Тәуелсіздік – тынысың Бүгінгі – дәулетің, ертеңгі – ырысың!

Биыл еліміздің тәуелсіздігіне отыз жыл. Азаттық – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы аңсауы болған, қазіргі уақытта кейінгі ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздіктің таңбасы таста жазылып, қаны қара жердің тамырына сіңген. Тәуелсіздік күні – мемлекеттің ең басты ұлттық мерекесі, басты құндылығы. Ғасырға бергісіз осы жылдар аралығында үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, стратегиялық жолды дұрыс таңдағанымызға халықаралық қауымдастықтың көзі жетті.

Бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын даярлауда біздің беделді оқу орны жоғары білім беру саласында көш бастап келеді. Қарағанды техникалық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Марат Кеңесұлы Ибатовтың бастамасымен университетімізде студент-жастарға тәрбие беру жұмыстары да жолға қойылған.

Жақында қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., доцент Қ. Қалыбекованың бастамасымен «Тәуелсіздік – тынысың, бүгінгі – дәулетің, ертеңгі – ырысың!» әдеби-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл басқосуға кафедраның аға оқытушылары п.ғ.м., Г.Сағатова, «Ұлттық тәрбие тағылымы» ғылыми-зерттеу үйірмесінің жетекшісі п.ғ.м., Ғ.Әбілқасов,  п.ғ.м., Ш.Жетпісбай және «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін» әлеуметтік жобасымен білім алып жатқан студенттер қатысты.

Басты мақсат – студенттерді елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу, еліміздің жетістіктерін дәріптеуді көздейді. Жүздесу студенттердің еліміздің мемлекеттік әнұранын шырқауымен басталды. Шараны жүргізген «Ұлттық тәрбие тағылымы» ғылыми-зерттеу үйірмесінің белді мүшесі Ертөре Жанғазиев бүгінгі іс-шараға қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтап, елімізді гүлдендіріп, тұрақтылық пен бейбітшілік мекеніне айналдыру үшін студенттерге жақсы оқу мен зор денсаулық, шығармашылық табыс пен таусылмас күш-қуат, ал отанымызға ашық аспан тіледі.

«Ұлттық тәрбие тағылымы» ғылыми-зерттеу үйірмесінің мүшесі, «Серпін» әлеуметтік жобасымен білім алып жатқан ПСК-21-1 тобының студенті Диас Сериков қазақтың қара домбырасымен «Ерке сылқым» күйін тартып іс-шараны ашып берді. «Серпін» әлеуметтік жобасымен білім алып жатқан СИБ-21-1 тобының студенттері Әрінбек Нұрсұлтан, Диас Умиргалиев бабаларымыздың қанымен, білегінің күшімен, найзасының ұшымен келген киелі де қасиетті тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгені туралы жасаған баяндамаларын оқып таныстырды. Ұлық мерекеміздің аясында дербестік жолында еліміздің жүріп өткен қадамдарына назар аударды.

ЦАФ-21-1 тобының студенттері Жақия  Алтынай «Менің елім» әнін шырқаса, Марал Әуелхан «Туған жерге» деген өлеңін оқыды. Келесіде студенттер «Қазақстан тәуелсіздік жылдарында» тақырыбында дайындаған таныстырылымдарын ұсынды. Арх-21-3 тобының студенті Симпилиди София «Тәуелсіздік жетістіктері» жобасында еліміздің саяси өміріндегі басты оқиғаларға тоқталды. Өз сөзінде алғашқы Ата заңның қабылдануы, Семей полигонының жабылуы, еліміздің БҰҰ-ның толыққанды мүшесі, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдарға мүше болғанына, ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі сияқты халықаралық экономикалық және басқа да жаһандық мәселелерге қатысқанын айрықша атап айтты.

МД-21-2 тобының студенті Махонин Егор «Тәуелсіздік жылдарындағы ғылымның дамуы» жобасында ғылымға қазақ ғалымдарының қосқан сүбелі еңбектеріне екпін берді. Қазақстан басқа шет елдермен бірге коронавирус пандемиясына қарсы QazVak вакцинасын әзірлеп, іске қосқанын да ұмытқан жоқ. МД-21-2 тобының студенті Киндсфатер Даниил «Тәуелсіздік жылдарындағы ІТ саласының дамуы» таныстырылымында отандық жобалардың нәтижелеріне екшеп, ең басты ерекшеліктеріне назар аударды.

Инженерлік білім беру бағдарламаларының мазмұны мен тиімділігіне, қазіргі заманғы технологиялардың даму деңгейі сөзболды. МД-21-2 тобының студенті Кудабаев Игорь «Тәуелсіздік жылдарындағы спорттың дамуы» жобасында үздік спортшыларымыздың халықаралық додалар мен байрақты бәсекелерде топ жарғанын айтып, қазіргі жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыруға барынша көңіл бөліне бастағандығына тоқталды.

Арх-21-3 тобының студенттері Наймиллер Яна, Мурзалина Айгерім, Рашитова Римма, Пак Юна, МД-21-2 тобының студенттері Абубакиров Адиль,  Ильин Владимир, Бекимов Дінмұхамед Тәуелсіздік күніне арналған жыр шумақтарын оқыса, МД-21-2 тобының студенттері Доценко Тимур мен  Жабагенов Даниярдың даярлап әкелген танымдық бағыттағы «Қазақстан – менің елім» тақырыбындағы тарих, өнер мен мәдениетке қатысты викториналық сұрақтарға жауап берумен жалғасты. Студенттер белсенді қатысқан іс-шарада МД-21-2 тобының студенті Кабдуахит Дархан ел мен жер туралы, достық пен білім туралы мақал-мәтелдер сайысын ұйымдастырды.

Студенттер мақал-мәтелдердегі жасырынған сөздерді тауып, халқымыздың нақыл сөздерінің тағылымды тұстарына тоқталды. Қорытынды кезеңде білімгер жастардың барлығы қосылып «Атамекен» әнін шырқады. «Тәуелсіздік құтты болсын, Туған жер!», «Туған күнің құтты болсын, Туған ел!», «Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, азаттығымыз баянды болсын!», – деген ізгі тілктерін жаудырып, естелік суретке түсті.

Гүлмира Сағынтайқызы БАЙПЕЛОВА,
Қарағанды техникалық университетіндегі
қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының
аға оқытушысы
Нұргүл Тұрсынқызы НЫҒМЕТОВА,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий