Республикалық пікір сайыс турнирі қорытындыланды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «QORQYT АTA CUP» студенттер арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Шешендік пен ұтқыр ой сыналатын сайысқа еліміздің барлық аймағынан  18 команда қатысты, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Дебат – жастардың логикалық және сыни ойлау қабілетін ұштайтын интеллектуалды ойын. Қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, тәуелсіз шешім қабылдауға бейімдейді. – Бүгінгідей ақпараттар алмасқан заманда жастардың жаңалықты саралап, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай алуы маңызды. Бүгінгі республикалық ауқымды пікірсайыс турнирі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің қолдауымен Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен өткізілуде, – деді ректордың міндетін атқарушы Абайбек Жүнісов.

Пікірсайыс турнирі американдық парламенттік және Линкольн-Дуглас форматында өтті. Турнирге еліміздің іргелі жоғары оқу орнының білім алушылары қатысты. Атап айтсақ, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Халықаралық туризм және мейман достық университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, «Болашақ» университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті.

Екі күндік сайыстың қорытындысы бойынша I орын (300 мың теңге) Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Бекзат Саттарханов» фракциясына, II орын (150 мың теңге) Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университетінің «Терең дем ал» фракциясына және жүлделі III орын (100 мың теңге) Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Цицерон» фракциясына табысталды. Республикалық пікірсайыс турнирінің «Үздік спикер» (30 мың теңге) номинациясын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Алима Калисаева иеленді. Ал «Үздік төреші» (30 мың теңге) номинациясымен аймағымыздың тәжірибелі пікірсайысшысы Маржан Ердібек марапатталды.

– Пікірсайыс арқылы жастар логикалық ойлауға, өз ұстанымын білдіруге тәрбиеленеді. Сондай-ақ, әртүрлі жағдайда оны талдап, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға бейімделеді. Бүгінгі турнирде қатысушылар тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен жетістіктерін насихаттап, қоғамдағы өзекті мәселелерді өз деңгейінде көтере білді. Бұл жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, демократиялық қоғам өміріне жас ұрпақтың араласуына жол ашады. Осындай шаралар арқылы жастар бір-бірімен тәжірибе алмасып, өзара достық қарым-қатынастары нығая түседі деп санаймын, – деді турнирдің бас төрешісі Айжан Орынбасар.

Турнирдің бас демеушісі ретінде қолдау көрсеткен Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, медицина саласының Құрметті қызметкері Нурылда Талипов болса, шараның өтуіне «Қазақстан Астық компаниясы» ЖШС атқарушы директоры, «Қазақстан астық одағы» ЗТБ ресми өкілі Қазбек Омаров  атсалысты. Айта кетейік, университетте 2004 жылдан бастап «АҚИҚАТ» саяси пікірсайыс клубы жұмыс істейді. Университеттің барлық институттарында бөлімшелер ашылған. Сондай-ақ, қаладағы 27 мектепте клубтың филиалы бар.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий