Мәтінмен жұмыс жасаудағы тиімді әдіс – тәсілдер

Бүгінгі күнгі жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқытудың басты ерекшелігі — оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау, сөйлеу, өз ойын еркін жеткізу, шығармашылық қабілетін жетілдіру, өз бетінше білім алу үдерісінде бірлесе әрекет ету. Қазақ тілін оқыту барысында қазақ тілінің қыр-сырын, табиғатын таныта отырып, болашақта өмірден өз орнын таба алатын, көзқарасы түзу, ойы озық, өзіне сенімді, нағыз ұлтжанды, парасатты ұрпақ тәрбиелеу үшін педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен пайдаланып, тәжірибені байыта түсу – бүгінгі білім беру ісінің басты мәселесі.

Бірлескен іс-әрекетке негізделген оқытуды тиімді пайдаланған жағдайда келесі нәтижелерге қол жеткізуге болады: оқушының оқуға деген қызығушылығының артуы; іскерлік дағдысының дамуы; өзіне деген сенімділігінің қалыптасуы; өздігінен оқып негізгі түйінді ойды анықтап алуы; мақсатқа өз бетімен ұмтылуы; ойлау белсенділігінің артуы; шығармашылық дағдысының қалыптасуы; өзіндік пікірін айтуы. Бүгінгі таңда білім беру мазмұнын жаңарту өте маңызды өзгерістердің сатысында тұр.

Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамыту оқушылардың алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген орта жағдайында қарым-қатынас үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді. Қазіргі заман талабы – жан-жақты дамыған, функционалды сауатты тұлға тәрбиелеу. Ол үшін оқыту әдістеріне өзгерістер енгізіліп жатыр. Алдымен, тілді үйреніп, сол тілде ойлап, сол тілде сөйлейтін азамат даярлау- басты мақсат. Тілді оқыту оңай іс емес екендігі анық.

Қазіргідей үздіксіз өзгерістер мен жаңа технологиялар заманында  оқушыларымыз үшін түрлі ғылым саласын жай ғана білуі жеткіліксіз. Жаһандану заманында білімді болумен бірге сол біліміңді өмірде тиімді қолдану, кездесетін қиындықтарды анықтап, оларды шешудің жолдарын таба білу – аса маңызды іс. Осыған байланыста елімізде оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мәселесі өзекті болып отыр. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады.

Яғни, оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануына үйрету. Оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын дамытуда мәтінмен жұмыстың маңызы зор. Оқушы шығарманы, мәтінді сүйсіне отырып, құлшыныспен оқуы үшін тиімді, қызықты, жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдану қажет. Осындай жұмыстар барысында оқушылардың оқылым дағдыларын дамытуға  ықпал ететін мынадай әдістерді қолдануға болады: көз жүгірте, шолу жасай отырып оқу; мәтіннің тақырыбы мен бастапқы бөлігіне сүйене отырып, оқиғаның дамуын болжау; мәтіннің негізгі ойы мен бөліктерін анықтай отырып оқу; ақпаратты табу үшін оқу, қызығып оқу және өз көзқарасын айту үшін оқу, мәтінге ауызша және жазбаша шолу жасау.

Мәтін – тілді оқытудағы негізгі құрал. Ол оқу, жазу, тыңдау, сөйлеу арқылы жүзеге асады. Мәтінмен жұмыс тіл үйренушінің сөздік қорын байыту мен еркін сөйлеуге үйрету немесе өз ойын ашық, анық жеткізе білу дағдысын қалыптастыру мақсаттарын көздейтіндіктен, тілді оқытуда мәтінмен жұмыс жүргізуде ұтарымыз мол болмақ. Мәтін – қазақ тілін оқыту барысында үлкен орын алатын оқыту нысаны. Біріншіден,  білім беретін материал оқыту мәтіндері түрінде болса, екіншіден, жаттығулардың тұтас мәтін түрінде берілуі де мәтінмен орындалатын жұмыстардың сараланып жүйеленуін қажет етеді.

Мәтіннің қызметін таныту – оқушыға тіл бірліктерін функционалдық тұрғыдан танып-білуіне, сол арқылы логикалық ойлауының бірізді қалыптасуына мүмкіндік береді. Осыған байланысты мұғалім мәтінмен жұмысты жүйелі жүргізгенде және оқушының сауатты оқу дағдысын қалыптастыра білгенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе алады. Оқыту мен оқу үдерісінде білім алушы теориялық, танымдық ақпаратты мәтін арқылы алады, ал алынған ақпаратты қабылдап, ой елегінен өткізу арқылы шығармашылық әрекетпен өмірде қолданады.

Мәтін – мағыналық және құрылымдық аяқталуымен, автордың ақпаратқа көзқарасымен, ақпараттың нысандылығымен  танылатын болса, шығармашылық – тұлғаның стандартты емес шешімдер қабылдаудағы терең қасиеттерін көрсететін қабілеті. Мәтінмен жұмыс жасау барысында тілдік  (әңгіме, дәріс, диалогтік оқыту, топтық оқыту, бірлесе оқыту), көрнекілік (танымдық, зерттеушілік, сюжеттік, деректі фильмдер, көрсету, презентация), практикалық (жаттығулар, тапсырмалар, графикалық органайзерлер, шығармашылық жұмыстар, ақпараттық ізденістер), репродуктивтік, проблемалық-ізденушілік, сыни тұрғыдан ойлау стратегиялары сияқты әдістерді кеңінен қолдану ұсынылады.

Оқу-тәрбие үдерісінде жоғарыда ұсынылғандай жұмыстар жүргізілгенде білім алушылардан мынадай нәтижелер күтуге болады: мәтінге қатысты құрылымдық сипаттарды, ерекшеліктерді, лингвистикалық терминдерді меңгереді; мәтін түрлері мен шығармашылық жұмыстардың түрлерін ажырата алады, құрылымдық ерекшелігіне сәйкес қолдана біледі; түрлі жанрдағы, тақырыптағы, типтегі мәтіндердің мазмұнын түсінеді және түсіндіру, салыстыру, бағалау, түрлендіру жұмыстарын жүргізе алады.

Және мәтіннің жасырын мағынасын және мәтінге енгізілген көркем бейнелеуіш құралдардың, сөздердің мағыналық топтарының  мәнін  анықтай алады; оқудың түрлі стратегияларын пайдаланып, мәтінге ақпараттық ізденіс  жүргізеді, қажетті ақпаратты іріктейді және өңдейді; шығармашылық жұмыстарды жанрлық және стилистикалық ерекшеліктеріне сәйкес орындай алады; түрлі дереккөздерден алынған ақпараттарды жинақтау арқылы өзінің ойын, көзқарасын, пікірін түрлі стильде, жанрда ауызша және жазбаша түрде жеткізе алады.

Оқушыларымен қазақ тілі сабақтарындағы мәтінмен жұмыс жасау және олардың шығармашылық қабілетін жетілдіру, оқу жетістіктерінің оң нәтижесін қамтамасыз ету барысында мәтінмен және шығармашылықпен жұмыс жасаудың бүгінгі күні тигізер пайдасы мол деп ойлаймын.

Күнімхан Дүйсенғалиқызы СЕРКЕБАЕВА,
Т. Шонанұлы атындағы жалпы орта білім
беретін мектетің
бастауыш сынып мұғалімі,
Ақтөбе қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий