Жақсы адам ғана жақсы ұстаз бола алады…

Ұстаздық мамандық  –  мамандықтың  ең асылы әрі ең қасиеттісі. Ұстаздар – тыншымайтын еңбеккерлер. Жемісті жерге екпеген, елге еккендер,-демекші  әрбір адамның, шәкірттің өзі сүйген ұстазы, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Себебі, ұстаз – баланы адам қылып тәрбиелеп, күлімдеген, күнім деген, сенің жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға.

Ғылымның қыр-сырын меңгеріп, бойындағы бар білімін оқушыларына сіңірген ұстаздарымыз бірі Бақсұлу Едігеқызы. Бақсұлу Едігеқызы Икембай 01.01.1956 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылында дүниеге келген.1973 жылы Шайыр орта мектебін бітірді. 1974-1978 жылдары Шымкент педагогикалық институтының көркем графика факультетінде оқып, сызу сурет пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Еңбек жолы: 1978-80 жылдары Шетпе поселкесіндегі №3 орта мектепте мұғалім,1980-1989 жылдарда Ақтау қаласындағы №11 мектепте, 1989-2003 жылдары №20 М. Әуезов атындағы орта мектепте сызу және сурет пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасады.

2003-2016 жылдарда Ш.Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік Технологиялар және Инжиниринг Университетінің «Құрылыс» кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарды. Мұғалімдік оқытушылық қызметте үздіксіз 38 жыл жұмыс істеді. Бақсұлу Едігеқызы осы кезеңдерде бірнеше аудандық, қалалық, облыстық оқу бөлімдерінің мақтау грамоталарын алды. Есімі Маңғыстау мұғалімдері жинақ қітабына жазылған. Университет қабырғасында деканаттың, ректораттың алғыс хатының  иегері.

18 ғылыми–тәжірибелік мақалалары жарыққа шыққан. 2007 жылдан «Педагогика және психология» мамандығының магистрі. 2016 жылдан құрметті демалыста. Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. Бақсұлу Едігеқызы шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде еңбегі зор.

Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Бақсұлу апай өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер қалдырды. Бақсұлу Едігеқызы – шын ұстаз, ұстаз болуды балалық шағынан армандады. Қиындығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтеді. Қиын дейтінім: әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім – тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес.

«Ұстаз» деген атқа ие болған адам бақытты адам деп ойлаймын. Себебі олар әрбіріміздің тағдырымызға әсер етіп, әрқашан тірек болып қасымыздан табылады. Ұстаз болу қиын, бірақ осы дүниедегі ең жауапты да, ең ардақты да мамандық – осы. «Ана –үйдің берекесі, бала-үйдің мерекесі» деген ғибратты сөз бар. Бақсұлу Едігеқызы жанұясында аяулы жар, отбасының ұйытқысы, үш баланың анасы, 6 немере сүйіп отырған бақытты әже.

Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау. Өмірін ұстаздыққа арнаған адам өмірінің соңына дейін құрмет көшеметке ие болмақ. Ұстаздың жолында шаршамай, талмай қызмет етіп жүрген асыл жандарымыз барша құрметке лайық деп білемін.

Гүлбану Іздібайқызы ЕСБОЛАЙ,
Yessenov University аға оқытушысы,
магистр,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий