“Eco Jeli” өз жұмысын бастады
Елордадағы Халықаралық Бакалавриат мектебінде NIS-тің барлық экологиялық клубтарын біріктірген «Eco Jeli» атты жаңа жобасы салтанатты түрде ашылды. «Eco Jeli»-нің алғашқы шарасы «ECOhack NIS» онлайн стартап-жобаларының байқауы болды, ол қазіргі заманның жаһандық мәселелері – «Азық. Су. Энергия» тақырыбына арналды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева бүгінгі таңда экологиялық проблемалар бүкіл әлемде өзекті екенін ерекше атап өтті: – Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында «Eco Jeli» экоклубтар алаңы мен «Азық. Су. Энергия» хакатонының ашылуы біз үшін маңызды оқиға. Экологиялық мәселелер барлық саланы қамтитынын, оны бір мемлекет немесе бір ұйым шеше алмайтынын түсінеміз. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана әлемді жақсы жаққа өзгерте аламыз.
Елордадағы Халықаралық Бакалавриат мектебінің оқушысы және «Eco Jeli» алаңы көшбасшыларының бірі Сәнім Зейінғабыл 2021 жылдың қазан айынан бастап республиканың ресми экоамбассадоры болып тағайындалды:
– Біздің ең басты жетістігіміз – алға қойған мақсатымызға нық қадам басып, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің экологиялық желісін табысты ету. Бұл бастаманы еліміздегі экологиялық ахуалды дамытудағы үлкен қадам деп атауға болатынына сенімдімін. Біз біргеміз, өйткені «Eco Jeli»-нің басты мақсаты – қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу және іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру арқылы экоклубтардың жұмысын үйлестіру, жүйелеу және тиімділігін арттыру болып табылады. Біздің жеріміз бір, еліміз бір және болашағымыз бір, біз бірге өсеміз,– дейді Сәнім.
Нұр-Сұлтан қаласы НЗМ мектебінің эко-клуб белсенділері 2019-2020 жылдары 1000 кг макулатура жинап, тиісті мекемелерге тапсырған. Хакатонның бірінші күнінде ECO Network платформасының өкілі Анна Гударзи мен қазақстандық Start-time.kz краудфандинг платформасын жасаушы Азиза Өтегенова вебинарларда шағын бюджеті бар стартаптарды ілгерілету бойынша кеңестер және экологиялық кәсіпкерліктің басқа да аспектілерімен бөлісті.
Зияткерлік мектептердің экоклубтарына арналған вебинарлар мен сессиялар жалғасып, Хакатон аясындағы жобалар 2022 жылдың 25 ақпанына дейін созылады.
Загрузка...