Алаш арманы: Туымыз – тәуелсіздік, тілегіміз – тыныштық

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Ұлыларымыз еркіндіктің жолында, ұрпағының болашағы үшін аянбай тер төкті, жанын пида етті. Болашағының жарқын болатынын көзі көрмесе де, жүрегімен сезіп кетті. Сол бейнеттің зейнетін бүгінгі таңда біздер көріп отырмыз. Биыл тәуелсіздіктің көк туының көгімізде еркін желбірегеніне 30 жыл.

Қазақ халқы азаттықтың қадірін, оның біздің ұлтқа оңай келмегенін жақсы білеміз. Еркіндікті аңсаған би-батырларымыздың, от кеуде-орақ тілді ақындарымыздың, айбыны асқар Алаш азаматтарының, желтоқсанның желінде жалын боп жанған жастардың ерлігі ұрпақтың жадында мәңгі сақталады. Отыз жыл – соншалықты ұзақ уақыт болмаса да, бойында патриоттық тәрбие бар кез-келген Қазақстан азаматы үшін ерекше мақтанышпен айтылып, шаттықтан шашу шашатын күн деп есептеймін.

Себебі, бұл қуаныш – ата-бабаларымыздың көре алмай кеткен армандарының орындалған күні, өскелең ұрпақтың мақсаттарының айқындалған тарихи сәті. Ұлттық мерекеміз еліміздің барлық аймағында ерекше құрметпен атап өтіледі. Айтулы күнге орай біздің арнаулы оқу орнында да түрлі тағылымды іс-шаралар жоспарланған. Әсіресе бірінші курстың студенттері СД 21/9 тобында ұйымдастырылатын «Тәуелсіздік тарихы» тақырыбындағы басқосудың маңызы зор.

Себебі басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойына патриоттық және рухани тәрбие қалыптастыру. Студенттердің өнері мен талантын шыңдау. Қазақ халқының билері мен шешендерінің сөздерінен өнеге алып, айбарлы ақындарының жалынды жырларын жатқа айтып, желтоқсан құрбандарының ерлігін мақтан тұтқан мағыналы мереке болатынына сенімдімін. Жүздесу талантты өнерпаздардың патриоттық әндерімен, күмбірлеген күйлерімен жалғасын табады. Жиынға келген көрермендермен викториналық сұрақтар және ерлігімізді дәріптейтін ерлік туралы мақал-мәтелдер, салт-дәстүрімізді жаңғыртатын шешендік сөздер бойынша білімі мен біліктілігі арқылы бақтарын сынайды.

Қазақ халқы – өткенін ұмытпаған, ұлыларын ұлықтаған жасапмаз жұрт. Бостандық пен еркіндіктің қадірі мен қасиетін жақсы білеміз. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!»- деп, болмысымызға сын көзбен қарайтындығымыз тағы бар. Ұл-қыздарымыздың бойына салт-дәстүр мен аманатымызды дарыта білген ұлылығымызды дәріптеу баршамызға парыз. «Мен- жастарға сенемін!», – деп ағартушы Мағжан ақын жырлағандай, өскелең өрендерге үлкен сенім мен үміт артып, ұрпағымен мың жасаған халқымыз аман болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей беруіне тілектеспіз.

Айзат Жаксылыковна САГЫНБЕКОВА,
Екібастұз политехникалық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
Павлодар облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий