Ток – шоу: Ұстазымыз біз елдің

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Орал қаласы білім беру бөлімінің «Тұғыры биік Тәуелсіздік» марафоны аясында осыдан 30 жыл бұрын еліміздің азаттығының таңы арайлап атқан 1991 жылы еңбек жолын бастаған ұстаздар мен биылғы жылы еңбек жолын бастаған жас мамандар «Ұстазымыз біз елдің» қызықты ток-шоуында бас қосты, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы орталығындағы салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Қызықты ток-шоу студиясына 1991 жылғы еңбек жолын бастаған қазіргі уақытта Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназияның мұғалімдері Әлия Урбисенова, Мая Жанғалиева, Гүлбану Мұхамбетқалиева, Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей мұғалімі Альфия Абенова және 2021 жылы педагогикалық қызметке аяқ басқан жас мамандар – М.Ықсанов атындағы №36 мектептің мұғалімі Әсел Меңдешова, №1 мектептің мұғалімі Гүлден Елеуова және №20 мектеп мұғалімі Фариза Қошқарбаева және Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей мұғалімі Әлихан Сұлтанов шақырылды.

Аға ұстаздар мен жас мамандар алдымен ұстаздық жолға келудегі басты мақсаттары, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы білім жүйесі, 30 жылдың ішіндегі саладағы жаңа бетбұрыстар туралы әңгімелеп, қоғам, адамдардың көзқарасының өзгеруі мен заманға сай оқушылардың тәрбиесі туралы сұхбат құрды. Әр жұмыс күндерінің өтуі мен орын алған қызықты жағдаяттармен бөлісті. Әдемі сұхбат алаңы эстафеталық ойындармен жалғасты. Ұстаздар «Шындық дедекторынан» өтіп, қызықты сауалдарға жауап берді.

Әр замандағы оқушылармен кездесетін жағдаяттық оқиғалар ұсынылып, мұғалімдердің ой-пікірі, мәселені шешудегі ұтымды ұсыныстары тыңдалды. Бүгінде трендтегі «Баклажка ойыны» арқылы жас мамандардың ептілік қабілеттіліктері сыналды. Психологиялық үзілістен соң қызықты студиядағы шара 1991 жылы ел аузында болған және бүгінгі хит әндердің шеруіне ұласты. Ұстаздар ескі әндерді еске түсіріп, бірге орындады. Жас толқынның заманауи әндері де студияда шырқалды.

Айрықша шараны қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Тұрсын Теміршеева қорытындылады. Шараны ұйымдастырған Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей ұжымына алғысын айтып, ұлағатты ұстаздарды қызықты студияға жинаған Сәуле Талапқалиқызы мен қатысушыларға бөлім атынан алғыс хаттар ұсынды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий