Жас ұстаздар арасындағы байқау жалғасын тапты

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен Панфилов аудандық филиалы жанынан құрылған жастар Кеңесінің ұйымдастыруымен «Егемен елдің жастары» атты байқауы өтті, – деп хабарлайды жетісулық осы қоғамдық ұйымның баспасөз қызметі. 

Жас ұстаздар қатысқан шарада облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз алып, барша кәсіподақ мүшелерін айтулы мерекемен құттықтады. 18-35 жас аралығындағы кәсіподақ мүшелерін қамтыған шараның мақсаты мен міндетін нақтылады. Байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталған шара бес кезеңді қамтыды. Алғашында ұстаздар өздерін таныстырып, туған өлкенің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігі, білім саласындағы өзгерістерді айтты.

Екінші кезеңде қазақ еліне танымал ақындардың сөзіне жазылған патриоттық әндерді жанды дауыста шырқады. Ал, үшінші кезең тәуелсіздік тарихына негізделіп, Елбасының өмір жолы, желтоқсан оқиғасына қатысты сұрақтарға командалар жауап берді. «Тұлғаларды тани біл» кезеңі Алматы облысының танымал тұлғаларына бағытталды. Онда әр команданың көшбасшылары экранда берілген тұлғалардың аты-жөнін, атқарған қызметін жан-жақты баяндады.

Соңғы кезеңде аудандық, қалалық филиалдардан келген командалар тәуелсіздікке арнаған жыр шумақтарын нақышына келтіре оқыды. Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов, Панфилов аудандық филиалының жанынан құрылған педагогикалық еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Молот Солтанаев, Ш. Байбатшаев атындағы орта мектебінің директоры Саулет Асанов, Абай атындағы орта мектебінің директоры Ұлмекен Жақыбаева, Д.Қонаев атындағы орта мектебінінің директоры Айгүл Нүсіпқожаева сынды белсенділерден құралған, әділқазы алқалары әр кезеңді 1-10 ұпай аралығында бағалап, жеңімпаздарды анықтады.

Құрамы үш адамнан құралған тоғыз команданың арасында жүзден жүйрік шығып, І орынды Көксу ауданы, Еңбекшіқазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рауан Мырзахметов, Жамбыл атындағы орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы Ильяс Закиров, Алдабергенов атындағы орта мектебінің мұғалімі Нұрлан Мамырбаев иеленді. ІІ орын Кербұлақ ауданы, Күреңбел қазақ орта мектебінің мұғалімдері Әсем Ильясова, Жаңыл Жұмағалиев, Оралбек Тұрысбековтерге берілді.

Үшінші орынды Қаратал ауданы, І.Есенберлин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Мұхаметқалиева, Балалар шығармашылығы орталығының директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дастан Аршынбек, Лермонтов атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Әйгерім Тұрсынова еншіледі. Жүлделі орындарды иеленген ұстаздарға облыстық ұйымның дипломдары мен Панфилов аудандық филиалының қаржылай сыйлықтары табыс етілді.

Байқауға дейін жастар кеңесінің белсенді мүшелері Панфилов ауданындағы «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейін және «Әулиеағаш» жеті ғасырлық тарихы бар киелі ағашты тамашалаған болатын.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий