогикалық қоғамдастықтағы көшбасшылық бағдарламасы»; «Мектептегі мұғалім көшбасшылығы бағдарламасы»; «Тиімді оқу мен оқыту бағдарламасы».
Қорытындылай келе, мектеп ұжымы Курт Левиннің өзгеру моделі бойынша «…бірінші кезеңінде ұжымды толыққанды өзгеруге дайындау, екінші кезеңде өзгерту, ең соңында жаңарған қалыпқа түсіп» өзгереді. Өзгеру процесі – үш фазадан тұрады, алғашында педагог қызметкерлер өзгеру қажеттілігін ұғынып, өз ойларын өзгертуге бет алады. Бұл өзгерістер мектеп дамуы үшін табысты қадам болып табылады.
Мектеп басшысы ретінде көп деңгейлі жүйеде басты рөл атқарып, педагогикалық, әлеуметтік- экономикалық өзгерістер мен жаңартулардың қақ ортасында отырғандықтан, педагог қызметкерлердің еңбегін жаңдандыру, жаңашылдыққа бағыттау, шығармашылық әрекетке, креативтікке талпындыру басты мақсатым деп білемін. Білім беру саласының дамуы, ұстаздар мен білім алушыларға барынша жағдай жасау – табысты мектеп үшін қашан да ең басты міндеттердің бірі болып саналады.
Сауле МОЛДАБЕКОВА,
№70 мектеп-лицейдің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы