Спандияр Көбеев – әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің жаршысы, гуманист педагог
«Оқытушы әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің жаршысы болуға тиіс», – дейді гуманист педагог, Ыбырай Алтынсариннің шәкірті Спандияр Көбеев. Спандияр Көбеев 1878 жылы бұрынғы Торғай облысы, Обаған болысына қарасты нөмірі үшінші ауылда – қазіргі Ақсуат ауылында дүниеге келген. Әкесi Көбей мұсылманша хат таныған, сабырлы, шыншыл, турашыл, бір алған бетінен қайтпайтын, өжет адам болған, тек қолөнерiмен күн көрген. Ол балаларын оқыту жағына көп көңіл бөлген.
Анасы Айтбоз өте қайратты, ақылды, ауылының ортақ анасы сияқты қадiрлi адам болған. Ол өзінің балаларына да, басқаларға да ұдайы: жамандыққа баспаңдар, шыншыл болыңдар, адал еңбек етіп күнелтіңдер, деп ақыл айтып отыратын. Әке-шешесiнiң үлгi тәрбиесi болашақ педогог-жазушының мiнез құлқының қалыптасуына көп әсер еткен. Мектеп жасына жетiп қалған бала бiрде әкесiмен бiрге сол кездегi дәулеттi кiсi Соқытбайдың ауылына барғанда, Ыбырай Алтынсариндi көредi. Көп кешiкпей сол ауылда ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин бiрiншi рет екi жылдық мектеп ашады.
1887 жылдың желтоқсанында Алтынсаринның тiкелей көмегiмен Спандияр сол мектепке алынады. Кейiн 1892–1895 жылдары Қарағайлыкөл деген жердегi төрт жылдық болыстық мектепте бiлiм алады да, 1895-1897 жыдары Қостанай қаласындағы Алтынсарин ашқан орыс-қазақ мектебiнде оқуын жалғастырады. Ұстазы Ы. Алтынсаринның қазасынан кейін, Спандияр оның ұстаздық қызмет жолын жалғастыруды арман етіп, Қостанай қаласында жаңадан ашылған екi жылдық педагогикалық курсқа түсiп, оны 1901 жылы бастауыш мектеп мұғалiмi деген мамандық бойынша бiтiрiп шығады.
Спандияр Көбеев – Абай, Ыбырай салған ағартушы-демократтық үлгідегі педагог-жазушы. Болашақ педагог-жазушы өзінің өмірлік мұратын мұғалімдікпен ұштастырады. «Ыбырайдың өлімі менің оқытушы боламын деген ынта-ниетімді біржолата баянды етіп бекітті», – дейді С.Көбеев. Өз халқына деген сүйіспеншілік пен оған білім шырағын жағуды үміт еткен жас Спандияр өз ауылында және оған таяу жердегі мектептерде орын болмағандықтан, Қостанайдан мың шақырымдай Ырғыз уезіндегі Толағай болысына қарайтын Кішіқұм деген жерге оқытушы болып барады.
Арнаулы салған мектеп үйінің жоқтығы, жабдықтар мен оқу құралдарының жетпеуі, ел ішіндегі балаларын орысша оқытуға наразы надан көзқарас – бәрімен жас мұғалім жалғыз күреседі. С.Көбеев балаларды Ыбырай әдісімен оқытады, ғылым негіздерін үйретеді. С.Көбеев ұстазы Ы.Алтынсарин тəрізді мұғалімдік қызмет пен жазушылықты шебер ұштасыра білді. Мұғалімдік қызметінің алғашқы жылдарында И.А.Крыловтың мысалдарын аударып, сабақтарында пайдаланады. Мұны ол ескі ауылдағы ұнамсыз мінез-құлық пен ел әкімдерінің, бай-шонжарлардың кертартпа көзқарастарын сынауға пайдаланады.
Жазушы өз естеліктерінде бірде бала оқытып жатқан үйге байдың жас төлдерді әкеп қамағанын әнгімелейді. «Үй менікі, бұл үйді салдырған менмін. Арық-тұрақ төлдерімді далаға қоя алмаймын… мына отырған қу маңқаларыңнан маған төл артық», – дейді бай. Бұған ыза болған Спандияр Крыловтың «Көлбақа мен Юпитер» атты мысалын аударып, бай қылығын әшкерелеуге жұмсайды. Осы жылдырда ол өзі Кішіқұмда бастап аударған Крылов мысалдарын көбейтіп, жөндеп, баспаға ұсынады. Ол аудармалары 1910 жылы Қазанда «Үлгілі тәржімә» деген атпен басылады.
Өзі оқытқан шәкірттерінің сыныптан тыс оқуына арнап орыс жазушылары мен ағартушыларының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударады. Ел ішіндегі түрлі оқиға, іс-әрекет пен Крыловтың мысалдары арасынан үндестік табады. Спандияр Көбеев бұл аудармалар арқылы қиянат жасау, әділетсіздік, надандық, мақтан сүйгіш, бос кеуделілік, ақымақтықты сынайды. «Маймыл мен көзілдірік», «Аққу, шортан һәм шаян», «Көлбақа мен Юпитер», «Арыстан мен маса», «Жапырақтар мен тамырлар» сияқты мысалдарға әр заттың қадір-қасиетін ұғынуды, бірлік пен ынтымақты сақтауды, шамасына қарап шарқын бағамдауды, көпшіліктің жұмылса жеңбейтін, алынбайтын қамалы болмайтынын айтады.
Ұстазы Ы.Алтынсаринның ізімен балаларға арналған оқу құралын жазуды қолға алған С.Көбеев 1912 жылы Қазан қаласында «Үлгілі бала» кітабын бастырады. Бастауыш сынып балаларына арналған бұл оқулықта ол орыс классиктерінің балаларға арналған әдебиет үлгілерін, қазақтың ауыз әдебиеті түрлерін, орыс мысалшыларының еңбектерін кіргізді. Сонымен қатар өзінің бірсыпыра төл шығармалары да бар. Олар – әлеуметтік теңсіздікті, зорлықты, үстем тап адамдарының қатыгездігін әшкерелейтін, жетім-жесірді аяуға үндейтін өлендер мен әңгімелер болды.
Бұл шығармалар баланы боссөзділік, өз мінін білмеушілік, жалқаулық, мақтанқұмарлық, қолдағыны місе тұтпаушылық сияқты жаман әдеттерден аулақ болуға, оның орнына адал, еңбекқор, қайырымды болып жетілуге тәрбиелейді. Спандияр Көбеевтің «Баланы семьяда тәрбиелеу» атты еңбегін әлі күнге дейін маңызды деп санауға болады. Ол: «Бала тәрбиесі қиын да, қызықты да жұмыс. Тек жалықпаған мұғалім ғана бұл жұмыста ойдағыдай нәтижеге жетеді. Дегенмен, баса айтатын жағдай мектеп тәрбиесі мен семьяның тәрбиесі тығыз ұштасып, бір жерден шыққан күнде бұл нәтиже әрі дәйекті, әрі тиянақты болмақ.
Оның себебі әр баланың мінезінің бір-біріне ұқсамайтыны сияқты, әр семьяның тәрбиесі де әркелкі. Әрбір ата-ана баласына өзінше ақыл айтып, өзінше тәрбие береді», – деп бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің ынтымақтаса жұмыс жасауына көп көңіл бөледі. Сонымен қатар бала тәрбиесіндегі келеңсіз жағдайларды өз тәжірибесінде қалай пайдаланғандығын да келесі жолдардан көруімізге болады.
«Үйде бетімен өскен баланың ілуде біреуі ғана жаңа ортаға күшпен үйренісіп, зорға көндігеді. Егер ондай бала мектепке келіп, мектеп тәлім-тәрбиесіне көндігіп кеткенмен де бір мінез шығармай қоймайды. Сондай істеген жарамсыз істері мектепте оқытушыларға да, үйде ата-анасына да уайым. Сөйтіп баланың ата-анасы біздің баланы қой, ол адам болмайды деп баласынан біржола күдер үзеді. Оны естіген бала ата-анасына көңілі қалып, мектептен де күдер үзіп, өзін бір панасыз, қорғансыз адамға есептеп кететіндері болады. Көңілденіп сабағын оқымай, мектепке кейде барып, кейде бармай, оқытқан оқытушының тілін кейде алып, кейде алмай жүретін әдетке ұшырайды. Ондай баланы бетімен жіберу қате іс. Баланың ата-анасы болып, мектеп болып, өзінің класының жиналысына салып, ол баланың ондай іс істемеймін деген уәдесін алып, ол балаға мектепте бір жауапты іс тапсырып, оның қалай орындайтынын бақылап, қадағалап отырса – сол баланың мектептегі алдыңғы қатарлы баланың бірі болуы сөзсіз».
«Баланың жас кезінен ер жеткенше, қандай адаммен жолдас болып, қандай балалармен ойнап-күліп жүргенін балалардың ата-анасы және мектеп бақылап жүруі керек. Егер баланың жолдас болып жүрген балалары ұнамсыз қылықты бала болса, өмірде ондай адаммен жолдас болудың зиянды екенін баласына әңгіме етіп, айтып отыруы керек». «Бала жас күнінен бастап әдептілікке, тәртіптілікке, өнегелі іске тәрбиеленуге тиіс. Баланы ақырып, жекіріп қорқыту өте зиянды. Бұдан баланың зәресі кетеді, өз семьясынан өзі қорқады, әке-шешесінен ешнәрсе сұрамай ішінен тынып отырады. Ондай балалар ынжықтанып, бір нәрсе істеуге әке-шешесінен бата алмай нашар болып өседі. Бұл өте қате.
Тәрбиеде көз жеткізу, түсіндіру басты шарт. Үй іші әрекетсіз, еңбексіз болмайды. Сол себепті баланы шама-шарқына қарай жұмсау жөн. Жасынан еңбекке баулынған бала ширақы, ыңғайлы болып өседі». «Ол киімді ұқыптылықпен киіп, төсек орнын дұрыс салып жату, тап-тұйнақтай етіп жинауға дағдыланып, жатарда үстіндегі киімін шешіп, бір жерге ілуі тиіс. Сонымен қатар тамақ ішіп болған соң ыдыс-аяқты жинауға, жуып, сүртіп дағдылануға тиіс. Қайткенмен де баланың ата-анасы, мектеп болып балалардың қамқоршысы болуы қажет».
Спандияр Көбеевтің қоғам қайраткері ретіндегі елі үшін жасаған келесі еңбектеріне де тоқталып өтуге болады. Ол соғыс жылдарының ауыр жағдайына қарамастан оқу жасындағы балаларды тегіс оқуға тартып, жеті жылдық мектепті он жылдық мектепке айналдыруға еңбек еткен. Оқудан бос уақыттарда оқытушыларды да, оқушыларды да колхоз шаруашылығына көмек көрсетуге жұмылдырған. Өзі бригадада үгітші боп, әрі балаларды масақ теруге бастап шыққан. Ауылда колхоздастыру дәуірінде де, кейінгі кездерде де өзі тұрған ауылдағы колхоздың өсуіне, өркендеуіне үлес қосқан. «Ақсуат» колхозының құрылуына себепші болған.
Көрнекті қоғам қайраткер Спандияр Көбеевтің халық ағарту қызметіне арнаған өлшеусіз қызметі жоғары бағаланып, 1939 жылы ол оқу-ағарту саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталды. 1944 жылы «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мұғалім» атағы берілді. 1946 жылы қазақ халқы Спандияр Көбеевті Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты етіп сайлады. «Бұл менің қолдан келген хал-қадерімше халыққа еткен қызметім үшін, өз халқына әлі де адал қызмет етсін деп халқымның маған, қарапайым оқытушыға көрсеткен зор сенімі еді, – дейді Спандияр Көбеев.
1947 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігі Спандияр Көбеевті «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» значогімен наградтады. С.Көбеевтің кез келген туындысынан оның ағартушылықты, балаға дұрыс тәрбие беруді мақсат тұтқан ниетін айқын аңғаруға болады. Оның 55 жыл ұстаздық қызмет атқару жолындағы балаларға сүйіспеншілік танытуын, ешкімге қиянат жасамай әділетті болуын, еңбекқорлығымен ұстаздық қызметінің биік шыңдарына шығуын кейінгі ұрпақ үлгі тұтуымыз керек. Біз де ұлы ұстаз Спандияр Көбеев сияқты елімізге, білім беру мен тәрбиелеу жолында адал қызмет етіп, ұстаздық қызметтің биік шыңдарынан көрінуге тырысайық!
Жанар Саткынбаевна БЕРДИБЕКОВА,
«Өзін-өзі тану» АҮД гуманитарлық колледжінің
қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы