Ыбырай Алтынсарин – 180: Қазақ даласының алып қоңырауы

Бір, Аллаға сиынып.
Кел, балалар оқылық
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық
Оқысаңыз, балаларлар
Шамнан шырақ жағылар
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар, – дейді қазақтың ағартушы ұстаз ғалымы Ыбырай Алтынсарин.

Алашта бір туар азамат кім?- десе Ыбырай Алтынсарин дер едім. Қазақтай елге жұлдыз болып жарқырап, ағартушылық қырын танытқан дара тұлға. Қанатын кең сермеп білімін дарытқан бірінші ұстаз. Қазақ елінің басынан не өтіп, не кетпеген.Талай қиындық, ұрпақ сауатсыздығы, қараңғылық кетпеген заман тұсында өмір сүрген Ыбырайдың еңбегі зор. Ыбырай өз заманында әлеуметтік жағдайларға белсене араласа, өзінің ұлтын жан-тәнімен сүйген ұлт жанды азамат екенін аңғару қиын емес.

Иә, небәрі 19 жасында қайрат жігері басым болып талай  игі іс бастағаны бәрімізге мәлім. Ыбырайдың жанына аяздай батқан жағдай, ол қазағының қараңғы, надан болуы еді. Қазақ даласында сауаттылық, білім орнауын жанымен қалап еңбек еткен біртуар жанашыр жан болды. Әрине, сонда Ыбырай не істеді? – деген сұрақ туындауы мүмкін. Дәл сол уақытта қараңғы қазақты ояту үшін қоңырау соқты. Қазақ қандай халық, қандай болуы керек? Айтпағым қазақ даласында өкімет пен жергілікті билік өз дегенін жасап жатқанда, кедергіге мойымай, қазақ ұрпағы сауатты болуы үшін мектеп ашты. Бұл алғашқы бірінші мектебі еді.

Міне, сол сәттен бастап дала қоңырауы сыңғырлап соғыла бастады. Айтуға өте жеңіл болғанымен, тың жерден түрен тартып, дәнін сепкен дихандай өз ісіне құлшына кіріскен ұлы ұстаздың алдынан, сол мезеттерде оңайлықпен алына қоймайтын қамал кедергілер көп болды. Осы кедергілерге мойымай Ы.Алтынсарин мектеп ашып қана қоймай, оқу құралдарын да әзірледі. Ыбырайдың педогогикалық еңбегі тек мектеппен шектелмеген, ол қолөнер мен ауылшаруашылық училищелерін ашуға да, музыка өнерінің дамуына күш салған.

Ыбырай жан-жақты, ойы, сөзі, ісі бірлікте болған, ойлаған ісін жүзеге асырған нағыз майталман педогог деп ойлаймын. Ыбырай ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздікті де көре білген екен. Әкімдердің зорықшыл сорақы қылықтарын сынға алып, олардан қарапайым халықты қорғап жүрген. Осы әрекеттен Ыбырайдың көреген, кеңпейіл, бауырмал педогог болғанын сезіндім. Білім мен тәрбие берудің басты құралы оқулық жасау деп ойлаған Ыбырай «Қазақ хрестоматиясын» жарыққа шығарған.

Хрестоматияда тәрбиелік мәні бар көптеген шығарма, әңгімелер баяндалған. Сондай шығармаларының бірі – «Кел балалар оқылық». Осы шығармасын Ыбырайдың оқымаған адам кемде-кем шығар.Өйткені мен бала кезімде жаттаған бұл өлең әлі күнге дейін есімде.Ол кезде жаттанды сөздердің түпкі мағынасын толық түсінбесем де сол шығармадан жылулықты, бір ұшқынды сезінетінмін. Қазір шығарманы оқып, өлеңдегі әр сөздің қадір-қасиетін сезіндім. Әр сөздің астарында терең үндеулер мен ойлар жатыр.

Шығармадағы:
«Кел балалар оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз балалар,
Шамнанан шырақ жағылар
Тілегенің алдыңнан.
Іздемей ақ табылар», – деп балаларды әр күн және әр сағат сайын оқып білім алуға шақырды.

Бұл «Жүрегінің жылуын арнаған»,  «Аяңсыз ат арымас, білім деген қарымас, жөн білмеген наданға, қыдыр ата дарымас»,  «Оқу білген адамдар май тамызған қылыштан»,-деп оқу оқып, білімді боласың не бір ашылулар, керемет дүниелер жасайсың деген мағынада айтылған. Оқу оқысаң «Шықпайтын шыңың, алмайтын қамалың» болмас деген оймен айтылған болар деп ойлаймын. Ыбырай Алтынсариннің шығармаларын әлі күнге дейін қазіргі таңда балабақша бағдарламасында да, қолданып жүрмін.

Өзі өшсе де, сөзі өшпеді дегендей, өзі жоқ болса да бабамыздың «Түлкі мен ешкі»,  «Қарға мен түлкі» ертегілері,  «Бақша ағаштары», «Әке мен бала», «Бір уыс мақта» әңгімелері, «Кел балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Ананың сүюі» өлеңдерін айтқызып бүлдіршіндердің бойына сусындатудамын. Ыбырай «Бақша ағаштары» атты әңгімесінде тәрбиенің не екенін қарапайым ағаштар мен салыстыру арқылы былайша сипаттап берген: Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.

Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? – деп сұрады баласы. – Оның себебі, балам анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп отырған. Ал мына ағаш ешкімнің қарауынсыз, өз қалыбымен өскен, – деді атасы. – Аа, – деді баласы. Атасы, балам бағу, қағу деген сөздің өзінде көп мағына бар. Сен жас ағашсың, саған да күтім керек, мен сенің қате істеріңді түзеп, жақсы іске үйретсем, сен менің айтқандарымды ұғып тыңдасаң, сенде жақсы бала болып өсесің. Ал сен ақылымды тыңдамасаң, мына ағаш сияқты қисық өсесің, – деді атасы.

Бұл әңгіменің де тәрбиелік мәні өте зор. Балаға жас күнінен дұрыс тәрбие беру -оның болашақ өмірі үшін өте қажет. Ыбырайдың бұл әңгімесі балалар тәрбиесіндегі қазіргі таңда басты ұстаным деп білемін. Жазушының шығармаларының ішіндегі сюжетті қызықты әңгімелерінің бірі- «Таза бұлақ». Мұндағы үш жолаушының бірі-саудагер, екіншісі-молда, үшіншісі-жай жігіт. Бұл әңгіменің да өзінше түсінігі мол, өмірге деген көзқарасы бар. Олар жолдағы таста жазылған «Ей, жолаушы таза болсаң, осы бұлақтай бол» деген сөзді үш жолаушы үш түрлі түсінуінде.

Бұл туындыда кісі еңбегін қанайтын саудагерді де, елге жалған үгіт тарататын молданы да жақтамайды. Ол еңбекші халық өкілі жас жігіттің ниетін құптайды. Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің көркемдігі жоғары, нақты оқиғаны дәл баяндай отырып,  шыншылдыққа үйретеді. Ыбырай балаларға арналған әңгімелерінде өмірдің сан түрлі қырларын ашуды мақсат еткен. Қазақ балаларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың жан дүниесіне әсер ету мақсатында еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, адал да әдепті, білімді азамат болып жетілуіне үлкен үміт артқан.

Ұлы жазушымыз Ыбырай балаларға арналған шығарма, әңгімелерін де өмірде кездесетін іс-әрекеттермен байланыстырып отырған. Себебі, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне орай тілі жеңіл, мазмұнды, тартымды, олардың жан дүниесіне әсер етерліктей етіп берілгендігін атап көрсеткен. Ұлы ағартушымыз артына қалдырған асыл мұрасы сан мыңдаған ғасырлар өтсе де, өз маңызын жойған емес. Ыбырай Алтынсарин рухани адамгершілік білім беруді ту етіп ұстады және қазіргі таңда жалау етіп желбіреп өз мәні мен мағынасын жоғалтпады.

Қорыта келегенде Ыбырай салған сара жол – тәуелсіз елімізбен бірге қанатын кеңге жайып, жалғасын табуда. Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардан бастап, Ұлы ұстаздың өлеңдерін, шығармаларын дәріптеп, бойына сіңіріп отырсақ, ұстаз мәртебесі өшпейді. Ыбырай Алтынсариннің шығармаларымен таныстырып, ұстаз образын санасына сіңірсек, еңбек ету арқылы оқу-білімге қол жеткізе алатындығын кез-келген адамнан, адамгершілікке толы іс-әрекет ету, қолынан келетіндігін ұғындырсақ- мақсатымызға жетеріміз анық деп ойлаймын.

Жазира Маратовна ЖУСУПБЕКОВА,
“Айналайын” бөбекжай – балабақшасының
тәрбиешісі, Алматы облысының Іле
ауданындағы Қосөзен ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий