“Тәуелсіздікке 30 жыл: 30 есім, 30 тарихи дерек”: Кәсіподақ көшбасшысы – ұлағатты тұлға
Еліміз егемендікке қол жеткізіп, дамудың даңғыл жолына түскеніне биыл 30 жыл. Тарих тағылымындағы өткенімізді түгендеп, табысымызды таразылау – межелі міндет. ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйлі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда. Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік», – деп мемлекеттігімізді нығайтуға бірлікпен атқарылған еңбектің маңыздыдығын атап өтті.
Айта кеткен орынды, еліміз тұрақтылық пен келісімнің негізінде осындай қабырғалы мемлекет құрып, сабақтастықты жалғау арқылы табыстан табысқа қол жеткізіп келе жатыр. Бұл орайда, елдігіміз бен ерлігімізді бағалап, рухани күшімізді нығайтып, азаматтық қоғамның орнын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен тұлғаларымыздың тағылымды өмір жолын жастарға үлгі етудің маңызы зор. Жоғары буынның тәжірибесі жастардың ерік-жігерін ұштастыра отырып, жаңа бастамаларға жетелері сөзсіз.
Бүгін біз мақаламызда саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған ұлағатты тұлға Амантаева Майра Тұрғанқызы туралы әңгіме өрбітеміз. Майра Тұрғанқызы Амантаева 1947 жылы 23 ақпанда Алматы облысындың Қаскелең ауданы, Каменка ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогика институтының математика факультетін бітірген. 1969 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл ту ауылындағы мектепте, 1970 жылы Алматы облысы, Шелек ауданы, Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалім болған.
Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Майра Тұрғанқызы мектепте жас шәкірттерге білім мен тәрбие бере жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Өр мінезді жас педагог әріптестерінен көшбасшылық қасиетімен дараланып, кеңес дәуірінде, 1974 жылы 27 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы жиынында депутаттыққа сайланады. Бес жылдан астам мерзім депутаттық қызметін абыроймен атқарып, үлкен беделге ие болған.
1991 жылы Майра Тұрғанқызы өткен жүзжылдықтың 20-шы жылдары құрылған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы қызметіне тағайындалды. Кәсіподақ көшбасшысының тәжірибелік қызметі еліміздің қалыптасу тарихымен, Қазақстанның ағарту саласы қызметкерлерінің, мұғалімдердің дағдылы жұмыс күндерімен тығыз байланысты болды. Нарықтық қарым-қатынастар жағдайында кәсіподақ қызметін заман ағымына зай жетілдіріп, нығайтумаңызды міндет саналды.
Қоғамдағы ұстаз рөлінің өзектілігін айқындап, мұғалім мәртебесін жоғарылату – күн тәртібінен түспейтін негізгі мәселелердің бірі. Нарықтық сана үстемдік құрған заманда ұстаздардың әлеуметтік ахуалын көтеру – осы бағыттағы басты қозғаушы күш. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кәсіподақтар сала қызметкерлері құқықтарын қорғау бойынша өз қызметін белсенді түрде атқарып, мемлекеттік билікке ықпал етудің заңға сәйкес барша әдіс-тәсілдерін пайдаланды.
Білім және ғылым саласы қызметкерлері, оқушы жастардың әлеуметтік өмірінің төмендеуі, еңбек құқықтарының бұзылуына байланысты наразылық шерулері, қарсылық шаралары өткізілді. Тұңғыш рет 1992 жылы мұғалімдердің шеруі орын алды. Бұл шеруді ұйымдастыруға барлық деңгейдегі кәсіподақ комитеттері ұйытқы болды. Бағаның күрт қымбаттауы, педагогика саласы қызметкерлерінің материалдық жағдайының нашарлауы, төмен деңгейдегі жалақы мөлшері, мамандардың басқа салаға ауысуы жайында билік орындарына көптеген хат, телеграммалар толқыны жолданды.
Тек бір Қостанай кәсіподақ ұйымдарының өзінен 700 астам телеграмма мен хат келіп түссе, Қызылорда облысының 5000 ұстазынан хат келіп түскен. 1992 жылдың сәуір айында ҚР Білім министрлігі мен Еңбек министрлігі басшыларымен кездесу өткізілді. Бірақ бұл кездесу мұғалімдердің жағдайын шешіп, өмірлерін жақсартуға ықпал ете алмады. 1992 жылдың 7 мамырында білім саласы қызметкерлерінің Республикалық шеру комитетінің шешімі: «Ұжымдық еңбек дауларына шешу тәртібі туралы» бойынша 1992 жылдың 22 мамырында сала қызметкерлерінің республикалық тұңғыш ереуілін өткізу туралы шешім қабылданды».
Республикалық ереуіл комитеті «Ұжымдық дау-дамайды шешу тәртібі» заңы аясында ереуіл ұйымдастырудың барша рәсімі мен дайындықтарын жүргізді. Кәсіподақ сала қызметкерлерінің құқықтары мен мақсат-мүдделерін қорғау шарасы жоғары деңгейде өтті. Ереуіл ұйымдастырушылар заң шеңберінде әрекет етуге бар күш-жігерін салды. Үкіметтік органдармен байланысқа түскен ұстаздар мен оқытушылар өз мақсат-мүдделерін қорғауда ештеңеден тайынбайтындарын білдірді. Билік өкілдері Республикалық шешу комитетінің төрағасымен, яғни, қағаз жүзінде келісімге келіп, қол қойып, бірақ талаптарға тиісті тұрғыда жауап бермегендіктен білім қызметкерлері шеруге шықты.
Сол жылдың 26 мамырында Алматыдағы Үкімет үйі алдында кәсіподақтың бірнеше мың мүшесі жиналды. Бұл білім саласы қызметкерлерінің өз құқықтарын қорғау мақсатындағыы өткізген ең алғашқы наразылық шеруі еді. Құқық қорғау органдары мен әкімшілік қарсылық танытуға бекем болды. Ал, бұқаралық ақпарат құралдары бұл оқиғаны назарына да алмады. Шеруді тоқтату үшін Үкімет шеру комитетінің өкілдерін, Қазақстан Республикасы Премьер Министрінің орынбасарын, сонымен қатар министрліктердің басшыларымен кездесуін ұйымдастырды.
Осыған сәйкес күн тәртібіндегі мәселелерді жедел тұрғыда қарастыру туралы шешім қабылданды, ал наразылық танытқан азаматтардың талаптарын Жоғарғы кеңестің сегізінші сессиясында талқыға салу туралы ұсыныс жасалынды. Білім саласы қызметкерлерінің негізгі талаптары Парламентте қаралды. Баспасөзде шешім жарияланған соң, шешу комитеті шеруді тоқтату туралы шешімге келді. Ал, ең бастысы сала қызметкерлерінің қол жеткізген табысы жалпы білім беретін оқу орындарындағы жоғарғы сынып мұғалімдерінің жүктемесі 14-16 сағатқа төмендесе, ал бастауыш мектепте аптасына 16-18 сағатқа дейін азайтылды.
Және лауазымдық белгі көрсеткіштер (6-21) анықталды, осының негізінде жалақыны көтерудің мүмкіндігі туды. Сонымен қоса «Білім туралы» заңға қатысты көптеген ұсыныстар қабылданды. Өткізілген шеру кәсіподаққа деген сенімді арттырды. Заман талабына сай бола отырып, бүгінде Салалық кәсіподақ еліміздегі ең ірі бұқаралық қоғамдық ұйымға айналды, өткен тәжірибеден жақсы игі дәстүрлер мен нағыз құндылықты және ең бастысы – қазіргі оңайға соқпайтын жағдайда маңызды болып табылатын кәсіподақ қозғалысының бүтіндігі мен бірлігін сақтай білді.
Салалық білім кәсіподағы сала қызметкерлерінің табысын арттыруды, еңбек жағдайын жақсартуды басты мақсат етті. Кәсіподақ белсенділері мен профкомдардың табанды талабы бойынша республикалық актив кеңестері өтіп, студенттер мен оқытушылардың ортақ мәселелері көтерілді. Оның ішінде студенттердің төмен әлеуметтік жағдайы, оларды шәкіртақымен қамту, отбасылы және озат студенттерге қосымша төлемдердің алып тасталынуы және өзге қалалардан келетін студенттерге пойызбен жүруге жеңілдіктердің жойылуы секілді мәселелер көтерілді.
Актив жиындарының нәтижесінде білім кәсіподағы тиісті мемлекеттік органдарға қатынас хат түсіріп, оның негізінде оқу орындарының басшыларына аталған мәселелерді шешу туралы тапсырма алды. Сала қызметкерлерінің, студент жастардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде мақсатты бағытталған жұмыс жүргізіп, билік органдарымен және жұмыс берушілермен сындарлы ынтымақтастықта қызмет етуде Салалық кәсіподақтың қол жеткізген табыстары аз емес.
Білім саласындағы заңдар мен стратегиялық құжаттарды, Үкімет қаулыларының жобаларын жасақтауға үлес қосуда Салалық кәсіподақ ұстаз мүддесін алдыңғы орынға қояды. 2012 жылы Үкіметтің әйелдердің зейнет жасын 58 ден 63 жасқа көтеру бастамасына қарсы шыққан кәсіподақ белсенділері Үкімет реформасымен келіспей, 80 мыңға жуық қол жинады. Өңірлерде түрлі форматтағы жиындар өткізіп, Президентке, ҚР Үкіметіне ашық хат жолдады. Осыдан кейін ғана Үкімет әйелдердің зейнет жасын өсіруді 2018 жылға шегеруді, оның өзінде кезең кезеңімен жүзеге асыру туралы шешім қабылдады.
2019 жылы Салалық кәсіподақ тарихында жаңа кезең басталды. Осы жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының XIV съезінде Салалық кәсіподақ төрайымы лауазымына Мұқашева Айгүл Мақсатқызы сайланды. Съезде кәсіподақ көшбасшылары ширек ғасырдан астам кәсіподақ төрайымы қызметін атқарған Майра Тұрғанқызына алғыс білдіріп, елімізде кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесін ерекше атады. Расында да, кәсіподақ күшімен алынған қандай ма асулар мен белестердің басында Майра Амантаеваның есімі аталады. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануына, сала қызметкерлерінің жалақысының арттырылуына Майра Тұрғанқызы айрықша үлес қосты.
Қайтпас қайсарлық пен тегеурінді табандылықтың арқасында табысты нәтижелерге қол жеткізу кәсіподақ көшбасшысының әрбірінің бойынан табылуы тиіс қасиет. М.Т.Амантаеваның қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды деуге негіз бар – ол “Еңбек Қызыл Ту” және “Құрмет” ордендерімен, “Отличник просвещения Казахской ССР» белгісімен, Жалпыға ортақ кәсіподақтар Конфедерациясының «За заслуги перед профсоюзным движением» күміс белгісімен, Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы беріліп, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, мерейтойлық медальдармен, А.Байтұрсынов атындағы үш дәрежелі медальдарымен және салалық кәсіподақ пен кәсіподақтардың халықаралық бірлестіктерінің басқа да көптеген наградаларымен марапатталған. Қилы тарихтың қатпарлы қия-қалтарыстарын бастан өткеріп, кедергі-қайшылықтарды жеңуде табандылығы мен қайсарлығы өзгелерге үлгі бола білген Майра Тұрғанқызы бүгінде жапырағы жайқалған алып ана.
Екі ұл бір қызынан көрген немере-жиендері әже мейірімін көріп, тәрбиеленуде. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, республикамыздың оқу ісінің озаты, кәсіподақ ардагері Майра Тұрғанқызының телегей-теңіз тәжірибесін жас ұрпақ кәсіподақ қызметін жетілдіруге әлі де пайдаланары анық.
“Қазақстандық салалық білім және
ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы»
ҚБ баспасөз қызметі