Ұмытылмас күннің шуағы

2001 жылғы аналар мерекесі мені күтпеген үлкен қуанышта бөлегенін еш ұмытпаймын. Аудандағы 31000 халықтың 15500 әйел-аналар болса, солардың атынан Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қабылдауына қатынасу құрметіне ие болдым. Ең бірінші маған үлкен сенім артып кездесуге жіберген, олыстық маслихаттың  қазіргі хатшысы, сол кездегі Қызылқоға ауданының әкімі болған Әлібек Ибатоллаұлы Нәутиевке шексіз ризашылығымды білдіремін.

Атырау облысы бойынша Елбасы қабылдауына Махамбеттік Алма  есімді «Батыр ана»,  Ауғанстан мен Өзбекстаннан келген қандастарымыз атыраулық Ұлпан мен Жылойлық Гулмира, 1 – 2 топ мүгедектері мақаттық Галина мен исатайлық Балкүміс, балалары әскер қатарында жүрген аналар атыраулық Валентина мен Құрманғазылық Гүлжан, «Медет» шаруа қожалығының жетекшісі индерлік Орынша және облыс аппаратынан жетекшіміз Вера Павловна Кузняткина болып аттандық.

Облыстан баратын делегация мүшелерін 6 наурыз күні сол кездегі облыс әкімі С.Ж.Даукеев  пен облыс әкімінің орынбасары Р.Қ.Мурсалимова қабылдап біздермен пікірлесіп, сапарымызға сәттілік тілеп шығарып салды. Бізді «Астана» аэропортынан министрліктің бір топ өкілдері қарсы алып, «Окан Интер-Континенталь» отеліне орналастырды. 7 наурыз күні осы аталған  қонақ үй залында мерекелік басқосудың  салтанатты ашылуы болды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы істері және әйелдер жөніндегі ұлттық комиссияның сол кездегі төрайымы төрайымы А.Самақова еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегация  мүшелерін  құттықтап мерекелік шараны ашты.

Министрліктер мен ведомоство өкілдері жылы лебіздерін жолдап жатты. Сол күні Астана көшелеріндегі әсем  ғимраттар мен тұрғын үй кешендерін, жаңа алаңдағы Президент үйі, Парламент үйі, «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясы мен республикалық  Мұражайларды тамашаладық. Елорданың ажарын ашып тұрған  Мұз қалашығын араладық. Күндіз бізді  «Антимонополия агенттігі» қабылдап, мекеме басшысының  орынбасары  Құрманғалиев  Серік  мерекелік құттықтауын жолдады. Облыстан барған делегация  атынан  құрметтеріне  ризашылығымды білдіріп, жаңадан ашылған мұражайына  Қызылқоға ауданының тұрғыны, белгілі  қолөнерші  Жайлау Таласовтың  қолынан шыққан Шолақсай елді мекенінің  сазынан жасалған бұйымдарды  ескерткіш сыйлық  ретінде табыс  еттім.

Ал ұжым атынан құттықтаған Құрманғалиев Серик елтірі терісінен  тігілген кәжекейді маған сыйға тартты. Түстен кейін 15-00 де К.Байсейітова атындағы  опера-балет  театрында  өткен  салтанатты жиналысқа қатыстық. Асқақтай орындалған әнұраннан кейін  салтанатты  жиынды сол кездегі ҚР Премьер-Министрінің  орынбасары И.Н.Тасмағанбетов ашып, баяндама жасады. Сахнаға  ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен қошаметпен көтерілді. Мемлекет басшысы қасиетті Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған  үшінші мыңжылдықтың жаңа ғасырдың алғашқы, яғни бірінші рет Елбасы қабылдауына келіп отырған аналарды мерекесімен құттықтап көп балалы, мүгедек аналарға «Батыр ана» атағы  мен ҚР ның  Құрмет  Грамоталарын  табыс етті.

Соңынан төрт бөлімнен тұратын «Біржан Сара»  операсын тамашаладық. Сол күні мерекеге сай әсем безендірілген  Салтанат сарайына республика Министрлері, Сенат және Мәжіліс Депутаттары және шақырулы қонақтар жиналды. Жан- жақтан келген қонақтардың  көтеріңкі  көңілдері  мен шат күлкілері Елбасымен кездесуге деген қуанышы  мен толқынысын аңғартып жатты. Бұл қабылдауда Елбасының оң қанатындағы бірінші мерекелік дастарқанда  ҚР Қорғаныс Министрі   Сәт Тоқпақбаев,   ҚР Парламентінің Мәжіліс  депутаты Мария Бесбайқызы Жүйріктаева, Кубадан келген елші  Кармен  жұбайымен, Алматылық  ұйғыр қызы  Әсиям Кәрлінқызы Дәуітова, Павлодарлық «Ақ  көгершін»  жанұялық ансамбль мүшесі Балапан Ахмадиярқызы Садығазиналармен бірге   отыру  құрметіне  ие  болдым.

Халықаралық аналар күні 8  наурыз мерекесіне  арналған қабылдауды Қазақстан  Республикасының  Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев  ашып, «Бұл басқосуды барлық  аналарға  арналған ерекше құрмет  деп түсінуді, аналар  еңбегін ел  тәуелсіздігінен  бөле қарауға  болмайтындығын, себебі  тәй-тәй  басқан  тәуелсіз  еліміздің  әр  шаңырағының  ауыртпалығын  иығымен  көтеріп, бірлігін,  тірлігін аналарымыздың  сақтап  қалғандығын, Отан  отбасынан  басталады  десек,  отбасының  ұйтқысы   әйел-аналардың   ер  азаматтармен  бірдей  қоғамдағы  орнының  зор екендігін» атап  көрсетті. 

Мемлекет  басшысы  Қазақстан  Республикасын  Тәуелсіз  мемлекет ретінде  әлемдік деңгейде  мойындап  отырғандығына, ішкі саясатымыздың  тұрақтылығына, көп ұлтты мемлекетіміздің  ынтымақ-бірлігінің  арқасында  еліміздің  еңсесінің  биіктігіне тоқтала келе, Қазақстанның  өркениетті елдердің  қатарына  қосылып, дүние жүзі сыйлайтын  мемлекет  болып өркендейтініне  сенетінін, тәуелсіздік алған 10 жыл ішінде еліміздің ғасырға татитын  тарихи жолдан  өткенін, бұл жолдың  оңайлықпен  келмегенін, сол  күндердің айғағы  дүкендердің қаңыраған  сөрелері, 1 кг. шай мен май алу үшін қанша есікті  тоздырғанымызды  қарапайым тілмен мысал ретінде жеткізді.

Ол  кезді Қазақстанның  әрбір  азаматына  әсіресе, жас ұрпаққа  жеткізу, түсіндіру  ұстаздар қауымының  парызы  екеніне, сондықтан да Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы аясында өткізілетін шаралардың  той-домалақ  ретінде емес, белгілі  бір тәрбиелік  мәні бар  мақсатпен өтуін  баса айтты. Қабылдау  кезінде  аналардың  күтпеген  сәттеріне  әсіресе, әскери  міндеттерін  өтеп  жүрген  балалары  мен  аналарының  тікелей  байланыста қауышқан тебіреніс сәттеріне куә болдық.

Салтанатты  басқосуда  Әлібек  Дінішев,  Нұрлан Өнербаев  сынды басқа да танымал өнер  жұлдыздары өнер көрсетті. Елбасының  қарапайымдылығының   дәлелі  бізбен  бірге  өлең  айтып,  би  билеп басқосудың  ажарын  шырайландыра  түсті.  Жан-жақтан жиналған  аналар  бір-бірімізбен  қимай қоштастық.Астанаға  барғаннан, кеткенге дейін  біздің  делегациямен  ҚР Премьер Министрі кеңесесіндегі аймақтық  және  әлеуметтік  сала  бөлімінің  бас инспекторы  Төрекелдиев  Болат  Сбашұлы жетекшілік етіп бірге жүріп шығарып  салды.

8 наурыз күні  Атырау  аэропортынан  облыс  әкімі С.Ж.Дәукенов,  облыс әкімінің орынбасары Р.Қ.Мурсалимова, қала әкімі  Д.Н.Тұрғанов, көші-қон ұйымының  төрағасы  Имашев, облыс әкімшілігінің бөлім басшылары қарсы алған болатын. Аэропорт қонақ  залында  дайындалған  мерекелік  дастарқандағы біздерге арнаған   жылы лебіздері жүрегімізге  жылылық шуағын құйып жатты. Елбасымен кездесуге  барған  делегация  атынан бізге  көрсетілген үлкен құрметтері  үшін облыс  әкімі С.Ж.Дәукеновке, барлық істің басында  жүретін,  мықты  ұйымдастырушы  облыс  әкімінің  орынбасары  Р.Қ.Мурсалимоваға, аудан әкімі  Ә.И.Нәутиевке, барлық  аудан әкімдеріне  алғысымызды  білдірдік.

Және облыстың  барлық әйел аналарын  жаймашуақ  көктемнің  алғашқы  мерекесімен  құттықтап, соңынан Астанаға барған сапарымыз,  көрген  құрметіміз  бен кездесуден  алған  әсерлеріміз  туралы әңгімелеп  бердім. Бұл құрметті ел тәуелсіздігінің  жарқын  бір  белесі  деп  білемін. Осыдан жиырма жыл бұрын ұл көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болуым  менің  ұстаздық  жолыма  рухани күш  қосып, адастырмас  бағдаршам болғаны сөзсіз.  Елбасымен  кездесуім  өмірімдегі  ең  бір  ыстық, ең  бір  ұмытылмас  күн болып  есімде мәңгі қалады. Бүгінгі таңда  Атырау  қаласындағы  химия-биология  бағытындағы  Назарбаев  Зияткерлік мектебінде  еңбек  етіп жатқандығымды  мақтан етемін! Қазақстан Республикасының егемен ел болғанына міне биыл отыз жыл. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіміз мәңгі жасасын!

Дамели  Калиевна ИЗБАСҚАНОВА,
«Қазақстан Республикасы Білім беру
ісінің  үздігі» медалі,  «Ыбырай Алтынсарин»
белгісінің  иегері, жоғары санатты мұғалім

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий